ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ҚАҒИДАТТЫ ҚҰЖАТЫ
Конституциялық тәртіп пен заңдардың әділеттілігін қамтамасыз ету мемлекеттің ең басты міндеті. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау айрықша маңызға ие. Ал заңдылықты одан әрі күшейтуде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялы түрде биылғы жылдың 5 қараша күні еліміз үшін ең маңызды деген 6 заңға қол қойды. Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, Бас прокуратураның өкілеттігі кеңейтіліп, рөлі күшейетіні белгілі болды.
Өзін құқықтық мемлекет ретінде жариялаған барша мемлекеттің заңнамасында Конституция талаптарының сақталуын қадағалау әртүрлі мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне жүктелген. Өйткені бұл саладағы негізгі мәселелерде конституциялық бақылауды жүзеге асыруда прокуратура қызметі ерекше орын алатынын атап өту керек. Әуелі өткен тарих беттеріне сәл шолу жасасақ. Қазақстанда алғаш құрылған Конституциялық сот сол кездері үш жылға жетер-жетпес уақыт қолданыста болса, одан кейін құрылған Конституциялық кеңес жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен конституциялық бақылауды дамытуға айтарлықтай үлес қосты.
Әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өткен Президент азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуда наурыз айындағы Жолдауында Конституциялық сот құру туралы ұсынысты жариялады. Артынша, маусым айында өткен референдумда еліміздегі конституциялық бақылауды Конституциялық сот жүзеге асыруы қажеттігін қоғам болып қолдадық. Осы тұста заңға қол қою рәсіміне кіріспес бұрын мемлекет басшысы заңдарды шұғыл қабылдаған депутаттарға, жұмыс атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне, сондай-ақ заңнамалық актілерді әзірлеуге жан-жақты атсалысқан барлық азаматқа ризашылығын білдірді. Өйткені Конституциялық реформаға енген өзгеріс нәтижесінде әрбір тұрғынның әл-ауқаты артып, еліміздің болашағына ықпал етуі тиіс.
Енді қабылданған заңдардың ішінде «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңға кеңінен тоқталып өтсем.
Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық Заң мәртебесі беріліп, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқық қорғау функциясы біршама күшейтілді. Бұл еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң. Енді осы заң аясында прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі артып, құзыреті кеңейетін болады. Мәселен, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге Бас прокуратура жауапты болады. Бұған дейін прокуратураның қызметі заң бойынша регламенттелген болатын. Жаңа өзгеріс бойынша прокуратураның құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңда белгіленеді. Осылайша бас прокуратураның құқық қорғау функциясы күшейді.
Ал «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңның 9-бабы 16-тармақшасында Бас Прокурорға Конституциялық сотқа жүгіну құқықығы берілген. Бұл ерекше мүмкіндік. Өйткені Конституциялық сотқа кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. Ондай мүмкіндік тек Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген. Нақтырақ айтсақ, Бас Прокурор Конституциялық сотқа нормативтік-құқықтық актілер бойынша ресми түсініктеме беру үшін жүгінеді. Тіпті Бас Прокурордың өтінішімен Конституция нормаларына қатысты ресми түсіндіруді талап етуге ұсыныстар енгізу мүмкіндігі тағы бар.
Сондай-ақ «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы бойынша енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен қатар кәсіпкерлік субъектілерін тексеру құқығына ие болды. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Барлығын оңды-солды тексере алмайды. Заңның 3-тарауы 18-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі.
Келесі өзеріс 32-бап бойынша заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндірме енгізілді. Ендігіде прокурорлар заңды түсіндіру жұмыстарын тек ауызша жеткізумен шектелмейді. Бұдан кейін заңды түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жазбаша, ауызша не жария нысанда түсіндіреді.
Сонымен қатар бұрын прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жедел іздестіру қызметі бойынша екі жағдайда ғана нұсқау бере алса, қазір осылармен бірге әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге, мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша да жазбаша нұсқаулар бере алады. Бұрынғы Заңда прокурор тек қана тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою туралы қаулыларды ғана қабылдайтын. Ал жаңа заңда прокурор жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы, күзетпен ұстау, жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация есебінде тұрған адамдарға қатысты тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою, лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін тексеру не өтінішті қарау аяқталғанға дейін үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарады. Заңда бұл қаулылардың барлығы міндетті түрде орындалуға жатады. Осылайша жаңа заңда прокурордың қандай жағдайда қаулы шығаратындығы нақты көрсетілген. Ал соңғы өзгеріс Прокурор өз құзыретіне сәйкес құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізуге құқылы. Яғни, қажеттілік туындаған жағдайда прокурор тиісті тәртіптерді сақтай отырып, кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады.
Сондай-ақ, заңға сәйкес прокуратура органдары келесі санаттардағы жолданымдарды (өтініштер) қарайды:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қалпына келтіру бойынша, егер олар физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және басқа да мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ адамдардың шексіз шеңберін өз бетінше қорғай алмаса;
2) адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер кіретін уәкілетті орган тиісінше қамтамасыз етпесе немесе мұндай орган болмаған жағдайда;
3) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншiк нысанына қарамастан өзге де ұйымдар араласқан жағдайда олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға және қалпына келтiруге;
4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiру;
5) жойылмауы адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заң бұзушылық фактілері бойынша;
6) Президенттің тапсырмалары бойынша;
7) Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша;
«Нашар заңдармен және білікті қызметкерлермен елді толық басқаруға болады. Ал егер қызметкер нашар болса, ешқандай тамаша заң да көмектесе алмайды» деген сөз бар. Бұдан шығатын қорытынды әрбір қызметкер өз міндеті мен құзыретіне сай жүктелген жауапкершілікті сезінетін, білікті әрі тәрбиелі маман болуға тиіс. Кәсіби деңгейінің өлшемін жақсы білетін маман ғана қадір-қасиетінің құнын түсірмейді. Жаңа заманға бет алған әділетті Қазақстан осыны талап етеді.
Дабыл АЯНҰЛЫ
Жаңақорған ауданының прокуроры