Жан сұлулығы


Ұшы-қиыры жоқ жер бетін еркін кезіп, жарық дүниеге құштар тілекті жазбай таныр бір киелі құс бар. Ол өзін сүйетін адамның көлдей көңіліне ұя салып, ақырғы деміне дейін санасын қалғытпай, сан түрлі сынақта желеп-жебеп, ұстыны бөлек ұшпаққа шығарады екен. Бірақ екінің бірінің әзіз жаратылысы оның мекені емес. Өз егесін тауып мейірлі жүрегін мекен еткен бұл киелі құстың шеті де, шегі де жоқ миссиясы – осы. Бүгінгі кейіпкерімізді көпке таңдаулы еткен ғажайып тылсымның сыры осында.


Жанұяда перзенттің алды болғанның жауапкершілігі үлкен, буыны қатып үлгірместен колхозда мақта еккен ата-анаға қолқабысқа жарады. Кейін Мақтаралдан туған жерге көшіп келген соң күріш звеноводы болған әкелері алдымен өз балаларын жұмыстың ауырына жеккенде табандылыққа тәрбиелеп, жан-жақты тө­зімді болып ержетсе дегенді мақсат етсе керек. Жер-ананың төсінен ырзық тергенге несібесі де таудай екен, сонымен бірге бұл киелі кәсіптің ерік пен жігерді сынға салар тауқыметі де аз емес еді. Егіс даласында тер төккен үлкендерге үлгісімен атыз бойында қалып кетер масақты мәпелеп, талай күріштікке су жібергенде тұтқиылдан лап қоятын тасқынды бөгеп белуардан лай кешкен күндерін Айсара апа күні бүгінге дейін ұмыта алмайды.
Айсара орта мектептен соң ата-анасының батасын алып, оқуға аттанып, Түркістан педагогикалық училищесінің «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінде білім алды. Еңбек жолын Өзгент ауылындағы №16 «Жадыра» балабақшасында бастады. Осында жұмыс атқарған жылдары балабақшаның тынысын кеңейтуде кәсіби биік деңгейімен бірден көзге түседі. Балабақша меңгерушісі Маруся Тұрсынбаева қандай тапсырманы болсын іліп әкететін жас талапты жан-жақты кәсібилікке баулыды. Ізденімпаз маманның тағы бір қыры – суретшілік қабілетінің тәрбиешілердің әдістемелік жұмысын өзгеше үйлестіріп сабақтың көрнекілігін арттырды. Айналадағы дүниені сұлу жаратылған қалпында танып, шынайы табиғатын жас ұрпақ бойына еге білуде бойда бар осынау талантын шыңдап, біліктілікпен жұмыс атқарған оның еңбегін басшылық бағалап, әлі жас деп қарамай, «Красная звезде» совхозындағы мемлекеттік №13 «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі етіп тағайындайды. Балабақша ұжымының жетпіс сегізінші жылдары облыста өткен семинарда жүлделі орын алуы да басшының іскерлік қабілетінің бір дәлелі еді.
Айсара Нәлібаева 1998 жылы аудан орталығындағы №5 «Балғын» балалар бақшасына басшылыққа келді. Бұл кез қай саланың да өтпелі кезең тұсындағы өндіршегі үзілгелі тұрған жағдайын оңалтуға жол таппай дағдарған қиын кезеңдер еді. Біраз балабақшалар жабылып қалған. Бұл мекеме де солардың қатарында «шықпа жаным шықпамен» әзер сақталып тұр екен. Мұны көріп, жағдайды жанынан өткізген бала бағбаны сан құраулы түйткілдің түйінін шешу жолдарын іздестірді. Қаншама отбасының күнкөрісіне жарап, еңбекпен қамтып отырған еңселі шаңырақтың шырқын кетірмей, шырайын кіргізудің жолы қандай? Мекеме жанынан қосалқы шаруашылық ашып қосымша қаржы көздіктерін табу міндеті де қилы кәсіп түрін көсе-көлденеңдеді. Қайсысы болсын, оң жамбасқа келетінінен кері тұрар жөні жоқ, әуелі құдай, не айтса да белін бекем буып, қолдауға әзір ұйымшыл ұжымының ынта-ықыласын бел тұтты. Осылайша, базары тарқап, басынан бағы ұшқалы тұрған бүлдіршіндер ұясының тамырына қан жүгіртіп, қалыпты тынысына тірек бола білді.
