» » БАЙКЕНЖЕДЕ БАЯНДЫ БАСТАМА КӨП

БАЙКЕНЖЕДЕ БАЯНДЫ БАСТАМА КӨП

Әлемде ірі уран өндіруші құрылым ретінде танылып отырған «Казатомпром» компаниясына қарасты «Қызылқұм», «Байкен-U» ЖШС-ның жұмысы өңір тынысына жаңа леп әкеле алды  ма? Мидай далада геологиялық барлау жұмыстары басталып, кен қабаттары анықталған соң өндірістік зонаның құрылысына жалғасқан бұл аумақта кеншілер қалашығы түскені мәлім. Біздің бағытымыз – кешегі кеңестік кезеңде «Алмалық» жеміс-жидек совхозы аталған, оған қатарлас бөлімшелерінің де шаруашылығы дүрілдеген, бүгінде Байкенже ауылдық округін құрап қанаттас жатқан елді мекендердің жай-жағдайымен танысуға арналды.
Алпауыт компанияның қоластындағы құрылымның қолтығында отырған шөкімдей ауыл шөміштен ауыз тиіп отырғанның өзінде шырайына қан жүгірсе керек. Сөйтіп елестетеді екенбіз. Солай болса керек қой. Бірақ ауылдың тынысын жіті аңдап қарағанға үйіп-төгілген құрғақ уәде болмаса шаруаның шекесі шылқи  қоймапты. Өндіріс дамыса өңірдің дамығаны деп өндіршекті созғаннан гөрі өздігінше әрекетке көшкен округ басшылығының бастамасымен соңғы бес жылдың бедерінде шынайы әрекеттер қолға алынып, ол  бірсін-бірсін нәтижесін беріп келеді екен.
Бұған Байкенже ауылдық округіне арнайы іссапарға шығып, елді мекенді  бастан-аяқ аралап шыққанымызда нақты көз жеткізгендейміз.
Алдымен ауыл әкімдігінің кеңсесіне соғып едік, ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы  Балтабай Серкінбайұлы мен қоғамдастық кеңесінің төрағасы Сматулла Бекмұрзаевты  қарсы кездестірдік. Жұмыс  күні кеңсе жағалап жұрген бұл ағалардың жар құлағы жастыққа тимей осы ауылдың кезекті бір мәселесін кеңеспек ниеттері кейіннен бізге де мәлім болды. Оны кейін, мақаламыздың соңына қалдырайық. Ал әзірге бізді қонақ ретінде қабылдап, хал сұрасу осы кісілердің құзырына өтті. Еліңде егең бар ма деген осы, әкім балалары – Нұрғали Әлайдарұлы сырқаттанып, Алматының ауруханасында жатыр екен. орнын жоқтатпай ақсақалдар осындағы бас мамандармен бірігіп алдымызға түсіп, Сұлтанмахмұт ақынның өлеңінде: «Бір үйде жиюлы екен қазына мал, көрсетті бәрін бізге ақсақал шал. «Бұрынғы атамызға сыйға берген, біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегеніндей, ауылдың бар жақсысын көрсетуге асық.

Жақында ғана ауыл әкімі кеңсесі оң қапталынан өздерінің дербес бюджеті есебінен  «Жастар аллеясын» ашыпты. Айналасы қоршалып, туған жеріміздің түлегі, талантты мүсінші Ғазиз Әбибуллаевтың архитектуралық ансамблі айрықша көрініс тапқан алаң көз қызығарлықтай. Осы қаржы есебінен салынған қатарында көкпеңбек шым төселген  спорттық ойын алаңы былтырдан ауыл жеткіншектерінің игілігінде. Саябақ маңы қызылды-жасылды гүлдермен көмкерілген, емен де семен келіп жатқан аяқ су жайына келсек, өздері Талап топтық су құбырына қосылғаннан кейін бұрын ауыз суға тұтынған  мұнарадан келетін суды бау-бақшалыққа бұрыпты.
