№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫ БОЛҒАН ЖАН

МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫ БОЛҒАН ЖАН

Кез-келген мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы жолында мемлекеттік қызметтің алар орны айрықша. Өйткені, мемлекеттің қызметтің, алға қойған келелі міндеттерін іске асыратын да мемлекеттік қызметкер.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшіге қойылар талап, артылар жауапкершілік қашан да жоғары.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп ерекше атап өткен болатын. Мұның өзі мемлекеттік қызметшіге қоғам мен мемлекет тарапынан қойылып отырған талаптың қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.
Осынау мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген адамдар жайында сыр шертудің өзі бір ғанибет.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Жаңақорған аудандық соттының бас маманы Нысанбаева Айқыз Айтжанқызы, ол еселі еңбегімен абырой биігіне көтеріліп, білікті маман, тәжірибелі тәлімгер атанған жан.
Оны өрге жетелеген еңбек асуларын табандылықпен бағындыра білген бүгінгі кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы көпке үлгі.
Ол Жаңақорған аудандық сотында 16 жыл қызмет етіп келеді.
Айқыз Айтжанқызы 1980 жылы 12 қазан күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
1986-1997 жылдары кенттегі №163 орта мектепті аяқтаған зейінді бойжеткен арман қуып Алматы қаласындағы Орта Азиялық университетінің Құқықтану мамандығы бойынша оқуға түседі.
Оны 2002 жылы ойдағыдай тәмамдап, 2005 жылы алғаш еңбек жолын Жаңақорған аудандық сотында маман болып бастайды.
 «Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген Айқыз Айтжанқызы білімді де білікті маман ретінде таныла біліп, лауазым биігіне сатылай көтерілді.
Әрине, қызмет жоғарылаған сайын қойылар талап, жүктелер міндет, атқарар шаруа да ауқымды болары заңдылық.
Сот саласының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Еңбек, тек адал еңбек қана абыройға жеткізетінін жас кезінен-ақ көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен Айқыз өзіне сеніп тапсырылған осынау міндетті үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді.
Осындай жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалай жүріп, Айқыз Айтжанқызы бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерден еш айнымай, өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп, тәлімді тәлімгер ретінде қамқорлық танытып отырады.
Дана халқымыз «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «Түсі жылыдан түңілме» деп тегін айтпаған. Табиғатынан кішіпейіл, жүзінен шуақ шашып күлімсіреп жүретін Айқыз Айтжанқызы байыпты да байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор құрметке ие.
Ұлағатты жанның ел игілігі жолындағы атқарған еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары аудан, облыс әкімдерінің, Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісі басшысының мақтау қағаздарымен марапатталып келеді және осындай арнайы марапатқа ие болуының өзі еселі еңбектің жемісі деп білеміз.
 «Ана –үйдің берекесі, бала-үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Сол айтпақшы, Айқыз Айтжанқызы білікті маман ғана емес, ең бастысы үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген, қиын да күрделі саланың бел ортасында жүрседе отбасының да ұйытқысы, ата-ененің бабын таба білген керемет келін, адал жар, ардақты ана Ол өмірлік жолдасы Ерболмен екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсірді.
Әрбір жұмыр басты пенде саналы ғұмырында еліне елеулі қызмет атқарса борышын орындағаны. Ал, өз саласында оза шығып дараланса, нұр үстіне нұр болады дейді Айқыз Айтжанқызы...
Сөзімізге арқау болған кейіп¬керіміз осы ұстанымды өмірлік бағдар еткен.
Бағдарының байыпты екенін біліп отырмыз. Демек, барлық жұмырбасты пенде мамандығы мен адамдығын қатар қамдаса, тіршілік нұрлана түспей ме?!
---
12 қазан 2021 ж. 317 0