Жаңа Қазақстан құрудың негізін талқылады
Сенат депутаттары Ақылбек Күрішбаев, Ләззат Сүлеймен және Еділ Мамытбеков Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті.
Отырыс барысында сенаторлар Конституцияға енгізілген өзгерістер елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ақылбек Күрішбаев жиналғандардың назарын Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында жер мәселесі түбегейлі өзгертілетініне аударды. Жер халықтың меншігіне айналады.
«Бұл өзгерістер Жаңа Қазақстанды құрудың негізі болады. Сондықтан жастардың мұны түсініп, референдум науқанына қатысуы өте маңызды. Бізде ақылды, өнерлі оқушылар көп екенін білемін. Сондықтан мен еліміздің болашағына толық сенімдімін», деді депутат.
Сенатор Ләззат Сүлеймен бұл шешімдер мен өзгертулер арқылы Мемлекет басшысы «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен күшті Парламенті бар президенттік басқару жүйесіне көшу туралы шешім қабылдағанын айтты. Өз кезегінде депутат Еділ Мамытбеков Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың жалпыхалықтық референдумда енгізілуі тарихи оқиға екенін баса айтып, бұл үдеріске барша қазақстандықтардың қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында студенттер сенаторларға мемлекеттік тілді дамыту, жерді пайдалану секілді өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды.