Күн сайын саған Отаным, Жақсылық тілеп жатамын!

Қазақ әдебиетінің классигі, ақын Әбділда Тәжібаев ағамыздың өткен ғасырда қаламынан туған осы жүрек сөзі бүгін де маңызды. Өнер адамдарының жан әлемінің ғажайыптығы сонда, өлшеулі өмірдің өнегесінен бөлек өздерінің соңына адамзатқа мәңгі мұра – сөнбейтін махаббат отының алауын жағып кете алатындығында. Бала кезімізде көкіректе жатталған осы асқақ тілекке бүгін де адалмыз.
Бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, стратегиялық бағдарға сай әрекет ету ұлт болашағын ойлаған азаматтар алдында тұрған аса маңызды міндет. Осы мақсатты түбегейлі жүзеге асыруда негізі қаланған Қазақстан халықтары Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр.
Қай қоғамда да алға қарай қадам басу перспективалары ең бірінші адам және оның еңбегімен айқындалады. Олай болса елімізде өмір сүріп, болашаққа бірге қадам басқан этнос өкілдерімен ой-арман, мақсат-мұратымыздың үндестік тауып жатуы маңызды. Бұл орайда Ассамблея өзінің отыз жылдық белесінде тек бірлік пен ынтымақтың ғана емес, жанашырлық пен мейірімнің де символына айналды.
«Бірлік ұғымы қазіргі дүниежүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға бәріміз де куә болып отырмыз. Шын мәнінде «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақыл бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ» – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі өткен Қазақстан халқы Ассамблясының ХХХІVсессиясында сөйлеген сөзінде.
Адал перзент туған жер тағдырынан тыс тұра алмайды. Жатса да, тұрса да соның қамын жеп, қуанышына ортақтасып, қиындығын жүрегінен өткізеді. Мына өмір осындай жандармен мағыналы.
Елдегі тыныштықтың, тұрақтылықтың қадірін өзімізден де гөрі жетік бағалайтын этнос өкілдері Жаңақорғанды бүгін де өз атамекені санайды, айтар алғысы да шексіз. Өткен ғасырдың басында осы өлкеге келіп орнығып, жергілікті халықтың жанашыр қамқорлығын жүрекпен сезінген ата-бабадан құлаққа сіңген өсиет-өнеге осындай. Солардың қатарында түрік бауырымыз, марқұм, отан соғысының майдангері Шамшудин Изотовтың отбасында жиі болып тұрамыз. Осындай бір сұхбатта ол кісілердің Түркияның Стамбул қаласындағы туыстарына қонаққа барып қайтқанын білдік. Құр барып қайтпай, барған жерінде Қазақстан, оның ішінде Жаңақорған туралы аузынан суы құрығанша әңгімелейтін осы бауырларымызды екі елдің арасындағы елшілер десек те болады. Кісі ресми қарым-қатынастағы мәмілегерліктен де, телевизорда немесе әлеуметтік желідегі насихаттан да гөрі шынайы адами пейілге, шын жүректен ақтарылған өмір шындығына иек артады. Олай болса, ел мен елді жалғап жүрген ағайынның жөні бір бөлек дер едік.
Жақында бұл кісілер Измирге барған сапарында сонда тұрғызылған Абай атаның, Жамбыл атаның ескерткішін тәу етіп, Қазақстанның қадірін бұрынғыдан да терең бағалап, ұлылығын көңілге түйіп қайтқанын айтты.
«Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде елде татулық болмаса бәрі бекер. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы екіталай» деген Президент сөзі халықтар достығы мен ынтымақтастығының шын мәнін айқындап тұр. Міне, сондықтан да ынтымақ, бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – елімізді алға бастырудың, жарқын болашақ құрудың басты қағидаттары болып қала бермек.
Баян ҮСЕЙІНОВА