Қаһарманға – ескерткіш
Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке арнап ескерткіш қойылып, алаш жұрты ерекше қуанды. Әлеуметтік желі белсенділері сүйіншілеп, жағымды жаңалықты жаһанға жар сала жазып, жарысты. Бұл – мемлекет тұтастығы жолында қаһармандық еткен азаматқа деген ыстық ниет-ықыластың көрінісі.
Кеңестік билік құрсауындағы елдердін тарихы бұрмаланып, сол кездегі «саяси ауа райына» қарай икемделіп отырды. Осы салқындықты енді-енді еңсере бастағандаймыз. Тәуелсіздік тұғыры қонған сәтте де қаһарман тұлғаларды өз деңгейінде ескермей, кейбір жағдайда ұмытып, қоғамның рухани игілігіне жарата алмадық.
ХХ ғасырдың екінші ширегінде ел территориясының тұтас сақталып қалуына үлес қосқан тұлға Жұмабек Тәшенов. Бұл – даусыз, бұл – ақиқат.
Сөзіміз дәлелді, ойымыз айғақты болу үшін «Шынжырда өткен жолбарыс...» атты кітапты негізге алайық.
– ...Тәшеновтің Республика денгейіндегі бірінші басшының алдынғысының біріне айналуына Хрущев пен Бугалиннің 1955 жылы Үндістанға барған сапары бірден-бір себеп болды. Шығысқа ұшып бара жатқан барлық ұшақ жолда Ақтөбе аэропортында аялдама жасайтын. Мәскеуден Делиге дейін тура ұшатын лайнерлер ол кезде болмағандықтан Хрущев ұшағы Ақтөбеге қонады. Аэропортқа обкомның бірінші хатшысы Ж.Тәшенов қонақтарға бас тартып, қазақша сый құрмет көрсетеді. Облыстың барлық жетістіктерімен таныстырады...». Міне, осылайша Мәскеудің басшысы Хрущев көзіне түскен Жұмабектің қызметтік өрлеуі басталады. Орталық диктатураның қанша нұсқауы болғанымен ұлтын шексіз сүйген өр тұла ұлт игілігі үшін атқарылған әрбір істің басында тұрды. Қазірде Республика сарайының алдында рухани сәуле шашып тұрған Абай ескерткіші салынуы, репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының төрағасы ретінде талай-талай мықтылардың ақталуын жеделдетті, сондай-ақ, қазақ кадрларын билікке тарту және т.б. тізбектеп келтіре беруге болатын қызметтері алмағайып, – делінген кітапта.
Айдаһармен алысқан...
Ғалым, жазушы Әди Шәріпов: «Баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары мен Наурызбай сияқты батыр бабалар қан төгіп сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам – Жұмабек Тәшенов. Қазақ халқының ерте заманнан бері қоныстанған тамаша шұрайлы жерін, бір қатерден оның сақтап қалғанының куәсі болдық» – деп мемлекет қайраткерінің отан алдындағы ең ұлы қызметі туралы жазады.
Хрущев ұсынысымен тың игерілген бес облыс – Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысын Мәскеуге тікелей бағындыру жөнінде шешім қабылдаған сәтте Жұмабек Тәшенов қарсылық білдіріп, Мәскеу басшысының мысын басатындай отты мына сөздермен: «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мой родители и их родители, да и все наши предки покоятся в этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится? Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..», – деп қарсылық білдіреді.
Ол кезде Қызыл билікке қарсы сөйлеу, өз-өзін «тау жазасына» кескенмен бірдей. Осы қарсылықтан кейін-ақ Жұмабек «қызметін дұрыс атқара алмады» деген желеумен Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылып (Үкімет басшысы) Шымкент қаласына қатардағы комсомол қызметіне жіберіледі.
Иә, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, кейінірек Қазақ КСР Үкіметін басқарған, ХХ ғасырдағы ең айтулы тұлғаның бірі – Жұмабек Тәшенов Қазақстанның бес облысын – Ресейге, оңтүстіктегі Бостандық, Мақтаарал ауданын – Өзбекстанға, Маңғыстауды – Түркіменстанға бөліп беруді мұрат еткен Н.Хрущевтің саясатына «қазақтың даласы құрақ көрпе емес, әркімге үлестіріп бере беретін» деп қарсы тұрған қаһарман ұзақ уақытқа дейін өз бағасын лайықты алмады.
Сол кезде Қазақстан билігінде басшылық қызмет атқарған Исмаил Юсупов: «Қазақ халқы бір азаматқа қарыздар болса, ол – Жұмабек Тәшенов. Ол ата-бабадан қалған кең байтақ қазақ жерін жанымен қорғап, сол үшін барлық игілігінен айрылған адам», – дейді.
Сірә, осыдан кейін сөз қозғаудың өзі қиындау екен.
Түйін. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық мақтаған кісіге өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын, менің ер інім, еркек інім Жұмабек» деп баға беріпті. Міне, осындай өміршең сөзбен бүгінгі ұрпақ мақтана білуі тиіс. Елордадағы еңселі ескерткіш соның бастамасы деп ой түйдік.
Нұрлат АЙТЖАН