АСҚАР ТАУДАЙ АЗАМАТ
Шын мәнінде, өмір деген өте күрделі құбылыс, адамның санасына түсініксіз жерлері көп құбылыс десе де болады. Өмір атты ұзақ жолда сан қилы белестерден, сан қилы өткелдерден өтесің. Өмір атты ұлы дүрмекте жақсымен де, жаманмен де тілдесесің, араласасың. Үлкейген сайын жақсылардың жақсылығын парақтап, өткеніңді ой елегінен, түйгеніңді түйсігіңнен өткізетін, барыңды бағалап, бағамдайтын сәттер көбейе түседі екен. Өзіңе кездескен жақсы адамдардың арасында жүрегіңнің түкпірінен ойып орын алған, ыстық ықыласына бөленген аяулы тұлғалар болады.
Сондай аяулы, қимас жандардың бірі – Жаңақорған жұртына түгел танымал, абзал азамат Әметхан Жүнайдов болатын. Өмір ешкімге мәңгілік берілмеген. Өмір –дәптер болса, адам оның қаламы. Тірлігіңде қаламыңмен парағыңа не жазсаң, өміріңде солар ғана қалады. Қимас жандардан қай кезде айрылып қалатыныңды білмейсің. Бірге туған бауырларының қамқоршысы болып, ақылын айтып, жөн көрсетіп жүретін, тек ғана жылы сөзімен, жақсы ісімен ғана естерінде қалған Әметхан бауырымыз үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін, іні-қарындастарының арқа сүйер,асқар таудай ағасы еді.
Ислам дінінде «Көркем мінез», «Көркем мінезді кісі» деген ұғым бар. Мұндай адамдар біріншіден, жаратқанның жақсы сынына да, қатал сынына да шүкіршілікпен қарайды. Екіншіден, ол адамның қолы да, жүрегіде жомарт, таза болады. Үшіншіден, ондай адамдар басы жерге тигенше еш адам баласына зиян келтірмейді, жамандық жасамайды. Осындай асыл қасиеттер Әметханның бойында бар болатын. Осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген бауырымыздың жаны пейіштің төрінен орын алған болар.
Нағыз мұсылман адамның екі белгісі бар:1. Мұсылманға тілі тимеген;2. Мұсылманға қолы көтерілмеген. Осы екі қасиетте Әметханның бойында бар болатын.
Айта кететін бір жайт,1983 жылы ауданда күріш ору-жинау науқаны қарқынды жүріп жатқан уақыт болатын. Түн ортасына дейін комбайн, жаткалар орып, бастырып, машиналарға тиеп қырманға күріш жіберіп жатқан, қайнап жатқан кез. Бұл кезде Әметхан Жаңақорған аудандық ішкі істер басқармасының МАИ бөлімшесінің бастығы қызметінде еді. Жан-жағына, жол бойына барынша назар салып келе жатқан автомашинаның жүрісі Әметханға ыңғайсыздау көрінді. Неде болса күтейін деп ойлап машинаның жарығын сөндіріп совхоздағы айналма жолдың жиегіне тоқтады. Байқаса, машина толған күрішті ұрлап бара жатқан жақын ауылдың азаматы екен. Тоқтатып күріштің құжатын сұраса, құжат жоқ болып шықты. Енді не істеу керек деп ұзақ ойланды. Апарып заң орнына тапсырса, бір автокөліктің жұмысы тоқтайды, көлік иесі ұрлық істегені үшін қылмысқа тартылады. Жүргізуші жас жігіт екен, «басшылар апарып таста деп еді, сосын апара жатырмын» деп ақталуда. Жүргізушінің ұрламағаны белгілі болып тұр. Автобаздың машинасы екен, көмекке келген. Апарып қырманға барып төктірейін десе, күріштің құжаты жоқ. Қайтадан комбайнға апарып, құжат жасап, күрішті қырманға төктіріп, жүргізушінің куәлігін уақытша алып, машинаны тоқтатып, қырман басына қойған. Содан автобазаның колонна басшысы келіп, болған жағдаймен қаныққаннан кейін, Әметханнан кешірім сұрап, үлкен алғысын білдіріп, машинасын алып кеткен. Сол жүргізуші Әметхан дүниеден өткенше іні болып хабарласып тұрған екен. Мен өмірден жақсы адамдардың арқасында үлкен сабақ алдым деп айта-айта жүріпті.
