№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тылсым дүниенің таңғажайыптары

Тылсым дүниенің таңғажайыптары

Адам өмірге келген соң, мағыналы ғұмыр сүргенге не жетсін?! Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бере ме? Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Біріне түсіністікпен қарайсың, ал екінші бір оқиғаны ұғыну мүлде қиын.
Бірақ ұшты-күйлі жоқ болып кеткен адамдардың қатары әлемде көбейіп барады. Неге?

Алайда кейінге кезде психологтар мына бір жайтты жиі айта бастады: Адамның мінезі күрделеніп барады. Мұның себебі неде, қатыгез қоғамнан ба, қоршаған ортадан ба? Қалай айтқанда да, әлемдік деректер кісі шошынарлық жағдайға жетті. Жыл сайын Ресейде 120 мың адам із-түзсіз кетеді. Қайда жоғалады? Белгісіз. Ең бір алаңдатарлығы, жыл сайын осы дерек 15 пайызға артып барады. Жоғалған адамдардың 80 пайызы ғана уақыт өтіп барып табылады. Неге? Олардың із-түзсіз кетуіне не себеп? Хабарсыз кеткен азаматтардың басым бөлігі соғыс болып жатқан аумақтардан үдере көшеді. Сосын байланыс үзіледі. Уақыт өте келе олар да табылар. Бірақ соғыс ошағы отбасының бірлігін ойран етеді. Ағайын-туысқаннан айырылады. Әркім бас сауғалап, жан-жаққа қашады. Бір ғана мысал, 1980-2007 жылдар аралығында Иракта 1 миллионға жуық адам хабарсыз кетті. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында Югославияда тұрған 17 мың адам бір-бірінен хабарсыз қалды. Жарайды, бұл түсінікті, соғыс болған аймақтан бас амандығын ойлап, қашқандардың жайы. Ал тыныш, мамыражай жатқан мемлекеттерде де осындай оқиғалар кездеседі. Мәселен, Германияда жыл сайын 900 сәби із-түзсіз кетеді. Сонда адамдардың жоғалуы неге тоқтамай отыр? Мұны мамандар бірнеше себептермен байланыстырады: бұл лаңкестер мен арнайы қызмет орындарының ісі болуы мүмкін, жыл сайын құл саудасы өрістеп барады, ішкілік ішіп, қаңғыбастыққа салынатындар көбейді. Адам ағзасын сату да үлкен табыс көзіне айналып барады, екі аяқты пенделердің түсініксіз ағымға, сектаға кіруі жиілеп кетті. Сонымен қатар бөгде планеталықтардың Жерге ұшып келіп, оқыста адамдарды ұрлап әкетуінде қаншалықты ақиқат бар? Қалай айтқанда да, адамдардың жоғалуы қазір әлемде қалыпты және алаңдатарлық құбылысқа айналып барады. Бірақ нақты бір дәлел жоқ, болжамдар әртүрлі.

Ал Калифорния университетінің профессоры Джейн Линд адамдардың хабарсыз кетуін мына бір себептерден іздейді: Жер қабатында «қара жыралар» көп немесе оны «қара тесік» деп те атайды. Абайсыз келе жатқан адамдарды осы «қара жыра» жұтып қояды. Джейн Линдтің есептеуінше, бүгінде әлемде осындай ондаған «қара жыра» бар. Бірнеше адамдарды ғана емес, он мыңдаған тұрғыны бар қаланың өзін жоқ етіп жіберетін мұндай зындан туралы әңгіме естіген адамға қорқынышты және аңыз болып жетуі де мүмкін. Дегенмен ағылшынның тағы бір парапсихологы Дан Форсайт - деревняның шетіндегі үйге кірген пенденің хабарсыз кететіндігі туралы көп жазған адам. Парапсихологтың ойынша, адам «қара жыра» арқылы бөгде өркениетке қадам басады. Бірақ басқа баламалы өркениет пен бөгде әлемнің мәдениетін көріп келген еш тірі пенде жоқ. Бәрі бізге аңыз болып жеткен.

1915 жылдың тамыз айында түріктер мен ағылшындардың ұрысы кезінде Норфолковск полкінің бүтіндей бір батальоны Сульва жазығында қалың тұманға тап болады. Біршама уақыт өткен соң, тұман көкке көтеріледі де, батальон жоқ болып кетеді. Біраз уақыт өткен соң екі жақ тұтқындар алмасады, алайда тұтас бір батальонның сарбаздары олардың ішінде жоқ болып шығады. Сонда британ армиясының тұтас бір батальоны қайда жоғалды? Ешкім білмейді.

