» » Қызылордада 30-ға жуық волонтерлік топ бар

Қызылордада 30-ға жуық волонтерлік топ бар

Ресми ақпарат бойынша аймақта 2 мыңнан астам волонтер тіркелген. Бұған қоса, 30-ға жуық волонтерлік топ бар. Жылдан-жылға еріктілердің қатары көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Бүгін елімізде және жергілікті деңгейде волонтерлікті дамыту және қолдау шаралары жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.

«Біздің «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі еріктілерді қолдау мақсатында біршама іс-шара өткізеді. Оның қатарында еріктілердің біліктілігін жетілдіруде кіреді. Сондай-ақ әр өңірдің волонтерлік жұмыстары жайында үздік кейстар жинаймыз. Сол арқылы волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасын әзірлейміз. 2020 жылдан бастап осындай карта бойынша жұмыстар атқарылды. 3 жылды қорытындылап, жаңа картамен 2027 жылға дейін жұмыс істейтін боламыз. Жаңа картаны дайындаудың басты себебі – уақыт өткен сайын технологиямен қатар адамдардың ойлау қабілеті де дамып келеді. Сондықтан ескі картамен жұмыс істеу тиімсіз», - деді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.

Бүгінде облыстық волонтерлер фронт-офисімен қатар, барлық деңгейдегі «Жастар ресурстық орталықтары» жанынан аймақтық волонтерлер фронт-офистері құрылған. Сондай-ақ, өңірдегі 3 оқу орнының өз еріктілер ұйымы бар.

«Барлық оқу орындары тарапынан еріктілерді қаржылық ынталандыру, арнайы іс-сапарға жіберу, демалыс орындарына жолдама беру бойынша қолдау тетіктері қолға алынған. 2023 жылдың басынан бері Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Волонтерлер қозғалысымен жүзеге асырылған қайырымдылық шараларды қоса алғанда барлығы 183 түрлі бағыттағы шара өткізіліп, 7 мыңға жуық тұрғын тартылды. 5 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына өңірден үміткерлерді қатыстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Айта кету керек, жыл қорытындысымен үздік деп танылған 30 волонтерге «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын табыстау жоспарланып отыр», - деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
03 қазан 2023 ж. 114 0