Әлемдегі жағдайдан сабақ алсақ, ұтамыз
Дерек көздеріне қарағанда, әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 244,5 мың. Бұл бойынша Қытай алғашқы орында. Онда SARS-CoV-2 коронавирусымен 81199 науқас анықталған. Алайда, осы аурудың салдарынан қайтыс болғандар саны бойынша Италия бірінші орынға шықты. Онда 3405 адам қайтыс болды. 41 мыңнан аса италияндық ауруды жұқтырғаны анықталған.
Бұдан алатын сабақ, сақтық шараларына аса мән беру. Елбасының бүгінгі үндеуінде осындай салмақты ойлар айтылды. Әсіресе Тұңғыш Президентіміздің «Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде босатқан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал» деген сөзі ұстаздар қауымының мәртебесін тағы бір асқақтатты.
Сондай-ақ «Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз» деген үкілеген үміті біздерді де үлкен сенімге, қажетті қадамға шақырды.
Үндеуде айтылған жайттарға жауапкершілікпен қарап, қолдау көрсету баршамыздың міндетіміз. Сондықтан мынадай қысылтаяң уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, барынша сабырлы болайық. Қаншама қиыншылықты жеңген қазақ халқы бұл күннен де аман-есен еңсеретіні анық.
Жанат АХМЕТОВА,
Жаңақорған кентіндегі
№163 мектептің жоғары санатты мұғалімі.