» » Еңбек демалысы кезінде МӘМС мәртебесі сақталмаған жағдайда қайда жүгінеміз?

Еңбек демалысы кезінде МӘМС мәртебесі сақталмаған жағдайда қайда жүгінеміз?

30 күннен асатын жыл сайынғы демалысқа шыққан азаматтардың басым бөлігі сақтандырылған мәртебесінен айрылғандарын айтады. Оған бірден-бір себеп – жарналар әр айға жеке-жеке түсу керек. Ал жұмыс берушінің бухгалтериясы төлемнің дұрыс жасалғанына сенімді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жағдайды жан-жақты жіктеп, түсіндіріп берді.

2023 жылдың 1 маусымынан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы сұрақтармен 1414 қысқа нөміріне хабарласып, кеңес алады.  Оның нәтижесінде қабылданбайтын қоңыраулар саны 15 есе – 489,5 мыңнан 31,6 мыңға дейін қысқарды. Бұл ретте жауап берілген қоңыраулардың үлесі 2,4 есе өсті: бұрын ол 37%-ды құраса, қазір 88,5%-ға жетіп отыр.

   «1414-ке көшу кезінде қоңырау шалушыларды толық қамтып, жауап күту уақытын 5 минуттан 18 секундқа дейін қысқарту міндеттері қойылды. Яғни көрсеткіш 16 есе жақсарды деуге болады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Забира Оразалиева.

Спикердің айтуынша, адамдар көбіне мәртебесін тексеру үшін немесе  оны алу жолдарын сұрауға хабарласады. Мысалы, жазда және қараша айында 30 күннен астам күнге еңбек демалысына шығатын мұғалімдер мен дәрігерлер мәртебелерін қалпына келтіру жолдарын сұрап көп жүгінген. Яғни, мекеме бухгалтері демалысқа кеткен айға ғана жарна төлеп, келесі айда берешек қалыптасқан.

Бұл жағдайда не істеу керек?

«МӘМС туралы» Заңға сәйкес, сақтандырылған мәртебесін алу үшін өткен немесе алдағы 12 айға төлем болуы керек. Ал мәртебені сақтау үшін ай сайын үзбей жарна төлеп тұру қажет.  

Егер бір айды болсын өткізіп алса, қызметкер мәртебесін жоғалтады. Сол себепті жұмыс беруші қажет төлемдерді үзбей төлеу керек. Егер еңбек демалысы 30 күннен артық болса, МӘМС жарналары мен аударымдарын әр айға жеке жеке төлеу керек.

Еңбек кодексінің 90-бабының 1-тармағына сәйкес, демалыс күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Тиісінше, аударымдар мен жарналар әр айға есептеледі.  Еңбек демалысы бір айдан асса, МӘМС төлемдерін кезеңдер бойынша бөлу қажет.
Яғни, еңбек демалысы күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Сондықтан аударымдар мен жарналар әр айға түсуі керек.

Осылайша, демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтыса, МӘМС төлемдерін кезеңдер бойынша бөлу қажет.

 Бұл алгоритм 1С бухгалтерия бағдарламасында іске асырылды. 2020 жылдан бастап «Профессионально PRO1C» порталында, сондай-ақ Павлодар облысының білім саласының бухгалтердік есебі жүйесінде түсіндірмелер бар. Бұл ақпаратты қызметкерін ұзақ демалысқа жіберетін жұмыс берушілер назарға алуы тиіс.

Егер төлем қате жасалса

Еңбек демалысына шыққан барлық айларға жарна төленбесе, жұмыс беруші қате төленген аударымдар мен жарналарды қайтарып, жоғарыда көрсетілген алгоритмге сәйкес төлем жасай алады.

Төлемдерді қайтару тәртібімен Қор сайтына кіріп танысуға болады («МӘМС-ГИД» бөлімі, ары қарай «Пациенттер үшін» - «Қате немесе артық төленген аударымдар мен жарналарды қайтару қалай жүзеге асырылады?»).

Балама тәсіл

Бұдан бөлек, жұмыс беруші ұзақ еңбек демалысына шыққан қызметкер үшін ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде дербес төлеуші ретінде МӘМС жарналарын төлей алады (2023 жылы – айына 3500 теңге).

Жарналар 11 айға төленген болса

Қорда атап өткендей, 11 айдың жұмыс қорытындысы бойынша демалысқа шығатын адамдардан да өтініштер көптеп түседі. Яғни, олар үшін МӘМС жүйесіне 12 айға төлем жасалмағандықтан, сақтандырылған мәртебі болмайды. Жұмыс беруші ол үшін 12-ші төлемді жіберген кезде ғана мәртебе беріледі.

Кеңес алу үшін

Естеріңізге сала кетейік, 1414 байланыс орталығы қоңырауларды сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылдайды, ал баламалы байланыс арналары арқылы өтініштерді тәулік бойы қалдыруға болады.

 Қорда атап өткендей, операторлар мәртебені тексеру және жарналарды төлеу, емханаға тіркелу, медициналық көмек алу мәселелері бойынша көмектесе алады. Сондай-ақ, пациенттің құқығын түсіндіріп, МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтың мүмкіндіктері туралы айтып береді. Егер жағдай егжей-тегжейлі зерттеуді және медициналық ұйымнан түсініктеме алуды қажет етсе, онда өтініш екінші жолға беріледі. Қабылданған шешім өтініш берушіге хабарланады.

Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

•  Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
•  fms.kz ресми сайты
•  Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
•  1414 байланыс орталығы
•  Damumed мобильді қосымшасы
•  Halyk мобильді қосымшасы
•  BCC.KZ мобильді қосымшасы
•  Kaspi.kz мобильді қосымшасы
•  egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік   қызметі арқылы.
19 желтоқсан 2023 ж. 101 0