АДАМ ӨМІРГЕ БІР КҮНДЕ ЖӘНЕ БІР КҮНГЕ КЕЛМЕЙДІ
Кезінде Ахмет Иассауи «Тектілерден текті туылады. Бірақ сол тектілер де адам. Әрбір жаңа ұрпақ өзінің алдына мынандай сұрақтар қояды: «Біз кімбіз, ата-тегіміз кім еді, қандай жұртты мекендеген, қандай ел, мемлекет болған, адамзат дамуындағы ата-бабалардың орны қандай, олардың арасынан қандай батыр, ақын-жырау, шешендер, ел бастайтын көсемдер шықты, ел құрметтейтін, қастерлейтін қандай қасиетті жандар болды?» деген екен. Ғұламаның ғибрат сөзі ғасырлар өтсе де құнын жойған жоқ, қайта өрісі қанаттанғандай өнеге өрбіді. Бұлай әңгіме қозғаудың байыбы бар. Қазақы болмыс қалыбында үлкенді сыйлау, ағаны ардақ тұту дейтін дәремет інінің санасын сілкіп тұрады, қанға сіңген қасиетіне қозғау салады. Бәлкім, алдыңда ардақтар алты ағаң болсын, артыңда ізетті жеті інің болсын дегеннің өзі осындайдан шықса керек. Аманкелді Абдуллаев аға туралы айтар бұрын арыдан сабақты сөз саптауға тура келеді. Ол рухани лауазымды атақ —Аятолла атанған абырой иесі. Құрметтің қос қырын айғақтаған — «Құрмет» ордені мен «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» мәртебелі марапатын кеудесіне таққан танымал тұлға. Ең бастысы, еленген ел ағасы!
Біз ертегідегідей темір таяқ тебендей, темір етік теңгедей болып, тірлікте төккен тердің тәттісін таңдайы татқан, абыз адамға айналған Аманкелді ағаны сәтін тауып, сұхбат алаңына шақырдық.
—Есімге көп нәрсе байланысты. Аманкелді есімінде не ерекшелік бар?
—Байқасаңыз, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар төлінде Аманкелді есімі көп кездеседі. Бұл ырым секілді. Менің есімімді әкемнің інісі соғыстан аман келгенін білдіріп қойған.
—Үнемі еңбекпен өткен уақыттың белгісінде меже мен мұрат тұрады. Сіз үшін меже қайсы, мұрат қайсы?
—Қазақтың «атаның баласы болма адамның баласы бол» деп тағылымға тәрбиелеген талбесігі талаптануға, қияларға қанат қағуға, намысқа тырысуға ширататын тәмсіл. Осы тәмсіл келешек орныңды межелеуге тұтқа. Ал, мұрат биік көкжиек. Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғаннан ермейді. Ол – көзін ашып, тіршілікті тану, үйрену үшін ғана ұмтылады. Біз әкенің өсиеті мен ананың қасиеті арқылы жетілдік, отбасылық тәрбие мектебінен тәлім алып өстік. Соның жемісі шығар, асыл мұраттарға ұмтылдық, несібелі нәтижесін көріп келеміз.
—Келмеске кеткен кешегі күндер қазір елес секілді. Сонда да болса балалық, жігіттік шақ естелігін еске түсіріп көрсек.
—Адам бір күнде және бір күнге келмейді. Өмір-өзен өзексіз, өткелсіз болмайды. Әрбір кезеңнің ұмытылмас көрінісі бар. «Жасыңда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін ұғым текке айтылмаған. Арманшыл болдық, Қаратауға қарап өстік, тау биігіндей асуларды бағындыруды көздедік. Мен де уағында аз бейнет кешпедім. Мүбәрәк әкеме ілесіп төрт жыл қой бақтым. Жастықтың қызығы мен қиыншылығын қатар өткізген Құланшы өзені бойындағы Томанның сазын қазір сағынамын. Жұпар иісті жусанын аңсаймын. Арманшыл дегеннен шығады, есекпен Қырашқа келемін. Жалғыз-жарым отырған қойшыға Қыраш қала сияқты көрінеді. Содан екі дорбаны толтырып, кітап аламын. Осыны бір аптаның ішінде оқып шығамын, ал, кітапхананың қорын да бір жылда тауысамын. Сосын Бірліктің кітапханасына көшемін. Бозторғай әуелеткен әуенге қосылып, дархан даланың ашық театрында жалғыз әртіс образын сомдаушы едік. Кейін Қапланбек совхоз-техникумында оқып, Түгіскенде кадр, есеп, кәсіподақ, партия қызметкері болып, өсу баспалдағын аттадық. Институтты бітіргесін Талап совхозында сектор меңгерушісі, Өзгент, Бірлік совхозында директор лауазымын атқардық. Бірлік шаруашылығында әрбір жүз саулықтан жүз жиырма қозыдан алып, сексен пайыз қой басын аман сақтау бойынша республикада топ жардық. Міне, осылай сырғып өмір өте берді.
—Санаторияны басқару жолыңыз қалай болды?