Екі мыңыншы жылдардан бастап өңіріміздің бауырында игерусіз жатқан маржан кенін маң­дайдың терімен аршып-айырып, пайдаға жаратудың технологиялық жобасына түрен салынды. Респуб­ликалық ведомствоға тиесілі алпауыт компаниялар сырдың кенді қойнауын игерумен қатар аймақтың әлеуметтік жағдайына көмектесуді жауапкершілікке алды. Солардың қатарында «Петро Қазақстан» АҚ-ның Айсара Нәлібаева басшылық жасайтын №5 балалар бақшасын шептік қамқорлыққа алуы бөбектер мекенінің өрісін кеңге жайып, заманауи келбетін айшықтандыра түсті деуімізге болады. Мекеме басшылығы балалар мекенін материалдық-техникалық жаңынан аяққа нық қоюда демеуші болумен қатар мереке сайын бөбектер мекеніне арнайы келіп, түрлі ойыншықтар мен тәттілер тарту етіп жататынына баспасөз мамандары қатарында талай куә болып жүрдік.
Өңіріміздегі қуатты компаниялардың осындай ауырлау мезгіл мезетінде бүлдіршіндер мекенін аяғынан тік тұрғызып, демеп отырған қамқор ықыласы қаншама ата-ананың жүрегін қуанышқа бөлеп, тапшылық екі бүйірден қысқан кезеңдерден балалар ұясын тарықтырмай алып шығып, балабақшадағы қызметкерлер құрамын да толық сақтап қала алды.
Бұл жөнінде сол кездегі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Пахмаддин Айнақожаев: «Айсара апай сол кезде ауданда жабылып қалған бірнеше балабақша сынды тұралап тұрған мекемені екі жылдай өз күшімен ұстап тұрды деуге болады. Бұл шынында да екінің бірінің қолынан келе бермейтін тәуекел еді» дейді.
Тастай талапты алдыға тарту аз, істің көзін таба білер кәсібилікке табиғи табандылығын серік еткен жанның арқасында ауыр күндер артта қалды. Бір топ әзер құралатын бүлдіршіндер санын бес топқа жеткізді. Содан бергі уақытта бұл шаңырақтан мыңдаған періште тілек қанаттанып ұшып жатыр.
Журналист ретінде арнайы шақырумен періштелер мекенінде өтетін түрлі шараларға барғанда байқайтынымыз, мұндағы әрбір бала бағбанына қойылар талап – тәртіп мен тазалық, мейірім мен ізгілік жымдаса өріліп, жағымды аурасымен жылы әсерге бөлейді. Үлкен-кішісі бір ортақ мүддеге жұмылған мұндай ажарлы ахуалға қалай қол жеткізуге болады? Алғаусыз жүректің тазалығымен дер едік.
Кәсібіне шын ниетпен берілу өз алдына, қарауындағыларға қамқорлығы басым бас­шының әрбірінің жай-жағдайларына жетік көңіл бөлуі ұжым мүшелерін бір отбасының баласындай біріктіре түсті. Ол кісінің қашанда қолында барымен көмектесуді қалап тұратын қадір-қасиетіне қанық мекеме қызметкерлерінің қайбірінің де міндетті жұмысын мінсіз атқаруға тырысқан пейілінің астарында осындай алғыс сезімі жататын.