1937 жылы 3 мың сарбазы бар Қытай дивизиясы таң қылаң бере хабарсыз кетті. Нанкин қаласын қорғап тұрған қытайлар жапондардың шабуылға шығуға дайындалап жатқанын байқаған. Таңертең сарбаздарын көріп қайтпақ болған дивизия командирі қорғаныстың алдыңғы шебінде адам қалмағанын көрген. Үш мың сарбаз бір түнде қайда кетті, қытай үкіметі соғыс біткен соң, бұл оқиғаны зерттеп көрмек болған, бірақ еш дерек таппады.

1923 жылы Бразилиядағы Хоер-Верде поселкесінің 600 тұрғыны тапа тал түсте хабарсыз кеткен. Канаданың Анжикуни көлінің маңайында өмір сүрген мыңдаған эскимостар да бір түнде жоғалып, қарасын батырды. Олармен қатынас жасайтын қарсы жағалауда тұратын адамдар эскимостардың лашығында қару-жарақтары мен тамақтары қалғанын, ал иттері аштан өлгенін айтады. Мейлі, бұл өткен ғасырдың басында, әлі өркениет дами қоймаған уақытта болды делік. Ал 2001 жылы Конгода орын алған оқиғаны қалай түсіндіруге болады? Гуманитарлық көмекпен келген БҰҰ мамандары алыс деревнядан тілдесер бір адам таппаған, тіпті малы мен иттері жоқ елдің тұрғындары ізім-ғайым қайда жоғалды? Мұны да ешкім де айтып бере алмайды.

Мүмкін, шындығында да бізбен қатар өмір сүріп жатқан басқа параллель, балама әлем бар шығар. Егер ол рас болса, оның кірер есігі қайда? Ғалымдар «магниттік дауылдың жиі болуы бекер емес, бұл өзге әлемнің бізге көрсеткен мінезі» деген сыр айтады. «Осы дауылдың ішінде есік бар» деген долбар келтіреді. Күмәнді пікір десек те, көптеген мамандар жер шарында бөгде әлемге кірер тоннельдердің барын жоққа шығармайды. Соның бірі ретінде Египет пирамидаларын мысалға келтіреді. Өйткені Египет пирамидалары сырын ішке бүккен қалпы тыныш жатыр. Мүмкін оның астында өзге әлемге енер есік бар шығар, бірақ мұның бәрі болжам ғана.

Орыс криптозологтары, әсіресе Новгород ормандарында белгісіз алып адамның жүргені туралы алыпқашпа әңгіменің шындыққа жанасатынын айтады. Олар бір жолы оның ізіне түскенмен, қас пен көздің арасында кездескен «алыптан» айырылып қалады. Ол үлкен ағаштың тасасына тығылды да, жоқ болып кеткен. Демек, бұдан кейін криптозологтар алып «қар адамы» өздерінің есігі арқылы бөгде өркениетке еніп кетті» деп жорамал жасады. Үстін түк басқан адамдар түн жамылып келіп, орман маңындағы ауылдардың малын ұрлап алып кеткен. Олардың ізіне түскенмен, ілесу мүмкін емес.

Қалай айтқанда да, адамдардың жоғалуы тылсым бір күштің барын ескертіп отырғандай. Кейбір ғалымдар өзге өркениеттің адамдары немесе бөгде-планеталықтар анда-санда бізді келіп барлап кетеді. Олар бізден жоғары деңгейде дамып кеткен, анда-санда бізге келіп, сынақ жасап кетуі бекер емес. Адамдардың ұрлануының да астарында осындай әрекет жатыр. Бірақ ғалымдардың бұл топшылауы шындыққа қаншалықты жақын, ол жағы белгісіз. Бірақ жыл сайын әлемде 2 миллионға жуық адам жоғалатыны – өте алаңдатарлық жағдай. АҚШ-та да бұл мәселе күрделі күйінде қалып отыр. Ресми деректерге сенсек, АҚШ-та жыл сайын 1 миллионға жуық адам хабар-ошарсыз кетеді. Соңғы 27 жылда бұл дерек тіпті ұлғайып барады. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, АҚШ-та хабарсыз кеткен адамдардың 65 пайызы бір аптадан кейін немесе он күннен соң табылып жатады. Мұның себебе неде? Өйткені олар ата-анасына, туысқандарына айтпай, іссапарға немесе демалуға шығып кетеді. Екінші типтегілердің үлесі 20 пайыз шамасында, оларды он күн немесе бір ай бойы іздеуге тура келеді. Бұл топтағыларды үш категорияға бөліп қарауға болады. 1. Өткен өміріне риза болмай, ешкімге айтпастан, басқа өңірге қоныс аударып кететіндер.

