Мобильді қосымшада гранттар туралы ақпарат жарияланады
Қазақстанда жоғары сынып оқушыларына арналған мобильді қосымша әзірленеді. Онда жоғары оқу орындары, мемлекеттік және басқа да гранттық бағдарламалар туралы ақпарат жарияланады, деп хабарлайды.
Мобильді қосымшада аймақтардағы бос жұмыс орындарына қатысты мәлімет болады деген жоспар бар.
Жобаның негізгі мақсаты – жастарға болашақ мамандығын таңдауға көмектесу және кәсіби тұрғыда бағыт беру. Жастар еңбек нарығындағы өзгерістер мен қандай мамандықтарға сұраныстың бар екенін біліп отырады.
Қазақстан студенттері альянсының президенті Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, талапкерлер мобильді қосымшада барлық қажетті ақпаратты таба алады.
«Бізге талапкерлер тарапынан жоғару оқу орындары мен колледждердің сайттарына қатысты шағым жиі түседі. Жастар қажетті ақпаратты таба алмай жатады, кейбір сайттар ыңғайсыз, керек нәрсені табу қиын. Осыны ескере отырып, жаңа қосымшаның әзірлеуді шештік. Ол жерде жоғары оқу орындары, колледждер, мемлекеттік және білім беру гранттары, стипендиялар, сондай-ақ, бос жұмыс орындары туралы ақпарат болады», дейді І.Түстікбаев.
Жаңа мобильді қосымшаны әзірлеу жұмыстарына «Атамекен» ҰКП, білім және ғылым министрлігі, университеттер, колледждер, білім басқармалары мен аймақтық жұмыспен қамту орталықтары тартылды.
Қосымша қазақ және орыс тілдерінде болады. Оны бірнеше айдың ішінде іске қосу жоспарланып отыр.