№43 (8857) 14

14 маусым 2025 ж.

№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Қаламы қан жұтқан қайраткерлер

Қаламы қан жұтқан қайраткерлер


2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қоюы – тарих алдындағы әділдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам болды. Осы жарлық негізінде республикалық және өңірлік комиссиялар құрылып, сталиндік репрессия құрбандарын зерттеу және ақтау бағытындағы жүйелі жұмыстар басталды.


Большевиктік-сталиндік биліктің ха­лықты аяусыз қуғындаған саясаты, оның ішінде сөз бостандығы үшін күрескен қаламгерлерге жасаған қысастығы ар­хивтік құжаттар арқылы айқындалып келеді. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының зерттеулері бойынша, қасірет жылдардағы жазықсыз жазаланғандардың қатарында 125 журналистің болғаны анықталып отыр. Бұл – тек дерек емес, қазақ журналистикасының тарихындағы ащы шындық.
Ұлт мүддесі жолында қаламын қару еткен тұлғалардың алдыңғы қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов сынды елдің рухани тұтастығы үшін күрескен ардақты есімдер бар. Сол зұлмат заманда кеңестік билік өзіне қауіпті санаған, елдің ертеңі үшін сөз сөйлеген, ой жазған әрбір азаматты аямады. Қарапайым тілші мен бас редактор да бұл зұлматтан шет қалған жоқ. Бұл – қасіретті кезеңнің нақты көрінісі.
Деректерге көз жүгіртсек, ұлттық баспасөздің іргетасы ХХ ғасыр басында қаланған. Мәселен, 1907 жылы Петерборда «Серке», Троицкіде «Қазақ газеті» жарық көрді. Бұл – еркін ой мен тәуелсіз баспасөзге ұмтылудың алғашқы қарлығаштары еді. Кейін 1911 жылы «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен «Қа­зақ» газеті, одан кейін «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сынды басылымдар жарық көріп, ұлт санасын оятуда үлкен рөл атқарды. Бұл басылымдарда қызмет атқарған қайраткерлердің көпшілігі қуғын-сүргіннің құрбаны болды. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бастамасымен олардың есімдері жұртшылыққа қайта таныстырылды. Бұл тізім – ұлт үшін құрбан болған, сөзі үшін сотталған арыстардың шежіресін тарқатты.
Мәселен, «Егемен Қазақстан» газеті әр жылдары түрлі атпен жарық көріп тұрғанда (1919–1938 жж. аралығында – «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл Қазақ», «Социалистік Қазақстан») онда редактор, тілші, бөлім меңгерушісі, автор ретінде еңбек еткен тұлғалар түгелге жуық қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ғаббас Тоғжановтар да бар.
Сондай-ақ облыстық газеттер де бұл нәубеттен шет қалмады. Солтүстік Қазақстандағы «Ленин туы» мен «Бостандық туы», Оралдағы «Қызыл ту», Шымкенттегі «Правда Южного Казахстана» басылымдарының редакторлары мен қызметкерлері де қуғын-сүргінге ұшырап, оққа ұшты. Олардың арасында Шайдулла Молдабеков, Сейілбек Үсенов, Сабыр Айтхожин, Ахмет Мәметов секілді тұлғалар бар.
Осы орайда, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев бұл төңіректе әлі де зерттейтін, әлі де толықтыратын деректердің көптігін алға тартады. Жазушының сөзінше, саяси тұрғыда қудалану қазақ журналистикасының маңдайына о баста жазылып қойылғандай-тын, өйткені ол едәуір дамыған империялық баспасөздің көлеңкесінде, бодандық жағдайда туды. Егер сан салалы, жан-жақты дамыған, дәстүрге бай орыс журналистикасына бүгінде үш жүз жыл толса, қазақ баспасөзінің жасы оның жартысына да жеткен жоқ, әрі әуелде оның шекпенін жамылып, дүниеге аударма түрінде келді. Ол патша әскері Қазақстанның оңтүстік аймағын қарулы күшпен басып алып, империя құрамына қосқаннан кейін ғана, отарлық тәуелділік ахуалда пайда болған.
Иә, саяси қуғын-сүргін – халқымыздың рухын тұншықтырған қасіретті кезең ғана емес, әділет жолында құрбан болған боздақтардың ерлік пен өрлік тағдыры еді. Қаламы үшін қуғындалған қайраткерлер – қазақ журналистикасының шынар шыңы, тәуелсіз ойдың мәңгі шамшырағы екені сөзсіз.

Дайындаған Айсұлу Алданазар

31 мамыр 2025 ж. 324 0