№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САТИРАНЫҢ СҰР ЖЕБЕСІ, ОЙЫ МӘНДІ, СӨЗІ НӘРЛІ НҰРМАХАН

САТИРАНЫҢ СҰР ЖЕБЕСІ, ОЙЫ МӘНДІ, СӨЗІ НӘРЛІ НҰРМАХАН

Сыр – алты алаштың анасы деп аталады. Осы құнарлы топырақта өмірге келген ұрпақ арасында таланттылар да, дарындылар да аз емес. Сол алыптар ізбасарларының қатарында жазушы, сатирик Нұрмахан Елтай да бар. Сырдың сұлу сылдырына құлақ тосып, жағалауында ойнап өскен талантты ұл оның ғажайып сырын санасына сіңіріп өсті. Әуелгіде әскери қызметкер болғысы келіпті. Мүмкін сондықтан ба, айналаға әскери адамның көзқарасымен қарап өсіп, өзін солай тәрбиелей білгенін айтады өзі. Әскери адам әділ болу керек, тура сөйлеу керек, тура болу керек, өтірік айтпау керек дегенді түйіп өсіпті санасына.

Қиялы жүйрік ұланның саз балшықтан мүсін жасайтын өнері болыпты. Оқушы кезінде қабырға газетін шығарушылардың бірі болса, кейін кеңшардың жұмысында жүргенінде «Кең өріс» атты қабырға газетін шығарып малшылар мен осы салада еңбек ететін түрлі мамандық иелерінің күнделікті тіршілігін жариялап келіпті. Жырақтағы «Ұялы» деп аталатын фермадағы пунктке айналадағы малшылар арнайы келіп қабырға газетін оқып марқайып қалады екен. Жұртшылықтың осындай зор ықыласы жас тілшінің өз-өзіне сенімін бекемдеп, аудандық, облыстық басылымдарына мақалаларын жолдай бастады. Ал сатира саласына шындап бет бұруы 1975 жылы облыстық-республикалық газет-журналдарда әзіл-сықақтардың көптеп жариялануымен басталған болатын.

Иә, жазушылық үлкен өнер. Ал, осы өнердің ішіндегі аса қиыны балаларға арнап жазу және сын-сықақ жазу. Қаламгерлер ішінде балалар жазушылары мен сатириктердің сиректеу болуы себебі содан. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген сөз соның дәлелі. Сықақшы, жазушы Нұрмахан Назымханұлы қатардағы жұмысшылықтан бастап комсомол ұйымының хатшысы, жастар бригадасы¬ның бригадирі, кеңшар директорының орынбасары қызметтерінде жүріп те қолындағы қаламын тас¬тамады. 80-ші жылдары аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің сатиралық бетіне, кейін Лениншіл жастың «Сүзеген сөз», «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторына айналды. Облыстық «Сыр бойы» газетіне қызметке келгенде «Түрлі-түрлі бастар бар» сатира бетін ашып оның редакторы болды. Ал 90-шы жылдардан бері облыстық газеттің оңтүстік аудандардағы тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Мемлекеттік бағдарламалардың маңызы мен олардың орындалу барысын, жергілікті өмірдің тынысын БАҚ бетінде тұрақты жариялап, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік зор үлесін қосты. Оған қоса 2013 жылдан бері аймақтық «Шарайна Сейхун» газетінің директоры-редакторы ретінде баспасөз саласында елеулі еңбек сіңіріп келеді. «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері», қолына қалам алып, шығармашылықпен шұғылданған жарты ғасыр шамасында сатиралық оншақты және бірнеше деректі-публицистикалық кітаптары жарық көрді. Сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов жас таланттың бір топ әзіл-сықақтарына сәт-сапар тілеп, сол кездері әйгілі «Ара» журналына оның әзілдерін жариялады. Оның алғашқы сатира жинағын басып шығаруға көмектесті.

Нұрмахан Елтай бұл күнде қазақ сатириктері шоғырында өзіндік орны бар қаламгер. Кеше, Шие¬лі кентіндегі «Салатанатты сарайда өткен жазушы Нұрмахан Елтайдың 70 жасқа толуына орай өткен бенефис-шоу шыымылдығын ашқан бейнесюжетте қаламгердің бүгінге дейін өрнектелген өмір жолында осы деректер түгел қамтылды. Ашық-жарқын сырласу форматында кеш шығармашылық адамының өткен-кеткеніне есеп беріп қана қоймай, ерекшк тебіреніске түсірген тартымдылығымен көрерменді де еріксіз елжіретті.

