№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сөз энергиясы

Сөз энергиясы


Қазақ сөзге ерекше мән берген халық. Бір ауыз сөзбен бір рулы елдің мәселесі шешіліп, мәмілеге келіп, бітіспес дауға нүкте қойылған, көңілдің кірі шайылған. Кешегі кеңестендіру кезінде кең даласын еркін кезіп, құт-қайнары кемерінен асқан сұлу тілімізге сұғанақ қолдар түрпідей тиіп, тікендей қадалды.
Алаштың арысы Жүсіпбек Аймауытов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 409 санында «Газет тілі қайтсе түзеледі?» деген мақаласында олпы-солпы аударылған шалақұрсақ сөздердің қаптап келе жатқанын қатты сынға алады. «Орысшадан аударылған сөздерге қарасақ томармен ұрғандай, жүйкеңді түйгіштеп, зырқылдата жөнеледі. Бұлай жалғаса берсе тіліміз қойыртпақталып шоқпыт болады, ел ұқпайды. Баспасөздің қадірі кетеді, оқымайды, зиян шегеміз» деп жанайқайын білдіреді.
Қазақ тілі сөз байлығын Абай мен Ахметтен асып игерген, әрі мен нәрін ашқан, бар қасиетін сарқа пайдаланған ешкім жоқ. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде 150 мың сөз бен сөз тіркесі бар екен.


Қазақ жерін орыстандыру саясатымен бірге келген кірме сөздерден арылудың жолын іздеген Ахмет Байтұрсынов кезінде қаншама терминдік аталымдарды төл тілімізге аударып кетті. Бұл сөздер мен сөз тіркестерінің барлығы ұлттың өз тілі секілді қазақ тілінің төл байлығына сіңісіп кетті. Ұлтқа тән ұғымды бұзбай, ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (неологизмдер) туғызды. Басқа тілден енген сөздерді ана тілінің үлгісіне, салт-санасына, рухына бағындырып аудару арқылы ғана жат емес, төл сөз тудыруға болатынын дәлелдеді. А.Байтұрсыновтың ұстанымын жалғас­тырушы кемел аудармашы, лингвист – ғалым Ісләм Жарылғапов та осы бағыттан танбады. Сөз жасамдарын түзгенде бұрыннан бар түпнегізге сүйенді. Атау туралы негізгі ұғымды тірек етіп алды. Мәселен Ісләм аға аударған аялдама, анықтама, жағажай, күнделік, көрермен, тыңдарман, зейнетақы деген сөздердің барлығы түпкі негізін танытып тұр емес пе? Бүгінгі аудармаға зер салғанда осындай ойға орамды, тілге жатық, түсінігімізге сәйкес теңеулерді таппай дал боласыз, мәселен, «қылтима» деген «тапқыр» сөзге тап келгенде кәдімгі балконымызға жете алмай зар боласыз.

