Жаңақорған тынысы » Әлем » Қазақ қызын жеңген вьетнам қызының еркек боксшы екені анықталды
Қазақ қызын жеңген вьетнам қызының еркек боксшы екені анықталды
Бір айдан астам мерзім бұрын, нақтырақ айтсақ сәуірдің 19-27 аралығында Тайланд елінің астанасы Бангкокта бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Сайыс барысында адам айтса сенгісіз, тосын жағдай орын алды.Мұнда құрлықтың отыздан астам елінен келген кіл мықты спортшылар жарыс жолына шықты. Өз салмағының үздігі атанумен қатар, Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына жолдама иелену үшін бақ сынасты. Атап өтерлік жайт, еліміз былғары қолғап бәсекесінде Азия құрлығында теңдессіз екендігін тағы бір дәлелдеді. Он алтын, төрт күміс және төрт қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте алғашқы орыннан көрінді. Жоғарыда айтылған тосын жайт бұл емес еді, деп хабарлайды altaynews.kz. Шығысқазақстандық Еркежан Дәулетжанқызы 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иелену үшін шаршы алаңға шыққан. Оған дейін бұрымды боксшымыз Индонезия, Моңғолия, Жапония елдерінен келген спортшыларды тас-талқан етіп жеңді. Ал алтын жүлде сарапқа салынған кездесуде төрешілер барлық раундта басымдықты Вьетнам елінің өкіліне берді. Артынан белгілі болғандай, ол… жынысын ауыстырған ер бала болып шықты. Иә, шынымен де осындай оқиға болды. Еркежанның жаттықтырушысы Арман Тыныбаевтың айтуынша, вьетнамдық боксшы өткен жылдың қараша айында Үндістандағы әлем чемпионатында топ жарған. Сол жерде ол Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама иеленеді. “Оның қимылы, күлгені, жұдырықтасу мәнері ер балаға қатты ұқсады”, – дейді Арман Тыныбаев. Азия чемпионаты кезінде ол өзіне көп назар аудартты. Сайыс мәресіне жеткен соң, AIBA халықаралық бокс қауымдастығы секемденіп одан ДНК сынамасын алған. Осылайша шындықтың беті ашылыпты. Бапкердің айтуынша, жарыс біткен соң, екі апта уақыт ішінде аяқ асты қуанышты хабар жетіпті. Мұны еліміздің қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Алмаз Қуатбеков айтқан екен. Енді жақын арада Еркежанға Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама берілетін болады! “Естіген соң қатты қуандық, десе де таң қалмадық. Осы спортшыда гәп бары бәсеке басынан байқалды. Енді міне, мән-жай анықталып отыр. Мені ең жабырқатқаны – марапаттау кезінде еліміздің байрағы көтеріліп, әнұранымыз шырқалуы тиіс еді. Бұлай болмады. Әр бапкер үшін шәкіртінің шыңнан көрінуі аса маңызды”, – деді жаттықтырушы. Еліміздің бокс Федерациясы енді Азия Федерациясына сұрату жібереді. Осыдан барып, олар алтын медаль мен Аргентина жерінде өтетін Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына жолдаманы берулері тиіс.