№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ашкөздік емі - уақып жасау

Ашкөздік емі - уақып жасау

Уақып – зекет емес. Зекет – фарыз, ал, уақып – сүннет амал. Зекет нысап мөлшері бар, ал уақыпта белгілі мөлшер жоқ. Қасиетті Құранда дәулетті адамдардың дүние игілік иелерінің қоғамдағы тұрмыстық жағынан аз қамтылған бөлігіне қамқорлық танытуы тиіс екені анық айтылған. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның сахабалары (Алла олардан разы болсын) да кейінгі мұсылман бауырларымызға үлгі етіп қалдырған.


Алла тағала қасиетті Құранда Бақара сүресінің 267-інші аятында: «Уа иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарылғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер» – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе бүкіл амалы тоқтайды, тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді деген. Жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және салиқалы ұрпақ (артынан дұға жасайтын).

Хадистегі жалғасып тұратын садақа ол тек уақып қана болатынын ғалымдар бір ауыздан қолдаған. Яғни уақып дегеніміз – үздіксіз беріліп тұратын садақа. Мәселен, ең алғаш уақып жасаған сахаба хазіреті Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иеленіп алады. Ол осыған дейін дәл ондай табыс таппаған екен, Пайғамбарымыздан(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) не істесем болады деп сұрайды. Сонда ол егер қаласаң уақып қылып жібер дейді. Яғни, одан түскен пайданы садақа қылып отыр дейді. Кейін оны ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп қояды. Түскен пайда тек садақаға беріліп отырады.

Құранда Әли – Имран сүресінің 92-інші аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» – делінген. Осы аят түскенде әбу Талха (Алла оған разы болсын) бірден амал етті. Сол кезде ол: «Уа Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен Байруханы Алла жолында садақа еттім» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте ол табыс әкеледі. Мен оны туыстарыңмен жақындарыңа беруді қалаймын, яғни дұрыс деп ойлаймын» – делінеді. Кейін оны жақындары мен туыстарына бөліп берді.

Хазіреті Османда (Алла оған разы болсын) үлкен уақып жасады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында ауыз су өте тапшы болатын. Сол заматта Рума деген құдық бір яхудидің иелігінде еді. Оны мұсылмандарға қымбатқа сататын. Пайғамбарымыз оған қынжылып: «Кім сол құдықты сатып алса жәннатта сондай құдығы болады» – деген кезде Хазіреті Осман ол құдықты саудалап, жартысын сатып алады. Әлгі яхуди жартысының өзін қымбатқа сатады. Жартысын алған Хазіреті Осман қуанады. Жартысы дегені, бір күн яхуди пайдаланады, бір күн Осман пайдаланады. Османға тиесілі күні халыққа су тегін беріледі. Ал яхудидің күні келгенде ешкім су алмай қояды. Кейін яхуди құдықтың екінші бөлігін Османға арзан бағаға сатып жібереді. Құдыққа толығымен егелік қылған Хазіреті Осман оны уақып етеді. Сол құдық көп уақыт, жылдар бойы халыққа қызмет етеді. Қазір Хазіреті Осман құдығы бар.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарқынды жұмысының нәтижесінде зекет, сауда-саттық және басқа да құқықтық жағдайларға қатысты мәселелердің қоғамдағы ауқымы артып келеді. Біз мақсат етіп отырған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры қоғамдағы түйткілді мәселені шешуді көркем түрде атқаруды бастады. Бұл қорға әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай демеу көрсетіп, қолда бар нығметтерді сауапты іске жұмсауды дағдыға айналдырса деген ниет. Бұл қордың ерекшелігі маңызы бар әлеуметтік жобаларды қолдай отырып, қайырымдылық шараларды атқарады. Әсіресе, діни алауыздықтың алдын алуға бағытталған деректі және көркем бейне фильмдер мен роликтерді шығаруға ықпал етеді.

