№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ

БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ

Ілуде бір болмаса, беталды бара бермейтін халыққа қызмет көрсету орталығында былайша айтқанда күнде келуші көп. Ел құжат үшін осында ағылады, біткен шаруасына көңілденіп қайтады. Мұнда есіктен төрге дейін халыққа қызмет көрсетудің сан-салалы түрі бар. Ғимараттың бір бұрышында көші-қон полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Ғани Сейтжанұлы Төлешов отырады. Сол ұлтжанды азамат ұлағатты ісімен мені жаңалыққа ұйытты.
Сөздің шыны, сергелдеңге түскен үш тағдырдың үміті Ғаниға тірелген еді. Одан араша түсер шарапат күтті. Үшеудің де жүрегінде «Біз қазақпыз» деген от алаулап тұрды. Маңдайында ұлтым деген ұғымы, санасында тәуелсіз Қазақстаным деген тірегі болды. Сол үміт ақталды, қазір олар қазақ!
Бірінші тағдыр: Алижан Парпиев.  Ол 27.12.1970 жылы Ташкент облысы Орташыршық ауданында туылған. Төлқұжаты бойынша ұлты өзбек. Қазір Өзгент ауылының тұрғыны.
–Біз Өзбекстанда тұрғанда жайсыз жағдайға жолықтық. Әкем Әбдірахым байқаусызда көлікпен екі баланы қағып, олар оқиға орнында қаза болды. Енді әкемді соттайтын болып, 15 жыл бас бостандығынан айыратын жаза күтіп тұрды. Осы жерде құқық қорғау органы қызметкерлері «қазақ, сен түрмеде шірисін» дегендей зәбір көрсете бастаған. Солардың да арасынан бір жанашыр табылып: «егер ұлтыңыз өзбек болғанда жаза жеңілдеу болар еді» дейді. Әкем бір жолын қарастырып, төлқұжатын «өзбек» деп ауыстырады. Айтса айтқандай, оны сегіз жарым жылға соттады.  Дәл осы құжатты алған соң өмірге мен келдім. Сөйтіп мен де «өзбек» болып шықтым. Маған дейін туылған үш аға-апаларымның  және менен кейінгі үш іні-қарындастарымның ұлты қазақ, мен ғана өзбек болып жүрдім. Біреуге құжат көрсетуге арланатын едім. Осы жағдайды көші-қон полициясына айтып келгенмін. Мың болғырлар, жаңа төлқұжат жасатып, қазір қазақ деген ұлт мәртебесіне қолым жетті. Енді ешкімнен тартынбаймын, мен Қазақпын! –деді Алижан.
Екінші тағдыр: Элмира Ахметқызы Валибаева. Ол 08.06.1986жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туылған.Төлқұжаты бойынша ұлты өзбек. Қазір Жаңақорған кентінде тұрады.
–Жасыратыны жоқ, Созақ ауданында өзбек ұлты көп болатын. Солардың ықпалы ма, әлде жаңылыс па, менің құжатым «ұлтым өзбек» болып кеткен. Дәм бұйырып, Жаңақорғанға келін болдым. Қаным қазақ екенін дәлелдей алмай, қысылып жүрдім. Содан өтініш жазып, көші-қон полициясына келдім. Ғани Сейтжанұлы түбірімді тауып, жаңа құжат жасауға көмектесті. Қазір Қазақпын, қуанышым шексіз, – дейді Элмира.
Үшінші тағдыр: Қалдыкүл Камалқызы Назарова. Ол 10.03.1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы  Бабайқорған селосында туылған. Ұлты өзбек. Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында тіркеуде.
–Әкем Камалдың төлқұжаты өзбек те, шешемдікі қазақ деп көрсетілген. Бірақ әкемнің түбірі қазақ екендігіне дау жоқ. Неліктен ұлты өзбек болғанын мен білмедім. Әрине, әкеме сәйкес менің де ұлтым өзбек болды. Содан осында келін болып түстік. Нарық заманына сай базарға шығып кеттік. Тіпті кеңестік  ескі төлқұжатпен қалып қойдым. Енді ұлтым емес, құжатымды ауыстыру мұң болды. Өмірде жақсы адамдар көп ғой, көші-қон полициясы маған көмектесті. Тәуелсіз елдің құжатын да алдым, ұлтымды да түзеттім. Қазір Қазақпын, кеудемді керіп жүрмін, – деді Қалдыкүл.
Міне, Жаңақорған ауданына үш қазақ қосылды. Үш тағдырдың кешегі күні мен бүгіні жер мен көктей. Ең бастысы, олар Қазақстан Республикасы Конституциясы 19 бабы бойынша «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» делінген құқықтық заңдылықтың нақты жүзеге асып жатқанына сенді. Олар: «Біз қазақпыз» деп айта алады.
Қаныбек ӘБДУОВ.
11 наурыз 2018 ж. 1 120 0