Президент Қазақстан атауын өзгерту туралы пікір білдірді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстан Республикасының ресми атауын өзгерту туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Екінші республика» ұғымы қолданысқа енгелі елдің ресми атауын өзгерту туралы ұсыныстар жиі айтылып кеткенін атап өтті. «Стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды.
Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар», – деді Президент. Мемлекет басшысы еліміз осыған дейін «Қазақстан Республикасы» атауымен өз тарихындағы маңызды келісімдерге қол қойғанын еске салды.
«Ең басты мәселе – біз тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық. Мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл, ең алдымен ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр. Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды. Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.
Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.