№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әжетхана қағазын өндіреді

Әжетхана қағазын өндіреді


Соңғы үш жылдың ішінде Жаңақорғанда өнім өндіру ісі, шағын кәсіпкерлік көкжиегі қарқын ала бастады. Әсіресе, биыл бізде жаңалық көп. Кір сабын, құрылыс заттары мен тұрмысқа қажетті басқа да тауарлар шығара бастадық. Енді міне, әжетхана қағазын да өндіруді қолға алдық. Шолпан Сүлейменованың тағы бір шеберханасы жаңа кәсіппен толығып, Қызылорда қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауында назарға ілікті.

Ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің қызметін жандандыруға ынталандыру мақсатындағы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Президенттің Жарлығымен 2006 жылдан бастап елімізде жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Дәстүрлі шара биыл үш номинация бойынша өтті. Біздің «Мейрамбек» ЖК-нің әжетхана қағазының өзгелердің өнімінен еш кемдігі жоқ деп, көптің ықыласы ауды.

Жалпы, Шолпан қызын Сыр жұрты, жаңақорғандықтар жақсы таниды. Бұған дейін кәсіпкер тойтабаққа арналған кәдесыйға түрлі әшекейлер жасап, арнайы стакандарды дизайнмен әрлейтінін еді. Одан бөлек, футболкаларға сурет салып, жазу жазатын, қосымша есік алдына жылыжай егіп, қияр өсіруді қолға алғанын айтқанбыз. Енді міне ауданда алғашқы болып қағаз ісін қолға алып, жаңа бір жобаны жүзеге асырды.

Уақыт оздырмай «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған ауданы бойынша директоры Асылжан Жолдасбековке хабарласып, мән-жайды сұрап, кәсіпкер шеберханасына жол жүрдік. Бізді Шолпан апай күтіп алып, шағын цехқа жол бастады.

– Әзірге өнімді өзіміздің дүкен сөрелерінен табуға болады. Экспорт жағына бара алмай жатырмыз, себебі, тапсырыс қабылдауға толықтай дайын болуымыз керек. Бұйырса, күзден бастап тапсырыс қабылдап, мекемелермен келісім-шартқа отыратын боламыз. Біздің мақсат аудан көлемін қамтып қою ғана емес, аймақ нарығына жол тарту. Біз бастаған кәсіп әлі облыста қолға алынбаған екен. Сондықтан уақыт күттірмей етек-жеңімізді жиып, іске кірісетін боламыз, – деді кәсіп иесі.

Иә, Сыр өңірінде әжетхана қағазын шығаратын бизнес жоқ, сондықтан мүмкіндік бар кезде өнімді экспорттау керек. Айтпақшы, өнімнің атауы – «Жаңақорған» деп аталады. Өзге сауда нүктесінде де өзіміздің өнім екенін бірден біле қоясыз.

– Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы 6 проценттік несие арқылы 5 млн қаржы алып, екі құрылғыны әкеліп орнаттық. Қағаз шикізаты Шымкенттен келетін болса, сыртқы қабатын Алматыдан алдыртамыз, дизайны өзімізден. Қазір қарамағымда 5 жұмысшы бар, өзіме қолғанат болып, қай кәсіп болмасын алып жүрген балаларымның қолдауымен, солардың ынта-жігерімен осы кәсіпке тәуекел еттік.

– Қазір тұтынушылар сапасына мән береді.

– Әрине, бізде шикізатты алар кезде қағаздың қатты немесе жұмсақтығына мән береміз. Сапасы бірінші кезекте, біздің өнім 2-ші класты өнім. Сапасы жақсы, жұмсақ, түсі ақ, ең бастысы тез жыртылмайды. Ал, бірінші класты түрі тек салфетка, үй жағдайындағы қағаздарға арналады. Алла қаласа, бұл өнімді де өнідіреміз, екінші мақсатымыз, макулатура шығару. Бұл жобаны биыл болмаса да, келер жылы жүзеге асыруға тырысамыз. Бұл кәсіпке қосымша дем беру үшін биыл инновациялық жоба грантына ұсындық, егер мақұлданып, 5 млн қаржыны жеңіп алсақ, онда жұмысты еселейтін боламыз.

Айта кететіні, жылыжай қияры қыста нарыққа шығады, дәмі керемет. Өйткені, өнімге ешқандай дәрі берілмейді, таза өнім өздігінен пісіп, түр-келбеті мен дәмін ұстап қалады екен. Қыс басталсын, оны да зерделейтін боламыз.

Жаны нәзік болса да, кез келген кәсіпке тәуекел жасап, істі бастай алатын Шолпан Сүлейменованың тірлігі көпке үлгі. Бір емес, төрт кәсіпті серік етіп, нәпақа тауып отырған жанның ісіне сүйсіндік. Берекелі бизнестің басын біріктірген Шолпан апайдың тауарына сұранысты артпаса кемімейді деп сенеміз.

Әлібек Жарықбаев

19 шілде 2022 ж. 427 0