Уақып қоры өзінің өміршеңдігімен құнды. Мысалы, сіздің бір алма бағыңыз бар делік, сіз соны уақып еттіңіз делік. Біреулер алма ағашы да қияметке дейін қурап қалады деуі мүмкін. Бірақ мынаны естен шығармау керек, сіз сол алма бағынан түскен пайданың бір бөлігін қайырымдылыққа, қалған бөлігін бау-бақшаны кеңейтуге немесе басқасын салуға жұмсайсыз. Сөйтіп бір уақыпқа жұмсаған қаржыңыз қияметке дейін айналымда болып, сауабы сарқылмай иесіне барып тұрады. Зекетте нисап мөлшері болса, уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал, уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу 10 қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, 17-ге жеткізіп, оның жетеуін садақаға беруге болады.

Осы орайда Исламның мұсылманның дүние-ақыретінің бәрін қамтыған дін екенін байқаймыз. Зекет арқылы істей алмағанды уақып арқылы істей аласыз. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, уақып – бизнес көзі емес. Демек «Уақып» қоры кәсібін дөңгелететін бизнес орталығы емес. Бар мақсаты – осы арқылы Ислам дінінің өркендеп, кең етек алуына ықпал ету. Өскелең ұрпақтың келешегінің имандылықпен қалануына үлес қосу. Мұсылман жұртына қарайласу. Кемел қоғам құруға ұмтылу үшін бірлескен түрде іс қылу.

Сонымен қатар бір мүлкін уақып етіп жатқан мұсылман «осыдан түскен қаржы тек Құран жаттап жатқан қариларға берілсін» деп айтса, сол шариғаттағы үкім секілді орындалуы міндет болады. Яғни оның қаржысы уақып еткен адам кімдерге берілсін дейді, сол уақып еткен мүлік жарамсыз болғанға дейін үкімі өзгермейді. Яғни аталған қаржы немесе пайдалануға берілген заттан түскен пайда мақсатты түрде жұмсалады.

Айта кететіні, Төменарық ауылының тұрғыны Досболат Жарқынбекұлы ауылдық «Әл Хақ» мешітінің алдынан заманауи техникалық талаптармен жабдықталған 2-қабатты 40 балаға арналған оқу орталығын салды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уақып» бөліміне ғимаратты уақып етіп, қазіргі таңда «Әбу Бәкір» қайырымдылық мекемесі ретінде облыстық Әділет басқармасына тіркеуден өтіп, заңды түрде жұмыс жасауда. Осы ғимаратта қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан «Нұр Мүбарак» Египет ислам университетін тәмамдап, елге қызмет етіп жатқан білікті маман Абылайхан Ермаханұлы 16 шәкірт дайындауда. Одан бөлек, Жаңақорған кенті, Төлеген Бердібаев көшесі бойынан (Батыс Еуропа-Батыс Қытай авто жолының бойы) заман талабына сай мешіт пен Қарилар даярлау орталығы бой көтерді. Қазіргі таңда мешіт аты «Айқожа ишан» аталып, облыстық Әділет басқармасына заңды түрде тіркеліп, жергілікті халық пен жолаушы азаматтарға қызметін жасауда. Қарилар даярлау орталығы 60 балаға арналып салынып, жақын арада қызметін бастайды. Осы ғимараттардың бой көтеруіне толық ықпал жасаған басты демеуші Талғат және Болат Азимханұлына жерлестері дән разы.

Егер біз осы уақыпты жаңғыртып істер болсақ қазіргі елде дерт болып жатқан ашкөздіктен құтылатын едік. Кімде-кім бір жақсылықты бастаса кейінгі қоштаған адамның бәрінің сауабын алады. Сондықтан да осы уақыпты жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үлгі әрі сауабына ие болуды нәсіп етсін.

Жеңісбек АШИМОВ,
Һисамиддин Сығанақи (Сунақ ата)
мешітінің бас имамы
27 желтоқсан 2023 ж. 359 0