» Сотқа дейінгі хаттама татуласудың ең тиімді тәсілі

Сотқа дейінгі хаттама татуласудың ең тиімді тәсілі

Бәрімізге белгілі, көбінесе азаматтар сотқа ашу үстінде жүгінеді. «Сотқа беремін!» деген суық сөздің де ашу үстінде айтылатыны бар.
Қазіргі таңда қоғам бірлігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде соттар кешегі билер дәстүрін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды тиімділікпен шешуде. Оларды мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімгершілікке қол жеткізуіне барынша ат салысуда.
Яғни, дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешудің тетіктерін жетілдіру, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету күн тәртібінен түскен емес.
Сот жүйесінде де дауды сотқа дейін татуластыру рәсімдері ерекше орын алып жатқандығын айтып өттік. Осыған орай, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексіне енгізілген «Сотқа дейінгі хаттама» институты қолданысқа енді.
Бұл дегеніміз – тараптар арасындағы даудың сот процестерінсіз, яғни соттан тыс тәртіппен шешудің тағы бір мүмкіндігі.
Осы аталған институт аясында Жаңақорған аудандық сотында қаралған азаматтық істің бірі талап қоюшы Қ., сотқа талап қоюын беріп, онда жауапкер Д-дан 470 000 теңге қарыз ақшаны өндіруді сұраған.
Талап арызды алғаннан кейін аудандық соттың татуластырушы судьясы Э.Рыскулов татуласу рәсімін жүргізіп, бұл ретте тараптарға дауды бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін, оның салдарын түсіндірді және дәлелдемелерді аша отырып, сотқа дейінгі хаттама рәсімделді.
Сондай-ақ жасалған татуласу келісіміне сәйкес тараптар өзара келісімге келді.
Осы жасалған келісім шарт бойынша жауапкер талап қоюшының пайдасына 470000 теңге қарыз ақшасын 2022 жылдың мамыр айының 30 жұлдызына дейін толық төлеуге міндеттенді ал талап қоюшы онымен келісіп,талабынан бас тартты.
Аталған азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды және төленген мемлекеттік баж салығы талап қоюшыға қайтарылды.
Бұл көрсеткіш енгізілген жаңашылдықтың қолайлылығының бір дәлелі.
Демек, дауларды соттан тыс реттеудің де тиімді жолдары бар.
Ал соттасу тараптардың арасындағы сыйластықты жояды. Сотта тараптардың бірі «жеңіледі», бірі «жеңеді». Бұлардың арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілгені орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанарлық жай емес.
Азын-аулақ берешекті өндіру туралы талаптармен нотариусқа немесе кәсіби медиаторларға жүгінген әлдеқайда тиімді.
 «Сыйлассаң – сыйлы боласың» дегендей, татуласу тараптардың арасындағы сыйластық қарым-қатынасты сақтап қалады.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.



---
07 сәуір 2022 ж. 116 0