2. Отбасылық зорлық-зомбылықтан шаршап, үйден қашатындар, оларды, негізінен, 9-17 жастағы балалар құрайды. 3. Жүйке ауруына шалдыққандар мен есте сақтау қабілетін жоғалтқандар. Ақиқатында, АҚШ-та жоғалып кететін адамдардың 15 пайызы ешқашан табылмайды, олар шамаман 100 мың шамасында. Хабарсыз кеткен бұл адамдардың өмірі ата-анасына да, туысқандары мен достарына да, арнайы қызмет орындарына да белгісіз, жұмбақ күйінде қалады.

2013 жылы АҚШ-та интернет арқылы педофилдермен танысып, үйден қашып кеткен 3 мың оқиға орын алған. Расында, «интернет деген итің» бүлдіршіндердің санасын бүлдіріп тұр. Америка ғана емес, Австралияда да адамның жоғалуы күрделі мәселеге айналып барады. Әрбір 15 минут сайын мұнда бір адам жоғалады, бірақ хабарсыз кеткендердің 99,5 пайызы қайтадан табылады. Дегенмен өткен жылы із-түзсіз кеткен 1600 адам туралы әлі еш дерек жоқ.

Ал Қазақстанда із-түзсіз кеткен адамдардың дерегі бар ма? Бұл туралы статистика не дейді? Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті соңғы 4 жыл ішінде аталған санаттағы сот қараған істердің саны 21%-ға, яғни 979-дан 1186 іске дейін өскенін хабарлайды. Із-түзсіз жоғалып кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдар туралы қанағаттандырылған өтініштер саны да 570-тен 877-ке жоғарылаған. Прокурорлық мониторинг барысында сот із-түзсіз жоғалып кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған, ал іс жүзінде тірі және өмір сүріп жатқан 112 азаматтың барын анықтаған. Із-түзсіз жоғалып кеткен деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдар бұл уақытта нотариалдық іс-әрекеттер жасап, автокөлік құралдарын тіркеген, әкімшілік жауапкершілікке тартылған, түрлі қызметтерді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген, олардың еңбекақыларынан міндетті зейнетақылық жарналар ұсталған. Мәселен, Астана қаласы Алматы аудандық сотының шешімімен бұрынғы жұбайының өтініші бойынша 2013 жылы азамат Ж. із-түзсіз жоғалып кетті деп танылған, ал сегіз жылдан кейін қайтыс болды деп жарияланған. Алайда тексеріс барысында осы жылдар бойы ол адам өзінің туған жері Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүріп келген, ал қазіргі уақытта ауыл мектептерінің бірінде директор қызметін атқарып жүр. Сондай-ақ оны қайтыс болды деп жариялағаннан кейін ол екі мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Мұндай оқиғалар өте көп. Жамбыл облысында із-түзсіз жоқ болып кетті деп танылған 27 адамның 8-і жол жүру билеттерін алған. Бұл нені білдіреді? Адамдардың жауапкершілігінің жоқтығын көрсетеді. Әйтпесе тиісті орындардың мәліметтер базасы немесе басқа іздеу жолдары арқылы адамды табуға болады ғой.

Бірақ адамның мінезі күрделеніп бара жатқаны рас, әсіресе жасөспірім балаларды өтпелі кезеңде абайлаған абзал. Мұндай кезеңде олар ашуға ерік бергіш келеді. Отбасындағы және айналасындағы болып жатқан оқиғаларды ақылмен емес, көңіл күйдің өлшемімен шешуге тырысады. Сондықтан кез келген нәрсеге ақылмен, сабырмен қараған абзал-ау...

Дереккөз: "Айқын" газеті
03 қаңтар 2020 ж. 937 0