№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Женттен жасалатын тағамдар

Женттен жасалатын тағамдар

Жент — қыста да, жазда да бұзылмайтын, әрқашан өзінің нәрлілігі мен дәмділігін сақтайтын, сондықтан да көшпелі халықтың дастарқанынан тиесілі орын алған ұлттық тағам. Ол қазіргі кезде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Керісінше, күнделікті сүйіп жейтін тағамдарымыздың біріне айналып келеді.
Дайындау ерекшеліктеріне қарай женттің бірнеше түрі болады. Жентті кейде «қазақ шоколады» дейді. Ал Орта Азия халықтары оны «шербет» деп атайды. Жент сөкке тортасынан айырған сарымай, қант, ірімшік қосып, келіге түйіп жасалады. Жылқы майы мен бал, ірімшік араластырып та дайындауға болады.
Кейде оған қосылатын компоненттердің ішіне өріктің дәні мен мейіз де кіреді. Сөк орнына оның жармасын пайдалануға да болады. Өйткені сөкті қолмен түйгенде жармаланып кеткен дәндері бөлек айырып алынады. Соны немесе сөкті диірменге ірілеу етіп тартып, жармалап алып қосуға болады. Сөкті диірменге тартқанда ірілеу етіп жармақтау үшін диірменнің үстіңгі бетінің ортасына орнатылған бақалақ ағашты сәл төменірек (0,5-1,0 мм) түсіріп қою керек. Жент қоспасының мөлшері, дәмділігі дайындаушының өз қалауына, шеберлігіне байланысты. Женттің қандай түрі болмасын тіл үйіреді. Оны жесең тәбетің ашылады. Ал емдік қасиеті болса өз алдына. Жент көбінесе қыс айында дайындалады.
Жентті аз-аздан дайындауға да, бірден көп мөлшерде дайындауға да болады. Қоспаның ең негізгісі сөк болғандықтан қалғандарының мөлшерін соған бейімдеп қосу керек.
Жентті жасағанда 100 грамм сөкке 80 грамм ірімшік, 80 грамм қытырлақ нан немесе қуырма, 80 грамм бал, 80 грамм қант, 350 грамм сарымай, 80 грамм мейіз немесе кепкен еріктің еті, 100 грамм ұнтақталып, қуырылған жаңғақ не өрік дәні және 100 грамм құрт қосып жаншылады немесе келіге түйіледі.
Ескерту: балды қыздырып, сарымайды ерітіп тортасынан айырып қосу керек. Дайын болғаннан кейін жент шамалы уақыт салқындатып қойылады. Өйткені, келіге түйілген кезде қоспа қызады. Салқындағаннан кейін оны оңай кесіп, ыдысқа салу үшін пышақты шамалы қыздырған абзал. Женттің басқа түрлерін дайындағанда да қоспалардың осы арақатынасын сақтау керек.

Қазыжент

Сөкке жылқының қазысын, қант, ірімшік қосып жаншып жасалады. Егер сөктің мөлшері 1-1,5 кг болса, онда 4 стакан ірімшік, 2 стакан қазы майы қосылады.

Жанышпа

Жарты килограмм сөкке 50-70 грамм сарымай, 50 грамм қант араластырып, біраз жаншылады. Сонан соң 3 ас қасық қаймақ құйып, тағы жақсылап араластырылады. Қонаққа берілер шайдың дастарқанына қойылатын мұндай өте дәмді жанышпаны қажетті мөлшерде тез дайындап алуға болады.
Жанышпа талқанға ірімшік, қатқан бауырсақтың үгіндісін, жеміс, бал немесе қант қосып та дайындалады.

Сүтжент

Сүтке бұқтырылған сөкке сарымай, қант, мейіз, қытырлақ нан, қаймақ қосып жаншып жасалады.
Шикізат әркімнің қалауынша алынады.
10 мамыр 2020 ж. 836 0