Я, адам сезіміндегі нәзіктік жетілген болса, соғұрлым оның адамгершілігі биік сатыда екендігі, мәдениетті жоғары болатыны осы оқиғадан-ақ көрініп тұр.
Жемісті де тиянақты еңбегі үшін Әметхан «Үздік милиция қызметкері», I, II,III дәрежелі «Милиция үздігі» медалімен және бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі таңда төрт ұл-қыздарынан он бір немере тарап отыр.
Баласы Құрбан әкесін еске алу кезінде, «Өткенін ескерген - өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан - өшкендіктің белгісі» деп халық даналығы айтқандай, өмір жолында жүру ережесі әркімге әртүрлі берілетіні белгілі. Менің де өмірден алған сабағым бар. Әкем өмірден өткеннен кейін біздің барлығымызға үлкен жауапкершілік түсті. Артындағы ұрпағына әке деген асқар тау атыңызды, өлмес хатыңызды қалдырдыңыз. Осы үлгіні балаларымның, яғни Сіздің ұрпағыңыздың бойына сіңдірер болсам, Сіздің алдыңыздағы басты парызымның бірін орындаған болар едім», – дептебіренген болатын.
Есімі сыйласқан дос-жаран, құда-жекжат, туыс-бауырлар жүрегінде жазылып, бейнесі жадында сақталып қалған, ақкөңіл,бұл дүниеден жарқылдап өткен Әметхан ініміз бүгінгі бақытты күндерге жете алмады. Ұрпағының шыққан биігін, жеткен жетістіктерін көре алмады. Көше ықпалы мен тәрбиесіне елікпей, желікпей әке ұлағаты мен шеше тәрбиесін ұстанған, рухани жетілгендігіне қызы Айгүлдің дәрігер, ұлы Құрбанның тәртіп сақшысы саласының қызметкері болуы куә.
Халқымыздың «Бақ-дәулет қолдағы мұз, бала-шаға артыңда қалған із, бұл дүниенің бар мәні сыйластық – сіз бен біз» деген даналық сөздері Әбекеңнің өз өмір жолындағы берік ұстанымын бейнелеп тұрғандай көрінеді. Осы күні кейбіреулер болмашы нәрсені әсірелеп, даңғаза қылып жатады. Ал, көптеген қарапайым адамдар небір үлкен істерді атқарса да, мақтанып масаттанбайды, өзгермейді, сол қалпында қалады. Әметхан бауырымыз да сондай қарапайым жан болатын. Қазақтың ақиық ақын қызы Ақұштап Бақтыгеереваның өлеңінде
«Қулық пен сұмдық, алдауды,
Не деген бақыт білмеген»
- деген керемет жолдар бар. Қулық-сұмдықты білмей, ақпейілмен адал өмір сүрудің өзі нағыз бақыт емес пе? Әметхан Жүнаидұлын да өз ғұмырында адалдан ас ішіп, еш кісінің ала жібін аттамай, таза өмір сүрген азамат деп атауға әбден болады.
Дүниеде мәңгі ешнәрсе жоқ. Мәңгі тек қана уақыт – құдірет. Себебі, оның басы да жоқ, аяғы да жоқ. Осы шексіз уақыт кеңістігінде жасындай жарқырап, жалындап өмір сүрген, ненің жақсы, ненің жаман екенін бүкіл өн бойымен сезінетін Әметхан бауырымыз биыл жетпіс жасқа толғалы отыр.
Жалған дүние деген осы екен ғой! Зымырап өтіп жатқан шіркін уақыт десеңізші! Кеше ғанаортамызды толтырып, жан-жағын жинақтап, әулеттің көшбасшысы болып жүрген Әметхан бауырымыздың өмірден өткеніне де он екі жылдың жүзі болып қалыпты. Жатқан жерін жайлы, жаның жәннатта, иманың жолдас болсын, бауырым!