» » ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Аймақта дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау, көшбасшылық қабілетін ашу, ғылыми дағдыларды қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына 9000-ға жуық бала қатысты. Олимпиада қорытындысымен 99 оқушы жеңімпаз атанып, біздің өңір үздік үштіктен көрінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов мәлімдеді.

-Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында 2 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, «Елбасы медалі» жобасына облыстан 351 оқушы қатысып, 247 бала «қола» медаль иегері атанды. Ендігі кезекте, 54 оқушы «күміс», 49 оқушы «алтын» медальді иеленуге бақ сынайды. Бұған қоса, ауыл мектептерінде білім алатын 8-9 сынып оқушылары арасындағы IQanat олимпиадасына 5400 оқушы қатысып, үздік 26 оқушы Қапшағайдағы демалыс орталығына жолдама алды. Ал, 4 оқушы Бурабайда орналасқан арнайы «Iqanat High shсool of Burabai» мектебінде білім алуда. Жыл сайын оқушылар арасында өткізілген ғылыми жобалар байқауында ұсынылған жобада оқушылардың жасампаздығы, белсенділігі, білім дағдыларының қалыптасып, болашаққа деген ұмтылысы байқалады.
Республикалық ғылыми жоба байқауында 10 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды. Ұсынылған әрбір жобаны әрі қарай дамыту, жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Олар – болашақ үйлер, жылыту жүйелері, тесла катушкасы, спорт кешені сынды жобалар. Біздің оқушылардың нарық ахуалын шынайы бағалайтыны, бос кеңістіктерді іздейтіні және мейлінше бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға тырысатыны мақтанарлық жайт,-деді Бағдат Камбозұлы.
Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында «100 үздік студенті» жобасы жүзеге асырылып, облыс бойынша 8 студент жеңімпаз атанған.
16 шілде 2021 ж. 3 249 0