Мазаны алған мал ұрлығы
Мал баққан адамының көрген бейнеті мен тартқан азабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жем-шөбін шашпай-төкпей жинап алып, ауру-сырқауының алдын алу, күн сайын қора-қопсысын тазалап, өрісте жүріп өрістеп кеткенін сандалып соңынан іздеу де бір бейнет. Малсақ адамның жыл он екі ай көретіні – осы. Ол ол ма, ит жетектеп төрт аяқты түз тағысынан қору былай тұрсын, екі аяқты барымташының залалы мен зардабы жанға батады.
Несін жасырайық, өндіріс ошағы өркендеп тұрмаған елді мекендердегі ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің бірден-бір көзі – алдындағы малы. Соған сенеді, соған сүйенеді. Борда¬қылап соғымға сойсам, той-томалақ, өлім-жітімде бауыздасам дейді. Дүкендегі қарызымды қайтарып, өсіп келе жатқан ұл-қыздың оқу ақысын төлесем, көйлегін көк, қарнын тоқ етсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Соны ойлап жаз болса аптап ыстық, енді бірде жауған жаңбырмен жағаласып жем-шөптің жағдайымен жүргені. Екінің бірінде техника қайдан болсын, сол орған шөбін тасымалдайтын жанар-жағармай шығыны, жеткізіп берушінің ақысы тағы бар. Қыс түссе әлгі орған жем-шөбі жер қарайғанша жете ме, жоқ жетпей ме деп тағы сол сары уайымға салы¬нады. Сол еңбегі еселеніп қайтса жақ¬сы ғой. Алып-сатарлардың алдап-арбауымен мал да қымбатқа бағалана қоймайды.
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мал ұрлығына қатысты қылмыстық жаза күшейтілген еді. Бұл Жарлықтың пәрмені бастапқыда ел ішіндегі мал ұрлығының екпінін азайтқандай болғанымен, қылмыстың тамырына мүлдем балта шаба алған жоқ.
Елімізде мал ұрлығына қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылданып жатыр.
Қылмыстық кодекстің мал ұрлығына қатысты жаңа бабы қылмыс жасаған адамның мүлкін тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жазаны көздейді.
Осы бап негізінде үй-жайлардың қорасына кіріп, мал ұрлайтындарға жаза күшейтілді.
Сондай-ақ бұл бап ұрылардың жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік берді.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.