Байкенженің орталығындағы ойын алаңқайына да жаңадан газон төселіпті. Ескі клуб үйі жөнделіп, кітапхана осында жұмыс жасап тұр екен. Ал ауылдағы каналдан өтетін көпірді «Байкен-U» мекемесі талаптағыдай етіп, тас тұғырдан мықтап бекітіп, ауыл тұрғындарын разы етіпті. Сонымен қатар, 2021 жылы кеніш басшылығы 15 млн-ға балаларға ойын алаңқайын салып беріпті. Қаз-қатар кішкентайларға арналған ойын және жаттығу құралдары қойылған алаңқай маңы кешқұрым сәбилердің шат күлкісіне толады екен. Біз одан әрі ауыл ортасындағы саябаққа қарай жүрдік. Ежелден орны бар еңселі саябақты қамқорлыққа алған ауыл азаматтары Бегахмет және  Бақыт Бей¬сенбекұлдары қалтадан қаржы құйып, айналасын безендіруге көп жұмыс жасапты, сахнасын жаңартыпты. Қаз-қатар орындықтар қойып, бастырма соқтырыпты. Оның аясында түрлі жиын, мерекелік шаралар өткізіледі екен. Кең де, самаладай жарық, қызыл-жасыл гүлге көмкерілген саябақ ішіне кешқұрым ауылдың үлкен-кішісі сейілдеп, демалып қайтса, балалары арнайы әткеншектерде ойынды қыздырып келеді. Осындайда өздері алыста жүрсе де туған жерім деп соққан жүрекпен жыл сайын демеу көосетіп келе жатқан азаматтарға елдің алғыстан басқа айтары жоқ.

БАЙКЕНЖЕ МЕН
ВОЛЕЙБОЛ – ЕГІЗ ҰҒЫМ
Волейбол ойыны Байкенженің атын елімізге кең көлемде танымал ет¬ті. Республикалық сайыстарға да облыстан баратын құрамада Байкен¬женің жігіттері намысты қолдан бер¬мей келеді. Кеніш ашылғалы бері «Казатомпром» командалары да бай¬кенжелік сайыпқырандарды алды¬ға тұтып, алғы орыннан танылып келеді. Өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылдарынан бастау алған спорттың бұл түріне құмарлық сабақтаса жалғасып, Октябрь ағаларының ізін басқан ұрпақ көші осы ұлағатынан танған емес. Содан ба, Байкенженің бес жасар баласынан бастап есік алдына құрылған торда волейбол ойынына шынығуды бастайды. Бұл туралы байкенжелік спортшыларға арналған «Ауылдан олимпиадаға дейін» деп аталатын кітабымызда жан-жақты баяндалады. Спортқа қызығушылық бос уақытты тиімді пайдаланудың тетігі ғана емес, ол өзара намыс пен бірліктің туын көтерген жастарды жеңімпаздық мінез-құлыққа, асқақ рухқа тәрбиелеудің жарқын үлгісі ғой.
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ
ӨЗ-ӨЗІН ЕҢБЕКПЕН
ҚАМТУҒА ТАЛАПТЫ
Біз одан әрі ауыл маңында қазығын тіккен агроаймақты көруге бет түзедік. Биыл ауыл әкімдігінің бастамасымен 20 гектар аумақ қоршалып, ауылдағы егіс егемін деген азаматтарға жан-жақты жағдай жасалыпты. Егіннің жаны – су. К-2 коллекторынан келіп жатқан су насос арқылы егінге сарылдап құйылып, бұрынғыдай кезектеп суару мехнаты құрдымға кетіпті. Кешегі кеңестік шаруашылық кезінде ырғын егін жайқалып, тары, шемішке, қауын-қарбызымен аты шыққан айнала тың жер көптен  кетпен жүзі тимей, кеберсіп жатқанымен, енді диқан алақанының жылуымен жап-жасыл алқапқа айналып, жерге тастаған дәннің желегімен құлпырып тұр. Еңбеккерлер жүзі де ерекше жарқын. Еткен еңбек, төккен терінің жемісі көз алдында самаладай салып тұрғанының өзінің бар бейнетті ұмыттырар ерекше қуанышын ұқтық. Көбінің сардаланың самалын жұта жүріп жан терге түскен енапат еңбекті сағынып қалғаны да көрініп тұр.
