№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім беру басталды

Зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім беру басталды


Зейнетақы жинағын белгілі бір мақсатқа пайдалану рәсімдерін оңтайлы жүргізу үшін онлайн платформа құрылды. Бұл Еnpf-otbasy.kz деп аталады. Сайтты осынау бастаманы жүзеге асырушы уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкі» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп іске қосты. Мұны сайттың атауынан-ақ бай-қауға болады. Портал іске қосылған күні-ақ 13 мыңнан аса азамат өтінім беріп үлгерді. Қазір өтінім қабылдайтын сайт қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Банк мәліметі бойынша зейнетақының бір бөлігін аударуға арналған 68 мыңнан аса арнайы шот ашылды.
Аталған бастама аясында «Отбасы банкімен» қатар «Халық банкі» де уәкілетті оператор ретінде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұған қоса, азаматтар осындай рәсімді жүргізуге құзырет берілген басқа да екінші деңгейлі банктерден арнайы шот аша алады.
Бұған дейін 760 мыңға жуық адам бұл игілікке қол жеткізіп, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатынын айтқан едік. Ал осы жұрттың басым бөлігі қай өңірлерден екені де көпшілікті қызықтырады. Бұл жөнінде «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мағлұмат берді. Оның айтуынша, Алматы қаласындағы салымшылар, яғни зейнетақы жина­ғының бір бөлігін пайдалана алатын азаматтар жинаған қаржы – 658 млрд теңге. Бұл – жалпы қордың 26,8 пайыздық үлесі немесе әрбір үшінші алматылық деуге болады. Алматыда қаржы, банк, сақтандыру саласында еңбек ететін мамандар көп әрі олар әрдайым жоғары айлық алады. Екін¬ші орында – Маңғыстау облысы. Ол өңірдің халқының зейнетақы қорындағы жалпы жинағы – 397 млрд теңге.
Бұл – жалпы республиканың 16,2 пайызы. Үшінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордада бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың жалпы зейнетақы жинағы – 325,9 млрд теңге (13,3 пайыз). Төртінші орында – 257,4 млрд теңгемен Атырау облысы (10,4 пайыз). Осы төрт өңірдің халқы зейнетақы жинағын пайдалана алатын азаматтардың 70 пайыздан астамын құрап отыр. Ал бұл рейтингіде Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары ең соңында тұр. Осыған қарап та өңірлердегі ахуалды, халықтың әл-ауқатын аңғаруға болады.
Әзірге тұрғын үй мәселелерін реттеу мақсатындағы рәсімдерді жүзеге асыруға болады. Ал зейнетақы жинағын емделуге жұмсаудың ережелері осы айдың соңына дейін дайындалады. Қазір ішкі норматив процедураларына сәйкес, бұл мәселе мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр. Содан кейін Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы Әділет министрлігінде тіркеледі. Зейнетақының бір бөлігін сирек кездесетін ауруларға, ересектердің тісін емдеу қызметіне жұмсауға болады. Зейнетақы қаржысын емдеуге пайдалану рәсімі тек «Отбасы банкі» арқылы ғана іске асады.
Жалпы аталған бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны жөнінде Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте жан-жақты мәліметке қанықтық. Тиісті орган өкілдері көптің көкейіндегі біраз сұрақтарға тұшымды жауабын берді. Оның бірқатарын арнайы ұсынамыз. Сондай-ақ зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім берген сәттен бастап діттеген мақсатқа жұмсағанға дейінгі үдерістің қалай жүргізілетінін инфографика арқылы көрсетуді мақұл көрдік. Бұл ретте бірыңғай оператор – «Отбасы банкінің» нұсқаулығын негізге алдық.

