Ұрпақ тәрбиесі – ұлы іс
Кеңестік кезеңдері Келінтөбе ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен Ләззат Қалдыбаева тоқсаныншы жылғы тоқырауда балабақша жабылып қалған соң біраз жыл жұмыссыз қалғанын айтады. 2013 жылы ескі балабақша орнына 90 орындық жаңа бүлдіршіндер мекені салынып, соның меңгерушілігіне тағайындалыпты. Ұжым құрамын жаңадан жасақтауда өзі жақсы білетін ауылдағы жанұя жағдайларын көңіл терезесінен өткізіп, бірінші кезекте мұқтаж жандарды жұмысқа орналастыруға күш салғанын жеткізді.
Қазірде мекемеде 35 қызметкер, оның ішінде 16 педқызметкер 6 топта жұмыс жасайды. 10 тәрбиешінің 5-уі модератор, 3-уі сарапшы. Бірнешеуі 1-ші санатты тәрбиешілер. Осындай озық ойлы тәрбиешілердің арқасында 2019 жылы балабақша ұжымы облыстық семинар өткізіп, іс-тәжірибесі таратылыпты. Арасында республикалық, облыстық онлайн байқауларға бүлдіршіндер жиі қатысып, орын алып жүр екен.
Біздің кейіпкеріміз – Ләззат Тұрдалықызы Келінтөбе ауылындағы орта мектепті бітірген соң Түркістан қаласындағы педколедждің «Мектепке дейінгі даярлық» бөліміне құжат тапсырып, бала кезден сүйікті мамандығын алыпты. Туған жерге оралып, мемлекеттік «Құралай» балабақшасына келіп, Мұстафаева Құралай апайының қарауында жұмыс жасап, тәжірибе жинақтапты. Ол кезде бала саны 50, үш топ болған екен.
Қазірде өзі жетекшілік ететін заманауи «Құралай» балабақшасында жаңашылдық көп. Тәрбие бағыты оқу-іс әрекетінен гөрі шығармашылық, еркін ойынға бұрылған қазіргі методиканы меңгерген бөбектер ұжымының тәлімгерлеріне тәлімдік білім көкжиегін күнделікті ұштауда мерзімді басылымдардың ролін жақсы түсінетін басшы осы жағын әркез қадағалап отыратынын айтады. Елдің баласының келешегін түзейтін тәрбиешілер қауымының салмақты біліммен қаруланып, елдегі жаңалықтарды жетік біліп отыруында газетжурналдың маңызы үлкен. Осыны жақсы түсінген жасы зейнетке таянған бір қызметкерінің «ертең демалысқа шыққан соң да мерзімді басылымға осы төл мекемеме келіп, жазылып кетіп отырамын ғой» деген ізгі ниетінің астарында да зиялылықтың лебі есіп тұрғандай.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