Шараны Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп ашты. Ол қаламгердің өмір жолына тоқталып, Шиелі ауданы мәдени-саяси өмірінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлғаға аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының арнайы Құттықтауын оқып берді. Иығына шапан жауып, астына сәйгүлік мінгізді. Одан әрі ссөз алған Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова Сыр елі қаламгерлің қабілеті бір бөлне, қадір-қасиетіне де қанық, қарапайым еңбегімен қаншама жандардың қажетіне жарап, қорғаны бола білген қара сөздің саңлағы – Нұрмахан Елтайға Қазақстан Жазушылар Ода¬ғының Құрмет грамотасын табыстады. Мұнан әрі әдебиетші, КазҰУ-дың оқытушысы Ермахан Шайқұлы рухани мұраттас әріптесіне үлкен бағасын берді.

Салтанатты кештің қадірлі қонақтары ретінде шақырылған жазушының әріптестері қатарында ХҚТУ-дың профессоры Оңал Дүйсенов, ақын Дүйсенбек Аяшев, руханият жанашыры Алмас Нәлібаевтар сахна төрінен орын алды.
Төменде Нұрмахан Елтай туралы әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаевтың жазбасын беріп отырмыз.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН БІТІМДЕС САТИРИК

Асылы, адам баласы екі нәрсеге: біріншісі – табиғатқа тартып туады, екіншісі – қоғамына тартып қалыптасады. Әрине, екеуінің де ұғымы кең, ұлағаты терең. Табиғат дегеніміз – әуелі адамның әке-шешесі, яғни өз жұрты мен нағашы жұрты содан соң туған жері, туған жыл, ай-күні, тіпті туған сағат-секунды. Жаратқанның құдірет-шеберлігінде шек жоқ: жер бетінде қанша миллион қазақ бар, соның ішінде осы Сыр бойында, Шиелі мен Жаңақорған өңірінде туған қанша адам бар, бәрі бір-біріне ұқсамайды; ағайынды сегізді былай қойғанда, бірге туған егіздің өзінде едәуір айырма бар. Мұның себебі – біз айтқан туған әке-шеше, қос жұрт, туған жер, ауа райы табиғатынан, жарық дүниеге келген уақыт айырмашылығынан. Екінші: қоғамына қатысты дегеніміз – адамды отбасындағы таным-тәрбие, мектеп, ЖОО берген білім-білік, қоршаған ортадан көрген үлгі-өнеге, өсіріп-өндірген ел-жұрты тәлім-тағылымы қалыптастырады.

Айтпақшы, осы адамдардың арасындағы ақын-жазушы деген қауымның тағы бір ерекшелігі бар: ол – таланттылық, яғни қалам. Ол – қалам да адамға туа бітеді, дәлірек айтқанда, оған қаламды Құдайдың өзі сыйлаған. Алайда өмірде сол ақын-жазушылардың бірі – осал, бірі – орташа, ал біреуі – озық, мықты. Неге бұлай? Мұның себебі: жаратқанның сол талантты да адамша емес, тек өзінше – Құдайша бөлуіне байланысты болса керек. Енді сол бөлінген талант: от-шоқты иесі мен қоғам қалай жандырып, жалындатты, міне, мұнда да үлкен мән-мәселе жатыр.

Алдарыңыздағы әңгімемізді осылай өрбіте келіп, тікелей тақырыбымызға көшсек, алдымен «Нұрмахан Елтай – қандай қаламгер?» деген сауал туады. Бұл – тіпті ауып-аудан аймағынан асар, туған еліміз, оның ішінде Қызылорда халқы көкейіндегі де сұрақ десек қателеспеспіз. Бірден күлбілтелетпей, адамның көңіліне қарап, мақтай жөнелетін жаман әдетімізге баспай, ашығын айтсақ, Нұрмахан Елтай – мал байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі Нар қаламгер. Қазіргі қазақ сатирасы сайыпқыран сарбаздарының бірі. Адам-Азамат ретінде де Ірі. Бүгінгі еліміздегі барша алаштың белгілі жазушысы.
Бұл әділдіктен тайып, асыра айту емес пе?!
Жоқ. Өйткені мұны мен айтып тұрмын. Ал қалың әдеби қауым сыншы Бақыт Сарбалаевтың қашаннан-ақ жолдан таймайтынын ақиқаттан аттамайтынын біледі. Бұған – дәлел ретінде кезінде Қазақстанның Халық жазушысы атанғандардың да кішкентай ақын екенін айғақтап, әйгілі Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзаәлілерден де ірі кемшіліктер орын алғанын көрсетуім, жұртқа өте танымал болса да Шөмішбай Сариев, Жүрсін Ермандардың да менің тізіміме іліне қоймауын алға тартуыма болады. Екінші және ең басты дәлел – Нұрмахан Елтайдың төл шығармашылығы, «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм» тәрізді сатиралық-сықақ кітаптары.

