Қытайда роботтар мекеме қызметкерлерінің 20 пайызын жұмыссыз қалдырған
Қытай жоғарғы технология, жасанды интеллект және роботтардың қызметін әлеуметтің барлық саласына енгізіп жатыр, деп хабарлайды zhanaqorgan-tynysy.kz интернет газеті «Хабар 24» сілтеме жасап.
Қазір сот және полиция қызметін біртіндеп тың технологияның көмегімен тиімді етуге тырысуда. Әрине сапалы қызметке деген талпыныс қарапайым халықтың көңілінен шығады. Мәселен, Бейжіңде тапсырыс берген асыңызды роботтар әкеліп беретін мейрамхана бар.
Бейжіңдегі бұл мейрамхана қашан да халыққа лық толы. Тіпті телефон қосымшасы арқылы алдын ала кезекке тұрады. Мұнда бәрі автоматтандырылған. Тапсырыс бірден тарату машинасына келіп түседі де, қоймадағы тағамды робот жеткізу жолағына салады. Әрі қарай тамақтарды роботтар таратады. Бұл процесс бар-жоғы екі минутты алады. Жоғарғы технология енгізілгеннен бері мекеме қызметкерлері 20 пайызға қысқарған.
Чэнь Кунькунь, саяхатшы:
– Тапсырыс берген асыңызды роботтың әкеліп тұруы сондай қызық. Көңіл күйіңді көтереді. Олар «маған жол бермесеңіз, ренжіп қаламын», деп әзілдеп, ештеңеге соғылмай келеді екен. Даяшыларға кәдімгідей қолғанат болып жүр.
Негізгі жұмыстарды роботтар атқаратындықтан, қызметкерлер келушілердің көңілінен шығуға барынша тырасады және дер кезінде орнынан табылады. Автоматтандырылған жүйе (IKMS Intelligent Kitchen Management System) ас үйдің ақыл-ойы іспеттес. Өндірістің жұмысын, жағдайын, азық-түліктердің қоры мен жарамдылығына дейін компьютер бақылау жасайды. Жоғарғы технология асханадағы температура мен тазалық талаптарын да қатаң сақтайды. Тамақ пісірілген соң жұмыс орнын озонмен тазартады. Тың технологияны Шанхайдағы полиция қызметі де пайдаланады. Интеллектуалды жаңа жүйенің көмегімен тәртіп сақшыларының жұмыс өнімділігі екі есеге артып, оқиға орнына екі минуттың ішінде жететін болған.
Цзянь Цзюнь, полиция қызметкері:
– Бізге қоңырау түскеннен кейін, барлық мәлімет бірден зияткерлік жүйенің картасына шығады. Карта нақты уақыт бойынша оқиға орнын 3D өлшемді бейнемен көрсетеді және жақын маңда жүрген кезекші топтарды да көреміз. Осылайша визуалды жүйе арқылы ол жерге полицияны жөнелтіп, қадағалап отырамыз. Сонымен қатар Қытайдың түрлі деңгейдегі соттары халыққа ыңғайлы әрі тиімді болуы үшін қызметтің көбін интернетке көшіріп жатыр. Адвокаттар телефон қосымшасы арқылы соттың интернет-платформасына кіріп, өтініш береді. Бұрын заңгерлер мұндай қағаз алу үшін сотқа үш рет келуге мәжбүр болатын. Ал қазір 10-минуттың ішінде адвокаттың ордері бекітіледі.
Су Сяо, Бейжің тұрғыны:
– Қазір бәрі ыңғайлы. Қызмет сапасы артып, жоғары технологияның игілігін көріп жатырмыз. Бүгінде Қытайдың 3000-нан астам соты істі тікелей трансляциялау, қашықтықтан қарау мен өзара бітімге келтіру сияқты істерді онлайн түрде жүргізіп жатыр екен.
Авторы: Нұрбек Бекен