№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қайтарымсыз гранттың қайыры бар

Қайтарымсыз гранттың қайыры бар


Кез-келген мемлекеттің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіптің алар орны ерекше. Шағын кәсіп түрі дамыса халықтың әл-ауқаты жақсарып, елдің экономикасы қарқынды қарыштайтыны сөзсіз. Оған озық елдердің тәжірибесі дәлел. Міне, біздің мемлекет те осы бағытқа басымдық беріп, қайтарымсыз гранттар тағайындады. Осы орайда мемлекеттің қолдауына ие болғандар кәсібін қаншалықты дамытты? «Қайтарылмайтын қаржы» екен деп мақсатсыз жұмсамайтынына кім кепіл? Біз осыны саралап көрдік.


Мемлекеттің жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берген қаржысын кімдер алып, қандай кәсіппен айналысып жатқанын білмекке алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрып, орталық маманы Руслан Мұсатаевпен тілдестік.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру біздің ауданда 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. Мысалы, 2018 жылы 100 тұрғын грантты жеңіп, оған 24 млн 050 теңге қаржы бөлінді. Ал, 2019 жылы 662 адамға 250 млн 240 мың теңге берілді, 2020 жылы 649 грант иегері 324 млн 692 мың теңге алса, 2021 жылы 673 тұрғынға 396 млн 628 мың теңге қаражат берілді, – дейді Руслан Алдабергенұлы.
Маманның сөзінше, қайтарымсыз грант мөлшері 2018 жылы 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) құрап, әрбір бағдарлама қатысушысына 240500 теңгеден тағайындалды. 2019 жылдан бастап грант мөлшері 252500 теңге, ал 29 жасқа дейінгі жастарға 200 АЕК болып бекітіліп 505 мың теңгені құрады. 2020 жылдан бастап аталмыш грант мөлшері жалпыға бірдей 200 АЕК болып, 555600 теңге болса, 2021 жылы 583400 теңге болып, 673 азамат осы соманы игілігіне икемдеді.
– Жалпы өткен жылы мемлекеттік грант беруге жыл басында 600 адам жоспарланып, республикалық бюджеттен 350,040 млн теңге қаржы бөлінген. Қажеттілікке байланысты қараша айында тағы да 73 адамға 42,588 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Нәтижесінде 673 адамға грант тағайындалып, жоспар 112 пайызға орындалды, – дейді маман.
Өткен жылы қайтарымсыз грантты алған 673 тұрғынның 339-ы бағдарлама аясында «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негізінде оқыса, 62-сі қысқа мерзімді кәсіптік даярлаудан өткен. Оның 285-і жастар, 337-сі әйелдер, 17-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 8-і пробациялық есептегілер. Ал, көпбалалы отбасы мүшелері қатарында 160 адам және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 52 отбасының мүшесі бағдарлама аясында заңнамаға сәйкес кәсіпкерлік оқу қажет етілмей грантқа жобасын ұсынып ие болды.
Орталықтан білгеніміздей, қазір мемлекеттің қолдауына ие болған азаматтар кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр. Біз шағын кәсіп иелерімен де әңгімелестік.
– Бұрыннан әкем көлік аккумуляторларын жөндейтін ұста. Бірақ ол кісілерге казіргідей жағдай жасалмаған ғой. Мен мемлекеттің берген мүмкіндігін жіберіп алмай қайтарымсыз грантты жеңіп алу үшін осы істі қайта жандандыруға бел байладым. Нәтижесінде комиссия мүшелері тың идеямды қолдап, грантты жеңіп алдым. Қазір аудан халқына қызметімізді ұсынып жүрміз. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр, – дейді жас кәсіпкер Әбілақ Мұнархан.
– Қайтарымсыз грантты алып, кәсібін ілгері жылжытып отыр­ғандар аз емес. Мемлекеттің бұл бағдарламасы жұмыссыздықтан ары­лудың таптырмас жолы болды деп ойлаймын. Мәселен, осы грантты жеңіп алған азамат Дидар Ибрагимов машина жөндеу орталығын ашса, Мәди Айдарбеков желімдеу орнын, Ақсұлу Мұсатаева құс шаруашылығын, Айман Мамбетова жылыжай, Назира Серікбаева компьютерлік қызмет түрін ашып, жұмыстарының жемісін көруде, – дейді комиссия мүшесінің төрағасы Қуандық Қарақожаев.
Иә, мемлекеттің берген мүмкіндігін игілігіне икемдеп, нәтижелі еңбек­теніп отырған тұрғындардың аз емес екендігін көрдік. Жұмыстарымен таныстық. Десе де, Руслан Мұса­таевпен әңгіме барысында орта­лықтың жүргізген мониторингінің нәтижесінде грант жеңімпаздарының қаржыны мақсатсыз пайдаланған деректердің тіркелгенін де білдік. Мәселен 2021 жылы қаржыны мақсатсыз пайдаланған 5 азаматтың ісі сотқа өтіп, мемлекет қаржысын қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қазір сот орындаушылары сол азаматтардың ақшасын қайтарып алу бойынша жұмыс жасауда.
Қайтарымсыз қаржыны кім­дер ала алады?
«Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­масы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайта­рымсыз қаржыға жұмыссыз жастар, көпбалалы және аз қам­тылған отбасылардың мү­шелері, еңбек етуге қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оралмандар үміткер бола алады. Грантты алуға қатысатын азамат бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негі­зінде оқыту курсынан өткен болуы керек. Сонымен қатар бұрын-соңды мемлекеттік бағдарламалар аясында грант алмаған болуы шарт.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз – түрлі маман­дыққа қысқа мерзімді курстардан өту. Оларға шаштараз, аспазшы, жиһаз құрастырушы, дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы (мал, құс, ара өсіру, жылыжай), тамақ өндірісі (нан және кондитерлік өнімдер), тамақтандыру орталықтары, құйылмалы балмұздақ), автокөліктерге техникалық қызмет көрсету (техникалық жөндеу орта­лығы, автожуу), құрылыс, тігін өндірісі, цифрлық техника және технология сияқты сұранысқа ие мамандықтар жатады.
Қаржыны алу үшін қандай құжат қажет?
Бүгінде қандай құжат дайын­дауымыз керек болса да табанымыздан тозатынымыз бар. Осы ретте аталмыш грантты алу үшін тұрғындар қандай құжаттарды түгендеуі керек­тігіне де тоқтала кетсек. Бірінші, жұмыспен қамту орталығына келіп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін өтініш жазады. Екінші, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі керек. Салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын міндетті түрде апару керек. Үшінші, өз ойыңызда жүрген бизнес-жоспарыңызды қа­ғазға түсіріп ұсынасыз. Яғни, бас­тапқы бизнес-жоспар. Төртінші, кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі. Бесінші, кәсіпкердің аты­нан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі. Алтыншы, тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекен­жай анықтамасы немесе ауыл әкім­дерінің анықтамасы) болуы шарт.