Ең бастысы, елді мекенге су келді. Қанша жыл көзі бітелген каналдарды тазалау жөнінде  құрғақ уәде болғанмен нақты жүмыс болмай ауыл халқының әбіржіңкіреп қалғанын жасырмады ағайын. Содан ауыл басшылығы, өңірімізден сайланған облыстық мәслихаттың депуттары бар, тізе қосып, жұмыс жасап, Күркіреуік каналының 5 км жерін, Билібайға кіретін «Ұралықтың» 2,5 км аумағын лайқадан тазартып, судың көзін аашыпты. Ауыл әкімдігі егін егетін аймаққа қарай 11 млн теңгеге алынған су насосын іске қосып, ол сарылдап су айдап тұр. Мұндай насос бұдан өзге тоғыз елді мекенге  алынғанынан хабарымыз бар еді, олар істеп тұр ма екен өзі? Бұл жақтағылар брак боп шыққан моторды жөндеп беруге оның шыққан жері – Өскемен зауытынан маман шақырып, іске қостырыпты.
Сонымен агроаймаққа да келдік. Егіс басындағылар жанымызға жиналып қалды. Әрқайсысы өз меншігіне аоған жердегі егісімен мақтанғысы келеді.
– Ауыл әкімдігі 20 гектар жерді қоршалап, техникамен жыртқызып, дайындап берсе, егін екпей неміз бар? – дейді осында бас құрап жұмысқа кіріскен азаматтар атынан сөз алған Құрманға¬ли. Мал азығындық дақылдарды да дайындап алмақпыз. Жоңышқа ектік. Былтыр мал шөбінен қатты қиналдық қой. Қолымызда тұрған малдың жем-шөбін қамтамасыз етсек үлкен жетістік дейді ол. Он алты отбасының егелері – Ғалымжан, Қуаныш, Әскербек, Әбдіманап, Дәурен, Бауыржан, тіпті ауылдың имамы Мадияр Қалмырзаұлын да осы егістіктің басында кездестірдік. Барлығы да бала-шағаның несібесі, мамыр айынан бастап қызу іске кірісіп кетіпті. Дақылдардан картоп, пияз, қауын-қарбыздан бөлек мал азығындық жүгері мен жоңышқа да кең алқапты алып жатыр. Жеміс құртына қарсы зиянкестерге дәрі шашуды ұй¬ымдастырған диқандар арнайы аппа¬ратты сатып алғандарын айтады. Ал енді топырақты өңдеу мәселесіне келсек, мал көңінің  қарапайым тыңайтқыш ретінде пайдасы көл-көсір. Тегін тыңайтқышты техникамен тасымалдап, қарауындағы жерге төгіп алыпты бәрі. Еңбек адамдарының құмбыл тірлігі өзгелердің де құлшынысын оятқаны мәлім, келер жылы ауылдан біраз адам егін егуге талаптанып отыр екен. Жақсы іске біздің де көңіліміз жадырады.
Ия, жағдай жасаса ауыл адамдары еңбектен қашпайды. Тек табиғаттың мейірімі түсіп, ауа райы қарасып, кештеу қимылға кіріскен диқан еңбегінің есесі түгенделсе екен деген тілекпен тарқастық егістік басынан.
БІЛІМ ОШАҒЫ
ЖАҢАЛАНДЫ
Билібай ауылындағы білім ошағының іші-сыртына күрделі жөндеу керектігі жөнінде де халық қалаулыларының алдына мәселе қойылып, олар ауылдағы мектепті өздері көзбен көріп, қолға алатыны жөнінде уәде берген еді. Соның нәтижесінде биыл 7,5 млн теңге қаржы бөлініп, мектептің сырты жаңа үлгіде қапталыпты. Енді жаңадан спорт зал мен асхана қосу бағытында сметасы жасалып, дайын тұр екен. Облыстық білім департаментінен екі бірдей пән кабинетін жабдықтауға инвентарьлары келіп тұр екен. Енді Билібайдың білімпаз өрендері интерактивті тақтасы, жаңа құрылғылар қойылған жарық бөлмеде жаңа оқу жылын бастамақ.