Зейнетақы жинағын
қандай мақсатқа пайдалануға болады?
Ипотекалық займ бойынша берешекті өтеу, оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруын қоса алғанда (ішінара немесе толық).
Сіз кез келген банктен немесе ипотекалық компаниядан тұрғын үй, бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізілген тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде ҚР заңнамасына сәйкес кепілдігі бар тұрғын үй құрылысының үлестік қатысуы туралы сатып алу-сату шарттары бойынша), жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ немесе ЖҚШ нысаналы мақсатындағы жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) алған займ бойынша берешекті ішінара немесе толық өтей аласыз.

Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық өтеу).
Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықта, сондай-ақ салынып жатқан нысандардан ҚР заңнамасына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы кепілдігі бар, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы келісімшарт арқылы сатып алуға болады. Осы мақсатта тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы мен жеке қаражат есебінен де сатып алуға болады.

«Отбасы банкінде» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу.
Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ банктің бір несие шарты шеңберінде жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).

Ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна төлеу (оның ішінде Ислам банкі қаржыландыруы шеңберінде).
Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Сондай-ақ банктің бір несие шарты аясында сіз жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып ала аласыз.

Сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеу.
Егер Сіз тұрғын үй бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында сатып алу құқығымен жалдау шартын жасасқан болсаңыз, онда Сіз зейнетақы жинақтары есебінен жалдау төлемдерін ішінара немесе толық төлей аласыз.

Жеке тұрғын үй салу (жер телімін сатып алуды қоса алғанда).
Сіз зейнетақы жинақтары немесе зейнетақы жинақтары және өз қаражатыңыз есебінен жеке тұрғын үй салуыңызға немесе жер телімін сатып алуыңызға болады.

Ипотекалық тұрғын үй займын
қайта қаржыландыру.
Басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға (жөндеу жұмыстарын жүргізе отырып), жеке тұрғын үй құрылысына (жер телімін сатып алуды қоса есептегенде) ипотекалық несиелерді «Отбасы банкінде» қайта қаржыландыруға болады.

Емдеу.
Сіз зейнетақы жинақтарын Қазақстан аумағында немесе шетелде медициналық ұйымдарда емделу үшін пайдалана аласыз.

Зейнетақы қаражаты салынған тұрғын үйді 5 жылға дейін сатуға тыйым салу тәртібі қандай?

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ,
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып, меншікке ресімделген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді бес жыл көлемінде сатуға жол берілмейді. Яғни бес жылдық шектеу тек ипотекаға, заимға алынған үйлер. Оның ішінде 2021 жылғы 1 қаңтардан бері, ереже күшіне енген уақыттан кейінгі алған ипотекаға байланысты болады. Қалған барлық жағдайда ешқандай шектеу жоқ. Егер сіз тұрғын үйді жеке меншікке, өзіңізге сатып алатын болсаңыз (БЖЗҚ-дағы қаражатыңызға) кез келген уақытта қайта сатуға құқығыңыз бар.

Туысқандар зейнетақы жина­ғына бір-бірінен үй сатып алуға бола ма?

Ләззат ИБРАГИМОВА,
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

– Ең бастысы, операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізілетінін атап өту керек. Алдамшы келісімшарттардың алдын алып, ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермес үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынады. Яғни мен өзімнің бауырларымнан, сіңлілерімнен, атамнан немесе әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын. Осылайша, ережелерде бүкіл механизм жазылған.

Зейнетақының бір бөлігін депо­зитке аударуға бола ма?

Жансұлтан МАТАЕВ,
«Отбасы банк» АҚ орталық филиа­лының директоры:

– Бекітілген ережелерге сәйкес, зейнетақының шекті мөлшерінен артық соманы депозитке салып қоюға рұқсат жоқ. Ол соманы алғашқы жарна ретінде егер Сіз тұрғын үй жинақ жүйесіне қатыспай, бірден керекті соманың 50 пайызы ретінде салып, үй алуыңызға болады. Бірақ ол ақшаны алып, депозит ретінде өсіріп, мемлекеттік сыйақыны алам деуге мүмкіндік жоқ.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan»


27 қаңтар 2021 ж. 705 0