Судың да сұрауы бар

Бұл – құдалық шақыратын неме­се кредит жабатын қаражат емес. «Қайтарымсыз екен» деп мақсатсыз жұмсауға тағы болмайды. Өйткені алған ақшаңыздың қай бағытта жұмсалып жатқаны тексеріледі. «Жеке кәсіпкер» атанған соң мем­­лекетке салық төлейсіз. Іс бас­тауға технологиялық жабдықтар алсаңыз сатып алған түбіртекті, мал алсаңыз оның құжатын міндетті түрде көрсетесіз. Олай болмаған жағдайда ақша мақсатсыз жұмсалған болып, мемлекетке қайтарып беруге тура келеді. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық орган­дарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мони­торинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қыз­мет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттарын мақсатсыз пайдаланып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезе­гінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.

P.S.: Жалпы, экономиканың түр­лі саласында инновациялық бас­тамаларды қолға алуға мүмкіндік мол. Кәсіп бастағысы келген жанға салалар бойынша шектеу жоқ. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы қайратты серік етіп, өз қолыңнан келетін істі бизнеске айналдырып, тың идеясын ұсынған адамға мемлекет қолдау көрсетуге дайын. Тек жобаны жақсылап жоспарлап, әрекет етсеңіз болғаны. Әрекет түбі – берекет.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
29 қаңтар 2022 ж. 447 0