ТАЛАП ҚЫЛСА ЕР ЕГЕР,
ЕЛ ТАҒДЫРЫ КӨГЕРЕР
Осындай жақсы жұмыстардың бар¬лығы талапты азаматтардың арқасында ғой. Бұл жерде халық өзі таңдап сайлап алған ауыл әкімдеріне де көп нәрсе байланысты. Байкенже ауылдық округіне 2017 жылдан бастап әкім болып келген Нұрғали Әлайдарұлы осы ауылдың азаматы. Байкенжедегі орта мектепті бітірген соң Түркістан медициналық колледжіне түсіп, еңбек жолын ауылдық ФАП-тың меңгерушісі болып бастаған. Заңгерлік мамандықты кейін жоғары оқу орнына түсіп меңгеріпті. БТИ мекемесінде, аудандық қаржы бөлімінде он жыл заңгерлік саласында жинаған тәжірибесі мол. Одан әрі аудан әкімі аппаратында мемлекеттік құқық бөлімін басқарды. Екі жыл Өзгент ауылының әкімі болып жұмыс істеді. Осыдан бес жыл бұрын оны ауыл  адамдары аттай қалап ауылға әкім етіп сайлады. Бұл ең алғаш елге қызметін ақ желеңді дәрігер ретінде бастаған іші-сырты бірдей ақ, адал азаматқа ауған көңілдің шынайы көрінісі ме, әлде құқық жағынан құзыреті бөлек маманға зәрулік басым ба,  аражігін өздері де тап басып айта алмайды. Бәлкім, екеуі де. Ең бастысы – елдің сенімі ғой.
Біздің ауыл әкімімен телефон арқылы байланысуымызға тура келді.
– Байкенже ауылдық округінде 1517 халық тұрады. 252-ге жуық түтін бар. Ауылда күнкөріс көзін қалыптастыратын мүмкіндік тудыруға көп жұмыстар атқарылды, – дейді ол Ол үшін ең бастысы елмен етене жұмыс жасап, халық үніне құлақ асуға тиіспіз. Сонда барлық мәселе шешіледі.
Нұрғали Әлайдарұлы басшылыққа келген күннен бастап ауылдың қо¬ғамдастық кеңесімен ақылдаса отырып, алдағы күндерге ортақ жоба айқындауға күш салыпты. Бұл жұмыс¬тарға ауылдағы әйелдер кеңесі мен жатар ұйымы да шетқақпай қалмауға тиіс. Ауылда ең бірінші қажеттілік жарық мәселесін шешуде тозығы жеткен электр жүйелері кабельдері мен бағаналарды жаңарту кезек күттірмейді. Бірақ оны әл-әзір жаңарту жұмысын КРЭК-тің қолға алар жобасы байқалмады. Ауыл басшылығы зыр жүгіріп жұмыс жасап, жергілікті бюджеттен 5,5 млн теңге қаржы бөлдіріп, 4 көшенің столбалары жаңаланды. Тағы төрт көшенің сымдары жаңаланып жатыр екен. Ол біткен кезде ауыл кө¬шелерінің жетпіс пайызы жаңартылып бітеді деген сөз. Негізінде бұл жұмыстар аудандық бюджеттен емес, арнайы салалық басқарма арқылы шешілуге тиіс екен. Бірақ заңгер азамат бюджеттік Кодекс заңдарын зерделеп, бағдарла¬ма ерекшеліктеріне орай қаржыны бұрудың заңдылығын тауып, оны ау¬дандық мәслихат басшылығы алғаш эксперимент ретінде қолданып көруге сөзін өткізіп, қаржы бөлдіруі нәтижесінде елді мекеннің жарықтандырылуы бір жүйеге түсті. Игілігін халық көріп отыр. Байкенжедегі жұмыстардың көп көлемі елді мекеннің дербес бюджетінің нәтижесінде атқарылып жатқаны да көңіл сүйсінтеді. Кейбір ауыл әкімдері ауылындағы