Қожамберді ауылында мемлекеттік-жекелік әріптестік негізінде салынып жатқан спорт комплексінің құрылысына 2019 жылы тұңғыш түрен түскен. Жерді белгілеп, іргетасын қалап, қабырғасы толық бітіп үлгірмеді, пандемия басталып, жұмыс аяқсыз қалды. Бұл жағдай талапты іске тәуекел етіп, нар жұмысты еңсеруді нәзік иығына жүктенуден қаймықпаған қаракөз – осы ауылдың келіні Ділматаева Эльмираның жанына қатты батқандай.
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген бар ғой. Ер азаматтармен теңдей қайрат қылып, қаншама іргелі бастамаларды баянды іске асыра білген арудың осы қолға алған ісі қашан біржақты болғанша ұйқысы шала болып келгені анық. Осы көктем қайта қимыл-әрекетке кіріскен кәсіпкер қыздың жұмысын сұрап, үлкен ұлы Нұрперзент екеуінің жоба-жоспарымен бөліскен едік. Содан бері екі-үш ай зымырап өте шықты. Сәрсенбінің сәтінде ауылда салынып жатқан спорт комплексін көрмекке арнайы жолға шықтық. Елдің шетіне кіргеннен сұлбасы көзге ілініп, менмұндалап тұрған ғимараттың жалпы көлемі 1000 шаршы метр, биіктіігі 8 метрге жуықтайды. Іші-сырты толық сыланып, терезелері салыныпты. Енді еденіне кафель төселіп, жылу батареялары қойылады. Миллион теңгеге жылыту пешін әкеп орнатыпты. Электр кабельдері жүргізіліп, ол да біткен есебінде. Осы жұмыстармен таныстырған Эльмира спорт кешенінің екі қабатын толық аралатып шықты.
– Мынау үлкен залды волейбол және баскетболға арнаймыз, – деді ол. Жанында ұлдар мен қыздарға екі бөлек киініп-шешінетін бөлме, оған жапсарлас мынау кішілеу кабинет – методист қызметкерлер үшін екенін айтты. Ал екінші қабатында күрес, бокс секциясына лайықталған зал, одан бөлек тренажер бөлмесін жасақтау жоспарланып отыр екен.
Қаншама жұмысты аз ғана уақытта тиянақтап үлгіруге жанын салған өз ісінің шеберлерінің жан-жағына қарауға да уақыты жоқ». Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, қыруар тірліктің көзін тауып, еңсеріле түскен енапат тірлік ерікжігерін еселеген еңбек адамдарының маңдай тері моншақтай жылтырайды.
Қос кешеннің қадасы қатар қағылды
Мемлекеттік жекелік әріптестік негізінде ірі жобаларға жүрексінбейтін кәсіпкер азаматтарды ауыл жағдайын оңалтуға тартып, инвестор ретінде пайдаланып қалуға ұмтыла білмейтін әкім-қаралардың сылбырлығына сын айтқан сол кездегі аудан басшылығы ның қатаң ескертуінен соң қос жеңін сыбанып дайын тұрған қаракөзге алдымен қолқа салып үлгірген Сунақата ауылының әкімі болыпты. «Эльмира – ау, алдыңғы кезекте өз ауылыңды жиып қойып, Сунақата жаққа қалауың түскені қалай?» деген сауалымыздың жауабы осы.
Қожамберділіктер спорт комплексіне лайықты жер таңдаймыз, шешімін шығарамыз деп жүргенінде осы талаптың барлығын сақадай сай еткен көрші ауылдың территориясында ойдағы жұмыстың қадасы қағылып та үлгеріпті. Негізінде кәсіпкердің бастапқы жоспары спорт комплексін екі бірдей ауылда қатар бастап, қатар аяқтау болған екен. Оған лайықты әлеуетіне де сенгенін айтады. Сол қарқынмен Сунақата спорт комплексі іске қосылып, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет көрсетіп келе жатқанына үш жылға жуықтады. Құдай бұйыртса, Қожамберді ауылындағы спорт сарайы да аз күнде қақпасын ауыл тұрғындарына айқара ашатын болады.
Осы шілде мен тамыз жұмыскерлерді жұмылдырып құмбыл іске кіріскен азаматтарға аудан басшылығы тарапынан Білім күніне дейін құрылысты сақадай-сай ел игілігіне беру сенімі артылып отыр. Қазір, шынына келгенде іс басындағы саусақпен санарлықтай ғана адамның жан-жағына қарауға шамасы жоқ екенін байқадық. Құрылысты толық бітіруді міндетіне алып, жалданып жұмыс істеп жүргендер жағы бір бөлек, осы ауылдың азаматтары бір мезгіл болса да жұмыстың жайын біліп барып, жабылып айналасын реттеп, құм жайып беріп болса да жәрдемін көрсетіп қойса, қырық бұраулы жұмыстың қиыр-шиырымен санаға салмақ түсіп, қарадай қажып жүрген шынашақтай аруға ол да күш, ол да қуат болар еді-ау. Бірдің емес, елдің ортақ игілігі ғой. Осыны жас әкім ескермей жүрсе де жөн білетін ескі көздердің ескергені қажет-ақ.
Баян Алаудинқызы