Аузы дуалы, сөзі уәлі

Халқымызда осындай ұғым, ұла­ғатты тіркес бар. Қазақ тарихында, қай заманда, қай қоғамда болмасын, жетегінде көрінбейтін жолбарысы бар, төбесінде бұлты бар, аузы дуалы, сөзі уәлі, әрдайым айтқаны болып, көздегені келетін, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, қасиетті жандар аз болмаған. Міне, солардың арқасында қазақ көктеп-көгеріп, ес жиып, егемен мемлекет атанды.
Осы ретте хан Абылайдың түсін жорыған Бұқар жыраудың көрегенді­гіне тоқтала кетсек. Бұқар жырау: «Шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс өзіңнің бақ талайың. Сен өзің бір жолбарыс едің. Оның шөгіп, басын көтере алмай жатып алғаны – жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ талайың көтерілмейді. Баяғыдан бері жүріп-жүріп есіл Абылай сартта өліпті дегізбей, осы жерден аман-есеніңде қайта ғой. Екінші, аю болғаны – өзіңнен соңғы заман аюша алысып, өтетұғын заман болады. Оның соңында түлкі болғаны – түлкіше бұлаңдап жүріп күнелтетін заман болады. Онан қоян болғаны қоянша кебектен кебекке қорғалап жан сақтайтын амал болады» деген ғой.
Осыдан 300 жыл бұрын Мөңке айтқан:
Ала-шұбар тілің болады,
Дүдамалдау дінің болады
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі, биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Өтірік сөйлейтін, екі жүзді інің болады.
Әйелің базаршы болады, еркегің қазаншы болады,
Халықтың қанын сорған надандар болады,
Қабағын түйіп, қайыр тілейтін адамдар болады, – деуінде не мән бар?
Қазақтың сөз өнерінің киелілігі, кемелдігі сондай, таудай ұғымды бір-ақ сөйлеммен түйіндеп, зердеңізге құйып береді.
Кісіге мінездеме бергенде бір ғана тіркеспен тұлғаның бүкіл болмысын алақанда тұрғандай анық танытады. Мәселен, қызғаншақ адамды «Пейілі тар адамның ішінен қыл айналмайды» деп бір-ақ сөзбен түйрейді.
Табиғаттың әлі де адамзатқа белгісіз сырлары көп. Соның бірі – Қыдыр әулие.Халықта Қыдыр көрген бақ пен дәулетке кенеледі деген сенім бар. Ыбырай Жақаев осындай қыдырға кезіккен кісі болған. Тұла бойы күннің батар-батпас шапағына малынып, күріш атызының үстімен кебісі суға тиер-тимес ақ сақалды кісі келіп: Шырағым, ырысың осы жерден болады. Аумин! – деп бата беріпті. Сөйтті де ғайып болады. Есін жиса, «Әумин» деп күбірлеп тұр екен. Ыбырай ата бұл оқиғаны ешкімге айтпай, бір сыр етіп ішінде сақтаған. Қыдыр дарыған жердің даңқы туралы әлем таныды. Ал Ыбырай Жақаевтың нақыл сөздері елмен бірге әлі жасап келеді.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт», «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар», «Ел аш болса, тоқпын дегенің өтірік, ел тоқ болса жоқпын дегенің өтірік», «Көз – нұрдың ұясы, көңіл – сырдың ұясы». «Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің, кімнің алыс-жақынын іс түскенде білерсің», «Жорға мінген жолдастан айрылады, көп жасаған құрдастан айрылады» дегенЫбырай атаның мақал-мәтелдері нағыз өмірдің өзінен алынған даналықпен тең.
Көп ішінде көреген біреу болады көсемдігімен мысы басқан, оны көргенде ойы жаман наданның құты қашқан. Осынау үлгілі үрдісті үзіп алдық. Ар мен ақиқат мінберінен кім болса сол уәжін айтып, уәзірлік еткісі келеді қазірде. Мына әлеуметтік желілер осындайлардың айдарынан жел естіріп тұр.
Қазақ деген халықтың кейде баладай аңғал, кейде даладай дархан, кейде қара дауылдай дүлей, алған бетінен қайтпайтын намысқойлығымен қатар қабысқан бітім- болмыстары қаншалықты қарапайым болса соншалықты тұңғиық, терең. Оны кез келген кілтпен аша алмайсыз. Оны ашу үшін ой-өреңізде ұлт өнегесінің өзегі сақталуы керек. Ол өміршең өзектің қасиеті неде? Аға тұрып, іні сөйлегеннен безген әдет-дәстүрде. Ері алдында алға түсіп көлбеңдемеген әйел әдебінде. Ал біз не боп барамыз бүгін? Есті сөз егесін таппай, етектегі беттен алып, төске өрлеген күн туды.
Бүгінде желілерде, «Әділ сөз», «Тура сөз» деген айдармен айқұлақтанып ақыл айтқыштар көбейді. Айтып тұрғандары қазақтың қамы, халықтың жайы болып көрінгенімен құлаққа өтпейді, жүрекке жетпейді. Құр әшейін сөздің қадірін кетірген айқайшыларға ұқсап жүрегің­ді айнытады. Тура сөзді кім айтады, өмірден көрген-түйгені, тоқығаны көп, тарихты таразылай алатын, жақсы мен жаманның аражігін ажырата білер, алдымен өз құлқы таза, ой-мақсаты шынайы апайтөс азамат айтады. Оның сөзі өтімді. Тұла бойыңды қан қыздырып, намысыңды қамшылайды. Еріксіз бас идіреді. Тура сөзді айту үшін алдымен Тоқтар Әубәкіров болу керек. Нағыз сөз қуаты деп соны айт. Ал ешкім де болмай тұрып, елге жөн сілтеймін деу жүгенсіздік. Қазақ мұндайды «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?» деп бір-ақ сөзбен түйіндеген.

«Айналайында»
не қасиет бар?

Ешбір халықта кездеспейтін «айна­лайын» деген сөз бар. Атасы келініне айналайын десе төбесі көкке бір елі жетпейді, ері жарына айналайын десе алдын кесе өтпейді, әкесі ұлына айналайын десе арқаланып кетеді, анасы қызына айналайын десе құстай ұшып жетеді. Кім болсын, осы бір ауыз сөзге құштар, құмбыл, естігенде жүрегі еріксіз елжірейді. Көңілінде мейірім оянады. Ал енді сіз барша қауымды, елді айналған адамды көрдіңіз бе? Елді айналу үшін елдің ағасы, елдің анасы болу аз, халқыңды шын пейіліңмен елжірей сүюің керек. Сол кезде барып халқыңды жан-тәніңмен айналсаң құба-құп.
Бұқаралық ақпараттандыру қам-қа­ре­кетімен мәдени-көпшілік шара­лардан қалмаймыз. Сонда байқа­ға­нымыз, кө­біне-көп осынау елдік шара­лардың басы-қасынан табылып, тілектестік ле­бізін арнауға келгенде ел ағаларының «айналайынын» естімеген кезіміз жоқ. Осы «айналайыны» ол кісілердің мөлдір мейірімімен, шыныдай таза көңілімен, кең жүрегімен, бір сөзбен айтқанда, гуманизмге толы болмысымен біте қайнасып, керемет жарасып тұрады. Өйткені ол кісілер бұл сөзді жүрегі­мен айтады, маңдайыңнан сипағандай мейірленіп айтады. Қалың елге сіңірген шынайы қызметтері оларды осын­дай дәрежеге жеткізген. Сонда бұл «айналайын» деген сөз адам таңдайтын, жасандылықты қабылдамайтын киелі сөз болғаны ғой.
Мемлекет басшысы өткен тари­хымыздың өнегелі ты­нысын қайта жаңғырту, оның өзектілігін арттырып, Еуразия кеңістігі мен барша әлемге дәріптеуді ел алдына қойды. Көнер­ген сөздерімізді тірілту, тарихи дәс­түрлеріміздің ортақ негіздерін табу, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыру бүгінгі күн талабы. Осының барлығында біздің қуатты құралымыз бар. Ол – сөз. Оқырман ойлы сөзден қуат алады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 қараша 2023 ж. 301 0