азғантай кәсіпкеріне ие болып, салығын төлете алмай жүргенде байкенжеліктер салық түсімдерін биыл 1 млн 800 мың теңгеге артық орындап, ол қаншама ауылішілік жұмыстардың жүзеге асуына сеп болды. Іс тетігін тауып, тәртіпті жолға қойған әкім тәжірибесінен түйгеніміз, ел басшылығы ең бастысы есепті жолға қойыпты. Ауылда қанша жеке кәсіп нүктелері бар, қосымша зауыттан тіркелген көліктер саны қанша, кеніштегі бұрғылау техникалары, адам және жүк тасымалы, барлығының іс-қимылы, қозғалысы жүйелі бақылауда. Жалтаруға, жасы¬рынып қалуға жол берілмейді. Жер¬гілікті салықтан түскен қаражаттың өзімен-ақ көшелерді жөндеуге көңіл қойылыпты. Ауылда бас-аяғы 20 көшенің 30 пайызы асфальттанды. 5 көшенің сметасы жасалып, жол жөндеу басқармасына ұсынылып отыр. Халық санының аздығынан «Ауыл – ел тіре¬гі» бағдарламасына енбей қалыпты. Келер жылдан бастап облыс, аудан бюджетінен шешілер деген үмітте. Әзірге 4 көше асфальттанып, 2,5 км жаңа жол салыныпты. Екі көше есімі берілген кісілердің ұрпақтарының демеушілігімен ретке келтіріліпті. Екі канал тазаланса, енді алдағы уақытта «Дәңбай» каналын тазалауды бюджеттік ұсынымға ендіріп отыр екен.
Өзі әкімдікке келген 2017 жылдары ауылда жеке кәсіпшілік саны оншгақты болса, қазір олардың саны 70-ті құрап отыр. Елде қайтарымсыз несие, грант алуға ынталылары саны артып отырғанын айтты.
Елде түйткілді проблема да жоқ емес екен. Оны ауданға жаңадан әкім болып келген Мұрат Жолкелдіұлы осы ауылға екі-үш мәрте келген сапарын¬да елмен кездесуінде егжей-тегжейлі тыңдап, шешу шараларына кірісіп кетті. Осы бағытта үш мәселе де ауыл маңындағы компаниялардың жергілікті халықтың жанайқайына мойын бұрмай келген енжарлығынан орын алып отыр екен. Біріншісі, бұрын жиырма минутта жетіп баратын ата-бабалары жатқан зиратқа жергілікті халық төте жол кеніштің шекарасында жабық зонаға айналғаны себепті 120-130 км айналып баруға мәжбүр. Әрбір қазалы үйде мүрде жөнелту де, әке-шешесі басына құран оқып қайту мәселесі де қиындап, тығырыққа тіреліп отырған жайы бар екен. Екіншісі, кеніш аймағы шегенделмегендіктен ауыл малдары уран аймағына өтіп кетіп не уланып, не қалдық су толған шұңқырларына түсіп кетіп жантәсілім етуде. Мал ашуы – жан ашуы, жергілікті тұрғындар бұған да наразы. Үшінші, ауылдың егістігіне су айдайтын мотордың ор¬нына ток көзімен басқарылатын электр станциясын орнатып берсе дейді. Жер¬гілікті халықтың мұң-мұқтажына орай орындалуына екпін салған жаңа әкімнің тегеурінді талабынан кейін жанды қозғалыс бар. Кеше-бүгін кеніш басшылығы жерді сызып, айналаны бағдарлап жобалау жұмыстарымен жүргенін білдік.
Көп мүддесіне бағытталған талапты ерлердің еңбегі жансын дейміз де.
Баян ҮСЕЙІНОВА
06 тамыз 2022 ж. 606 0