Жыл басынан бері 503 мыңнан астам адам жәрдемақы алды
Жыл басынан бері 98,1 мың отбасындағы 503,5 мың адам атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 87,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтің қорғау министрлігінің мәліметінше, АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
«2022 жылғы 1 тоқсанда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 124,5 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды», делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында төтенше жағдай режимінің қолданылуына байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1 тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушылар үшін Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.