Екі туыс

Бір бөтелкені алып ортаға
егемендігімізді жуып отыр.
Әңгімені былайша қуып отыр.
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады екен;
ірілі-уақты техникасы сай болады екен.
Жанармайы да көп секілді,
өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.
Өздері болады екен ұқыпты,
Дүние жүзінде осылай
бірінші орынға шығыпты.
– Ойпырмай, ә!
– Жапондықтар
Радиотехникадан мықты,
теледидарлары да жеп-жеңіл,
Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.
Ойпырмай, ә!...
Түріктер де епсекті.
Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті.
кереметтерді істейді.
Кілемдерінің бағасы
«Мировой рыноктардан түспейді
– Ойпырмай, ә!
Ары қарай әлгі екі туыс немістерге, итальяндықтарға, бразилиялықтарға таңданады. «Үндінің киносы-ай», «Грузиннің виносы-ай!» Тағы да 5 рет «Ойпырмай, ә!» дейді. Оқырман-сыншы ретінде біздің де айтарымыз – осындай: «Ойпырмай, ә!».
– Ал біздің қандастар ше.
– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге
Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді...
– Ойпырмай, ә!
Нағыз өкініш, езу тартып күлер гөй-гөй, ызалы мысқылға ұласар «Ойпырмай, ә!» осы. Ой-ой!
Нұрмахан Елтай бұл сықақты жазып, ащы өмір шындығын ашқалы, «ат тарта алмайтын мінімізді» бетімізге басқалы арада ең кемі 20 жылдан астам уақыт өтіпті. 1990 жылдардың басы мен ортасындағы ахуал бұл. Бүгінде не өзгерді? Алға аршындап американдарша бастық па? Жапондықтардың өкшесін бастық па? Түріктерді тақымдадық па? Өнерді сүю жөніне итальяндықтарға жақындадық па? Демесек те бөстік. Әрине, көп өстік. Табысымыз да баршылық. Десек те сөз көп те, іргелі іс, із аз. Ендеше 1990 жылдардың ортасында жазылған бұл сықақ әлі ескірмейді. Есімізді кіргізер, өткір салтында, өміршең қалпында қала береді.

Мұндай шындыққа бақсақ, шығарма жазылған жылына байланысты ғұмыр кешпейді; оның тағдырын әрқашан көркемдік өресі, қазақ әдбиетінде көтерілген төбесі шешеді. Шағын сатиралық туындыларды шыңға неге шырқап шықпайды деп шаршамай-ақ қоялық; ол өлең өрісіндегі өз орнын тапса, төл көктөбесін тұрғызып, сөнбес шырақ-отын жақса, одан артық не керек? Сүйініштісі – мұндай ақ жебесі бар, жеке Көктөбесі бар сықақтар Нұрмаханның 1998 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген екінші «Қатырамыз» жинағында баршылық. Кітаптың беташар өлеңінде-ақ «Ойпырмай, ә!» дегізген ол қалған туындыларында да жайбарақат қалдырмайды; «Сабыр, сабыр, көкесі», «Дұр-е-ес» дегізеді; немесе «Қақпағы қайда қазанның», «Қайдан шыққан жау?» дегендей салмақты сұрақтар, үтір, «Көп нүктелер» қойғызып, «Шатасқан есеп» – бойларға, отбасы берекесін бұзған «Тамаша ойларға» қатты опық жегізеді.

