Лайфхак: медициналық сақтандыру бойынша оңалтудан өту жолдары
2021 жылдың басынан бастап күндізгі және тәуліктік стационарларда 437 мыңнан астам пациент реабилитациялық ем қабылдаған. Амбулаториялық деңгейде 1,5 млн-ға жуық оңалту қызметі көрсетілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге – 55,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 4 ай ішінде Қор 14 млрд теңгенің қызметіне ақы төледі.
Жалпы, медициналық оңалтудың пациент денсаулығын қалпына келтіруде атқаратын рөлі зор. Жарақат алған немесе созылмалы аурумен ауырып тұрған пациенттің күнделікті өмірге оралып, қалыпты тіршілік етуіне септігін тигізеді. Бұрын көпшілік жағдайда ақылы түрде көрсетілетін оңалту бүгінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді болып отыр. Медициналық сақтандыру қоры мамандары осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі ақпар берді.
Медициналық оңалту кімдерге көрсетіледі?
Реабилитациядан:
- негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда;
- қатты ауырсынудан кейін;
- хирургиялық операциялардан кейін;
- жарақат алғаннан кейін;
- сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады.
Медициналық оңалту қай кезде тегін көрсетіледі?
Қалпына келтіру шараларын ақысыз негізде өтуге болады:
Пациент бұрын оңалтудан өтпеген. Неден бастаған жөн?
1. Ең алдымен тұрғылықты жеріндегі емханаға барады.
2. Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.
3. Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзмін т.б. анықтайды.
4. Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санатория-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады.
Оңалтудан бас тартуға мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:
* көп қан кету;
* дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі;
* өткір жұқпалы аурулар;
* өткір остеомиелит;
* көктамыр тромбозы
* жүрек жеткіліксіздігі;
* эпилепсия талмасы ұстаған кезде;
* қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметі тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудырған психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар себеп болуы мүмкін.
Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, ем-шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:
Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.
Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.
Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізу қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.
Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. Оңалтудан алынған нәтиже міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Коронавирустан жазылғаннан кейін оңалтудан өтуге бола ма?
Коронавирустық инфекциямен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған қазақстандықтар оңалтудан Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен өте алады. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маман мен аурухананың/емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы арқылы беріледі.
Реабилитация қажеттігін бағамдау барысында мынадай көрсеткіштер тексерледі: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеті (Бартел индексі).
Медициналық оңалту қызметі қай жерде көрсетіледі?
Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Егер 2019 жылы бұл қызметті 64 медициналық ұйым көрсетсе, 2020 жылы олардың саны 559-ға жетті.
Ал 2021 жылы еліміз бойынша 618 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алды. Тізімге емханалар, ауруханалар, жеке меншік медициналық орталықтары, оңалту және спорттық-оңалту кешендері, оңалту-санатория кешендері, медициналық-әлеуметтік мекемелер, қоғамдық қорлар, емдеу-сауықтыру кешендері, санаторийлер енген. Оның ішінде, еліміздің 10 өңірінде орналасқан 16 санаторий де бар. Жеткізушілер саны жағынан
Қарағанды (4), Жамбыл (3), Алматы (2) облысы көш бастап тұр.
Жеткізуші компаниялардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады («Байланыс ақпарат» – «Клиника таңдау»).
Биыл медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінді?
2021 жылы оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе артып, 55,8 млрд теңгені құрады.
2021 жылдың 4 айында Қор оңалту қызметі үшін 14,1 млрд теңге төледі. Соның ішінде, амбулатория деңгейінде 1,5 млн–ға жуық медициналық оңалту қызметі, тәулік бойғы стационарларда – 250,5 мыңнан астам қызмет, күндізгі стационарда – 186,9 мыңнан астам қызмет көрсетілген.
Аймақтық тұрғыдан алып қарағанда, қызметтің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, ШҚО, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында көрсетілген.
Естеріңізге сала кетсек, пациенттер құқығын қорғау мәселесі бойынша Қордың Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс нөмірі немесе fms.kz ресми сайты арқылы шағымдануға алады. Келіп түскен арыз-шағымдар міндетті түрде қаралады.