№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Болмыс биігі

Ұстаз – ұлы жүрек иесі. Адамзат тәрбиешісіне тән бүкіл қасиетті бір бойына сыйдыра алған жанның бірі – Зинабдин ағамыздың бүкіл ғұмыры ұстаздық міндетін мінсіз атқаруға арналыпты. Қашан көрсеңіз де, қай ортада кездестірсеңіз де өзін аға тұтып, әке тұтып қаумалаған қалың көпшіліктің арасында жүзі жадырап, бекзат болмысына бек үйлескен қоңыр даусымен үлкендік ақыл-кеңесін бөлісіп отырар мінез қалыбына өзім жас кезімнен-ақ қанық болғандаймын.

2008 жылдар, менің облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы қызметінде жүрген кезім. Басқармадағы жауапты қызметімізге қоса әрбірімізге белгіленіп берілген аудандарға жетекшілік ету міндеттелді. Мен Жаңақорған, Сырдария, Арал, Жалағаш аудандарына кураторлық еткен жылдары бұл ауданға талай рет жолым түсті. Өңірдің білім саласы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, индустрия, кәсіпкерлік, денсаулық, ішкі саясат, мәдениет, спорттағы жетістіктерін саралап отыруда жергілікті жердегі мекеме басшылары, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшыларымен қояма-қолтық байланыста болдым.

Зинабдин Шермағанбетов бұл кездері аудан орталығындағы №3 мектеп интернатын басқарып тұрған кезі. Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келген азаматтың қандай салада болсын жан-жақты біліктілігімен бағыт-бағдар бере алатын біліктілігіне талай куә болдық.

Зинабдин ағамыздың өз жұмысына жетік іскерлігі, жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білетін қабілетіне өзі басқарған білім ошақтарындағы жетістіктері дәлел болса керек. Өткенге сәл шегініс жасап, тарихты парақтап көрейікші.

1973 жылы Зинабдин Шермағамбетұлы өзі туып-өскен Кеңес ауылында жаңадан салынған №239 орталау мектебіне директор болып тағайындалады. Бұған дейін Талап ауылындағы №54 орта мектепте мұғалім, мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқарған жалынды жас ауыл мектебін гүлдендіруге бар күшін салады. Мектептің оқу-материалдық базасын жасап, мүғалім кадрлармен қамтамасыз етуде тың ізденістерге барады. 1975 жылдан 1992 жылға дейін Талап ауылындағы №54 орта мектебінің директоры болды. Осы он жеті жылда ол басқарған №54 орта мектебі облыс, республика көлеиінде алдыңғы қатарлы білім ордасы болды. Екі рет арнайы тәжірибелік плакаты таратылып, мектеп бірнеше рет жарыс жеңімпазы атанды. Оқушылардың білім сапасының озықтығы жөнінен облыс көлемінде мойындалған оқу ордасын көпшілік «Шығыстағы Шермағамбетовтың мектебі» деп дәріптеуі де тегіннен-тегін емес. Мектепен 2 «КСРО білім беру ісінің үздігі», 7 «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», 6 «Аға мұғалімнің» шығуы, мектептің аты облыстың Құрмет тақтасында жазылып, аймақтың «Құрмет грамотасын» еншілеуі осы еңбектің нәтижесі.

1979 жылы мектеп үйі жаңадан салынды. Осы оқу ошағының кабинеттік оқу жүйесіне көшуіне, автотехникалық сынып ашып, білімгерлердің мектеп қабырғасында жүріп мамандануына қажырлы қызмет етті. Мектеп жанынан ашылған өнер мектебінің халықтық атақ алуына жағдай жасады. Тарихиөлкетану мұражайы жабдықталды. Ауыл мектебінің ауласы жасыл желекке айналды. Зәкеңнің осы кезеңдегі еңбектері орынды бағаланып, «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Ал 1984 жылы «КСРО Білім беру ісінің үздігі» белгісіне ие болды. Облысқа, республикаға беолгілі насихатшы ретінде тәжірибесі таратылып, «Білім» қоғамының республикалық 8 сьезіне делегат болып қатысты.