Нұрмахан Елтай – тек сатирик ақын ғана емес. Ол – қаламы қарымды журналист. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің көп жылдардан бері Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі. Маңызды мақалалары, қаламмен сурет салғандай эссе-сырлары, қысқа да нұсқа, өмірден ойып алғандай түйдек сөздері көп. Қара сөзбен де сын-сықақтарды көсілтіп жаза алатыны өз алдына, көп жастарға жағалы аға екенін айтпағанда, талай-талай үлкендердің де ізетті інісі. Асылы, абзал Азамат. Бұрын танымайтындардың өзі бір тілдескенде, әйтпесе етене сыйласып-сырласқан, араласқандардың ашылып сала берер тынысы. Тағдыр табыстырып, өмірдің сеңін бұзып, кенін бірге қазғанда – табаны таймас сенімді дос, ал жазғанда (амалсыз қайталауға тура келеді) әр сөзінен сәуле себілер Қаламгер. Нақ осындай жазушы болғандықтан да Нұрмаханның сөзі – өзі деп білсек, ол «Үшінші тайм» («Айтұмар» баспасы, 2011 жыл) атты шоң кітабында да шырайлы, шуақты көрінеді. Автор бірінші бөліміне жаңа сықақ өлеңдерін топтастыра отырып, екінші «Қақпа алдында» атты бөліміне өзі өмірден көрген, халық аузынан терген алуан сырларын да, әсіресе ел ішіндегі өмірден өткен атақты ағалар мен қазір де ортамызда жүрген жайсаң замандастар – «Ауыл айтқыштарының» тауып айтқан сөздерін, тапқырлық мінездерін жинақтап, алға тартыпты біз тізбелеген адамдық-азаматтық қырларын да жомарт ұсыныпты. Бұл бөлім қалғандарынан екі есе қалың. Ең бастысы – көп жерінде-ақ жанып тұр шоқ, жалын. Бұл тұста Нұрмахан зерек жинаушылық, халық ортасындағы ұлылар мен жүрегі жылыларға зерделі жанашырлық көрсетіп қана қоймай, ел іші – асыл сөз кенішінен небір жауһарларды алға тартқан, асыл қазынамызға айналдырған. Өмірдің – «футбол ойынының» қақпа алдындағы ақ тер – көк тер арпалыс-қарбаласынан небір тарихи сәттер, мерген суреттер ұсынған.

Жалпы, Нұрмахан Елтайдың қайсыбір шығармасымен де осылай танысып, көп нәрсені біліп, көп нәрсеге күліп, әттеген-ай деп өкініп, айызың қана опынып, табыса беруге болады. Ең негізгісі – оның кітаптарын оқу керек. Тек кітаптан көздің ұшымен оқымай, сахнада оқылғанда құлақтың қалқанымен ғана тыңдамай, көңілге тоқу керек.

Жоғарыда біз сөзді адамның, оның ішінде бүгінгі әріптесіміз Н.Елтайдың да табиғатқа тартып туғанынан бекер бастаған жоқпыз. Нұрмахан Елтай да – туған жеріне, туған халқына тартып жаралған жазушы. Соның ішінде де ол туған күніне көбірек тартқан десек тіпті мергендік танытар едік. Иә, қыркүйектің 28-і - құтты күн. Бұл – ұлы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Қазіргі заманның Қызыл Жебесі Шерхан Мұртаза мен Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Содан соң біздің Сыр бойының саңлақ сатиригі Нұрмахан Елтайдың жарық дүние табалдырығын аттаған күні. Өмірді түзер өлең сөзі самсап, қамал бұзар қара сөзі қоғамымыздағы қалың жауға: надандық пен тексіздікке, жамандық пен бетсіздікке сүйек кесер көбе, жұлып түсер жебе болып қаптаған күні. Бұл – Нұрмахан Елтайдың бірінші ерекшелігі.

Екінші ерекшелігі – Нұрмахан Елтай халықтық тілмен қарапайым жазғанмен, әрбір туындысының әлеуметтік қатпары қалың, астары терең, айтары ажарлы, әдеби байлығы базарлы нағыз Бейімбет Майлин бітімдес сатирик.

Сөзімді түйіндерде ұлы Максим Горькийдің 1912 жылы әріптес қаламгер И.Д.Сургучевқа жазған хатында: «Рустағы ең жауапты және қиын қызмет – патшаның қызметі емес, әдебиетшінің қызметі» екенін айтып ол егер «өзін шын мәнінде әдебиетшімін деп сезінсе, тек қана әдебиетші қалпында қалуын» талап еткені ойыма оралып отыр. Нұрмаханға Құдай берген қаламды Адам-тәңірлер де да ала алмайды.
Демек біз енді әріптес қаламгер, халыққа дос, халыққа қызметші әкімге көңілі қош Нұрмахан Елтайға, барыңа қанағаттанып қалмай, алдағы уақытта Басты кітабыңды жаз, Өмірде де, өнерде де бұдан да биік белестерге көтеріле бер демекпіз.

БАҚЫТ САРБАЛАЕВ,
жазушы, әдебиет сыншысы,
Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты
02 қазан 2023 ж. 333 0