Соттасқаннан татуласқан маңызды
Азаматтық істер бойынша соттан тыс және сотқа дейінгі істерді жетілдіру мақсатында ҚР Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, «сотқа дейінгі хаттама» институты өз жұмысын бастағаны белгілі.
Аталған институттың негізгі мақсаты – тараптарды сотқа дейін татуласуға, дұрыс шешім қабылдау үшін қосымша уақыт беруге арналған. Татуластырушы судья талап түскен күннен кейін келесі күні сотқа дейінгі хаттама жасау құқығы түсіндіріле отырып, татуластыру рәсіміне қатысуға шақыру жіберіледі.
Судья-бітімгер, оған талап қою келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде туындаған құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығын тексереді және көрсетілген мерзімде талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту туралы мәселені шешеді.
Татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
АПК-нің 73-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес сотқа дейінгі хаттама жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сотқа талап қою келіп түскен кезде татуластырушы судья тараптарға келесі күннен кешіктірмей татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақыру мен сотқа дейінгі хаттаманың үлгісін жібереді, онда тараптар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасағысы келетін тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың ашу, ұсыну және дәлелдермен алмасу жөніндегі іс-әрекеттерін көрсетуге және іс сотта қаралған жағдайда оларды пайдалануға құқылы.
Талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі.
Татуластыру рәсімдерін жүргізу барысында татуластырушы судья тараптарға татуласудың артықшылықтары туралы түсіндіреді, тараптардың әрқайсысына өздері сілтеме жасағысы келетін өз дәлелдерін өзара ашып, ұсынуды кеңес береді.
Егер тараптар талап қоюды қабылдау сатысында татуласа алмаса, онда сот ісі татуластырушы судьяның сотқа дейінгі хаттамасымен бірге істі мәні бойынша қарау үшін басқа судьяға қайта бөлінеді.
Бүгінде татуласу рәсімдерімен аяқталған істердің саны біршама көбейген. Жаңа институт, яғни сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы 20 іс бойынша тараптар сотқа дейін татуласқан. Оның ішінде 11 іс бойынша медиация тәртібімен татуласса, 5 іс бойынша тараптар татуласу келісімін жасаған. Ал 4 іс бойынша тараптардың адвокаттары дауды реттеуге жәрдемдескен.
Осылайша бүгінгі күні азаматтық істер бойынша талап қоюшылар «сотқа дейінгі хаттама» институтының негізгі мақсаты – тараптарды сотқа дейін татуласуға, дұрыс шешім қабылдау үшін қосымша уақыт беруге арналғанын жан-жақты түсініп, соттасқаннан татуласқан маңызды екенін ұғынды.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі