Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының өз ана тілінде сауатын ашып, білімді болғанын қалаған ағартушы. Ол елінің болашағы үшін аянбай тер төгіп, газет, журналдар шығарған. Ел арасында оқу жайынан пікір тастап, қарапайым бұқараға мектеп ашып, қазақ балаларының көзін ашқан ұлт ұстазы еді. Ғалымның «Әліпбиі» мен «Оқу құралы» тұңғыш сауат ашатын кітаптарымыз болса, оның бірнеше рет қайта басылып шығуы сол кезеңдегі қазақ арасында білімнің аса қажет екендігін білдірген.
Қазақ сөзінің қисынын (теориясын) қиыстырып, көркем сөйлеу тілін ғылым тіліне айналдырып, тіл-құрал етіп әдіптеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінде де көшбасшы болып, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің негізін қалады. Әлем қаншалықты дамыса, Қазақстан республикасы көштен қалмай іргелесіп соншалықты дамып келеді. Еліміздің алға қояр мәселелерінің бірден–бірі ол тіл. Осы орайда айтар болса, барлығымызға мәлім латын әрпіне ауысу еді.
Бүгінде ел көлемінде кириллициядан латын графикасына көшу жөнінде талап зор. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондайақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты. Жаңа әліпбиге көшу арқылы тәуелсіздікті баянды етуге, өркениетті елдердің қатарына қосылуға ұмтылуы еліміздің рухани жаңғыруға елдің дайын екенін танытты. Осылайша жаңа қазақ тілі әліпбиіне көшу – әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол, бүкіл түрік әлемімен бұрынғыдан да жақындаса түсудің басты факторы. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын жеңілдетеді. Ұлы ағартушымыз: «Біздің заманымыз–жазу заманы»,– деген. Академик Өмірзақ Айтбайұлы «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» деген баяндамасында жаңа әліпби жасаудың оңай шаруа емес екенін айта келіп, бір дыбысқа бір таңба бекітуді ұсынды.
«Ахмет Байтұрсынұлы тілдің заңдылығын терең зерттеп, әрбір таңба мен дыбысты жүйеге келтірген. Қазіргі қолға алынған латын әліпбиін осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен әліпбиге негіздеп жасау керек» деген ойын білдірді.
Білім ғылымнан кенже қалған, мал бағып марғау жатқан қазақ халқын сол қараңғылықтан маса болып ызыңдап оятып, алып шығуды күрес жолының мақсаты етіп қояды. Ахмет Байтұрсыновтың ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терминдерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты.
Ағартушы, ғалым ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынов өз заманында елі үшін ерен еңбегін жасап кетті. Қазақ қоғамын «маса» болып оятып, «қырық мысалымен» ойын айқын жеткізе білді. Ол тек айтып кеткен жоқ, әрекетін жасап, қазақ балаларының ғана емес, қоғамның көзін ашты. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы.
Ботагөз Бекмаханова