—Сыпайылық – жан азығы, көрегендік – ой қазығы деген емес пе, сәл нәрсені де сабырлылықпен қараған дұрыс ғой. Жаңақорғанның атын алысқа шығарған санаториясы екені даусыз.Сол санатория ел егемендік алған өтпелі кезеңде тоқырауға түсіп, жұмыс ырғағы төмендеп кетті. Осыны ескеріп, сол уақыттағы аудан әкімі Салхадин Мырзабеков маған сенім артып, жауапкершілік жүктеді. Енді кері шегінетін жер болмады. Белді будым. Шындап кіріссең шешілмейтін мәселе жоқ. Әрине, оған аз тер төгілмеді. Енді нәтижесі көрініп тұр. Шипасымен қатар төңірегі көкмайса, жасыл желекке оранды.
—Биыл қос той қабат келді. Отау құрып, отбасы болғанға елу жыл және сіздің жетпіс жасқа толу мерейтойыңыз. Құтты болсын, қуаныш көп болсын! Алдымен, жігіт Аманкелді жарын қалай тапты? Соны айтсаңыз.
—Саған қызық оқиғаны баяндайын. Студент кезім. Демалысқа шығып, Сатымсайдағы нағашымның үйіне келдім. Қасымда екі серігім бар. Кешкілік көрші үйде туған күн кеші өтіп жатыр екен, бізді қонақ етіп шақырды. Жігітпіз ғой, қыздармен билігіміз келеді. Бардық. Содан уыздай бір қыз «сіз менімен билейсіз» деп қолқа сала берді. Ол аздай «сіз маған үйленесіз және төрт ұл, екі қызымыз болады» демесі бар ма. Мен аң-таңмын. Сәуегей дейін десем, жап-жас қыз. Қызықтың көкесі сосын болды. Тауға әкеме барсам «бізге келін керек, алып кел» деп төтеден қойып қалды. Бұйырған кетпейді дегендей, әлгі қыз маңдайға жазылып тұр екен, үйлендік. Сол қызыңыз мына Фатима апаң.
Негізі, Фатима түс көріп, түсін әжесіне жорытады. Түсте ол нан пісіріп жатқанда мен барып, екеуміз қақ бөліп жеген екенбіз. Сосын қыт-қыттаған тауық оны еріксіз шақырып, барып қараса ұяда төрт үлкен, екі шағын жұмыртқа жатыр екен. Оны етегіне салып алады. Осыны әжесі жорамалдап, болашақ күйеуін болжаған көрінеді. Шынында, біз қосылдық, төрт ұл, екі қыз сүйдік. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық отбасында қалыптасады. Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтауда зайыбым Фатиманың орнын мақтан етемін. Соның жемісі дәмді және тәтті. Тұңғышымыз Бақытжан- санаторияны басқарып отыр. Бижамал – «Нархоз» университетінің доценті, Қамбар –облыста есеп комиссиясының төрағасы, Қанат-Қармақшы аудандық сотының төрағасы, Гұлнұр- кәсіпкер, Алмат- аудан прокурорының орынбасары. Балалардан 20 немере, 2 шөбере өсіп келеді. Осылай бақытты отбасыға айналдық.
—Дана қазақта “кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді” деген қанатты сөз бар. Сол айтпақшы, кеңдікке жетері бар ма?
—Сөзің рас. Құс патшасы бүркіт: – мені адамзат қолына түсіре көрме. Түсе қалған жағдайда тоғыз ұлы, тоқсан айғыры бар жанға тап қыл", – дейтін көрінеді. Оның үстіне "Аздың атасы бар, көптің батасы бар" – демей ме бабалар. Ақылы көзінде, қасиеті сөзінде болатын ұлт болмысы сөзді де дәл тауып айтқанына қайранмын. Жалпы, азамат дүниені емес, дүние азаматты қууы керек. Құдайға шүкір, бұйырғаны бар ғой. Қол жәрдем мен сөз жәрдемнен құр алақан емеспін. Жетім-жесірге көмектесуде шет қалғаным жоқ. Нүргүл деген қызды Ұлттық агарарлық университетте оқуына, интернаттағы10 оқушының киім-кешегіне көмектесіп тұрамын. Ал, Түгіскендегі бір қарияға бес бөлмелі үй салып бердім. Осындай мысалдар айтуға болады. Әйтеуір елдің тұрмысы түзелсе деп тілеймін.
Біз болашаққа қызмет етуіміз тиіс. Осыны ойлап, «Жұбаныш-А» бала бақшасын іске қостық. Ондағы мақсат- бүлдіршін білімді болсын, өмірмен күресуге лайықты азамат болсын деген ниет еді. Қазір барлық жабдығы мен озық технологиясы қамтылған, ағылшын тілін үйрететін бақша жасадық. Оған өтініш білдіріп, баласын алып келіп жатқан ата-ана өте көп. Демек, елдің ойынан шыққан.
—Сіз бақытты адамсыз. Оған өз бағаңыз қалай?
—Бақыт -кең ұғым. Меніңше, бақыт — барам деген жерге барып, көрем дегенді көріп, жарың жаныңда, ұрпақтың ортасында, үлкендік жолыңа сызат түсірмей, төрде отыру деп білем.
—Әңгімеңізге рахмет.
Қаныбек ӘБДУОВ.