Зинабдин Шермағамбетовтың Жаңақорған ауданы әкімі орынбасары болған кездер егемендіктің елеңалаңындағы қиындықтармен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде аудан идеология саласына жетекшілік ету салиқалы мінез, сабырлы ұстаным иесінің қарым-қабілетін ұштап, елмен етене жақындастыра түсті. Аудандық білім бөліміне басшылық еткен алты жылда (1995-2001( елімізде жүргізіліп жатқан оңтайландыру саясаты жоспарынан жол тауып, барынша білім саласының басынан бағы таймауына маңдай терін төкті.

Мұнан кейінгі он жылда ол басқарған аудан орталығындағы №3 мектеп-интернаты аудан, облыс, республика көлемінде алдыңғы қатарлы білім ордасы болып есептелді. Соңғы он жыл бойы аудандағы «Ең үздік білім ордасы» атанып, облыстағы ең үздік он мектептің бірі, ал республикада 2201-2004, 2007 жылдары ҰБТ қорытыныдысы бойынша білімді 100 мектептің қатарында болды. Соңғы 7 жылда 15 оқушы мектепті үздік аттестатпен бітірсе, 12 оқушы «Алтын белгі» иегерлері болды. 2005 тен 2009 жылға дейін мектеп бітірген түлектердің 70-90 пайызы грант иегерлері атанды. 2010 жылы бұл мектепт ен 3 «Алтын белгі» иегері, 1 «Үздік аттестат», 2011 жылы 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.10 оқушы облыстық олимпиаданың жүлдегері болды. 7 оқушы ҚР Кіші Ғылым Академиясының «Ғылыми жобалар» байқауының жүлдегерлері атанды. Нәтижесінде мектеп екі рет (2004 және 2008 жылдары) облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл жетістіктердің барлығы Зинабдин Шермағанбетұлының аса зор ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесі екенін екінің бірі мойындаса керек. Қандай ортада, қандай қызмет сатысында жүрсе де айналасына жүрегінің шуағын төгіп жүрер азамат ұжымды да осындай ізгілікке, ауызбіршілікке, ынтымаққа ұйыта білген сыңайлы. Қарауындағыларға қаталдықтан гөрі қамқорлығы басым болған абзал азаматтың ізі мен қолтаңбасы қалған орталарда бүгін өзім де жиі болып, өткеннің өнегесінің өшпейтініне толық көз жеткізіп келемін. Мұны дәстүр сабақтастығы дейді.

Шәкірттеріне дәріс беріп, өз бойындағы мирасты өнеге еткен тұлға тұтас ұстаздар қауымын да тәрбиелей алыпты. Ол кісінің тағылымын алған ізбасар әріптестері мектепте Зинабдин Шермағамбетов қалыптастырып кеткен әдет-дағдыдан жаңылмай, білімді ұрпақ тәрбиелеуде алтын уақытты аямауды ар ісіне айналдырғаны аңғарылады. Шәкіртіне 45 минуттық дәріс берумен шектелмей, сабақтан тыс уақытта да қосымша алып қалып, жаңа сабақты бала миына құйып бергенше жаны тыныштық таппайтын, кәсібіне адал берілген ұстаздар шоғыры осының дәлелі. Келешек тәлімгер буын да осы жандардан үлгі алса нұр үстіне нұр.

2008 жылдары болу керек, аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатында өтіп жатқан мерекелік шараның үстінен түстім. Көрермен болып шәкірттер өнеріне қол соғып отырмыз. Жас өрендер ортаға шығып би билеп, сахнадан түсті. Директор ағайлары қасынан өтіп бара жатқан өнерлілердің басынан сипап, «жарайсыңдар» деп қалтасынан ақша алып, үлестіріп жатқанын байқап қалдым. Бала емес пе, жүздері жайнап қуанып тұр. Ол кезде басым көпшілігі интернатта жатып оқитын кембағалдау үйдің балалары. Әдейілеп берсең намыстанып алмас та, ағайымыз соның жолын тауып жәудір жанарларды қуантып жатқанына қарап отырып менің жүрегім елжіреді. Міне, біздің барлығымызға бірдей аяулы жан, ардақты ұстаз Зинабдин аға осындай жан. Оған Құдай әдейі тауып қосқандай Зөреш апамыз қандай жарасымды жұп. Сексеннің сеңгіріне келген аяулы жандардың осы күнге дін аман, ел құрметінің биігінде жетуі де көптің осындай тілегі дер едім.

Бекжан ШАХИЗАТҰЛЫ
15 қараша 2023 ж. 848 0