Білім – қымбат қазына
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Сосын «Жаңақорған тынысы» газетінде «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты тақырыппен шыққан нұсқасын толық оқып шығып, елді өркендету жолында маңызды саналатын түйдек-түйдек ой түйдім. Сол жөнінде бөлісуді жөн көрдім.
Әр дәуірдің өзіндік талап-міндеттері болатыны анық. Біз ұлтымыз күш-қуатқа арқа сүйеген замандарда еңсеміз биік, елдігіміз мығым болды. Оны мыңжылдықтар көшіндегі тағылымнан көруге болады.
ХХІ ғасырдың басты талабы – білекте емес, ақылда болып тұр. Бұл дегеніміз, адами капиталға басымдық беру арқылы озық елдердің көшіне ілесуге болады деген сөз.
Білім саласының ардагері ретінде бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымда екенін білемін. Дәстүрлі білім беруден кезең-кезеңімен Жаңартылған білім беру бағдарламасына көшкен, жасөсіпірімдер өзіндік ізденісін арттыру, робот технология, IT технология саласын меңгеруі тиіс. Жастар кітап оқу дағдысын қалыптастырып, шет тілдерін меңгеріп, заманауи мамандықтар бойынша білімін шыңдауы маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың мамандануына мән беріп:
– Елдің өркендеуінде Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. 5 жаңа жоғары оқу орны ашылады. Оның екеуі батыс аймақта, – деп Үкіметке нақты тапсырма берді.
Бұл – өте дұрыс бастама. «Болашақ» бағдарламасы бойынша алыс-жақын шет елдерде мыңдаған жастар бакалавр және магистрлық білімін шыңдады. Заманауи біліммен қаруланған жастардың басым көпшілігі елге келіп, еңбек етудің орнына, сыртта қалып қоюда.
Бұл – ойлантатын мәселе. Егер әлемдік рейтингтегі үздік жоғары мектептер өзінің филиалын елімізде ашса, мыңдаған жас білімін шыңдап, біліктілігін арттырып, кәсіби маман болатыны сөзсіз. Ал, білімді, білікті, белсенді жастар елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатыны анық.
Әрине, Мемлекет басшысы айтқандай, батыс аймақта екі жаңа оқу орны құрылады. Біздің облыс басшыларымыз тағы біреуін оңтүстік аймақта, біздің облыстан ашуға жұмыс жүргізсе, Сыр өңірінің келешегіне оң әсер ететін өміршең жоба болар еді-ау.
Міне, білім саласының ардагері ретінде осы мәселе толғандырып жүр.
Мұның маңызын біздің басшылар да салмақтап, саралап жатқан болар…
Серік МҰСАБАЙ,
білім саласының ардагері,
ауданның «Құрметті азаматы»