Іс тетігі – ұйымдастыруға байланысты десек, ұжымды басқарудағы біліктілігі, қара­пайымдылығы, ізгілікті ұстанымнан таймай­тындығы болар, қырық бес жыл басшылық қызметінде әлдекімдердің бірде-бір рет түсінік жазып, арыз-шағым атаулының кездеспеуі, басшының жалпыға бірдей жанашыр қағиданы мықты ұстана білген кеңжүректігін танытса керек.

Болашақ тәрбиесіндегі тынымсыз еңбегі орынды бағаланып, Айсара Машбекқызы осы жылдары «Ыбырай Алтынсарин» медалін кеудесіне тақты.
Қоғам дамыған сайын талап пен талғамның да өсетіні белгілі. Осыны терең сезіне отырып, қарамағындағыларға нақты талап қоя білген білікті басшы бала бағбандарының кәсіби деңгейде әлеуетінің артып, санатының жоғарылауына тікелей қамқорлық жасады. Нақтылап айтсақ, күнделікті жұмысынан бөлек отбасы, ошақ қасында да күйбеңі көп, жанұя жауапкершілігін мойынға ілген мекемедегі қыз-келіншектер сол кезеңдерде өздерінің одан әрі арнайы және жоғары оқу орындарында білімін жалғауына аналық кеңес беріп, жанашырлық жәрдемін аямаған кең жүректі апайларының көмегінің арқасында білікті маман болып қалыптасып, кәсіп көкжиегін бағындырып келе жатқанын көңілге тоқ санайды.
Бір адамның жаққан отына мың адам жылынатыны секілді, Айсара апайларынан алған тәлім-тәрбиесін өмірлік ұстаным еткен ізбасарлары осы үлгіні, осы ізді әрі қарай жалғап, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаудан жаңылған емес. Соның бір көрінісі, Айсара апайдың тәрбиелеген шәкірті – Гүлмира Сейілова басшылық ететін балабақша ұжымы наурыз, басқа да атаулы күндерде сала ардагерлерін орталарына арнайы шақырып, құрмет көрсетумен қатар әріптестер болып өзара меншікті мерекелерін де мезіретсіз қалдырмауды дағдыға айналдырыпты. Осындай тамыры терең сырлы сабақтастық өркен жайған өрендер ұясы кеше-бүгін Айсара апаларын ортаға алып, жетпіс жасқа толуымен құттықтады. Бүлдіршіндер тақпақтарын айтып, балабақшада үйренген өнерлерін ортаға салды.

*

«Жақсылықтың жолы ұзын. Мейлі үлкен болсын, кіші болсын, мәні, мазмұны әрқилы болсын, қолыңнан келсе, жақсылық жасауды біл». Әкесі Машбек пен аналары Бибіштің отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қызының құлағына бала кезден құйған тағы­лымы осындай еді.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей-ақ, қиын күндерде отбасына қолұшын созып, табанынан тік тұрып кетуге көмектескен аяулы жан туралы осы ұжымда еңбек етіп келе жатқан Алменова Оразкүлдің айтқан әңгімесінен Айсара апайдың ата-ана өсиетіне адалдығын танығандай болдық.
«2007 жылдардың кезі. Ерім де, өзім де жұмыссызбыз. Бес баламыз әлі майда. Базарға шығып картоп саттым. Бір күні балабақша­ның пеші тартпай қалған екен, жолдасым Құрманғазының қолының еп-себі барын естіген болу керек, шақыртқан соң барып жұмысын бітіріп келді. Келесі күні апай жолдасымды балабақшаға от жағушы етіп жұмысқа алатынын айтыпты. Отбасымыздың жағдайымен таныса келе ретін тауып мені де жұмысқа алды. Сөйтіп екеуміз де жұмыспен қамтылдық. Жағдайымыз ретеліп, отбасының шырайы кіре түсті. Апай титтей нәрсені назардан тыс қалдырмай бағамдап отыратын. Қыс түссе есік алдына көмір түсіртіп бергенінен «Бәрібір қалталап тасисыңдар, онан да тынып отырыңдар» деген емеуріні анық сезіліп, біз де барынша адал еңбек етіп, жұмысымызға мін түсірмеуге тырыстық. Үш бөлмелі үйіміз бар еді, апайымыздың «балаларың өсіп келеді, жаңа баспана салуға кіріскендерің жөн» деген ақылымен іске кірістік. Сол қашан біткенше апай көмегін үзбеді. Күз түскенде шатыры жабылып бітпеген жағдайын уайымдап отырсақ, «Игілік дүкеніне 200 дана шифер дайындап кеттім. Барып алып кетіңдер» деп апай звондап тұр. Ол аз болса бес-алты баланы тауып үйге жібергенін айтып тездетіп шатырды қақтырып алыңдар деді Мұндай жақсылықты менің туғаным да істемейді.
Ұлым аяқастынан келін әкеліп, кешірім кәдесіне ақша таппай асып-сасып жатқанымда жоғымды тауып беріп қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымды көмегін аямаған апайымның жақсылықтарын айтып тауыса алмаймын. Мен ғана емес, ұжымдағы барлығының жағдайына алаңдап, қиналыңқырап жүргендерге үнемі қамқорлығын көрсетіп отырды» десе, бабалақша медбикесі Шатарат Юсупова «Мен 1984 жылы Жаңақорғанға Юсуповтар отбасына келін болып түстім. Алғашқы жылдары аудандық емханада медбике болып істедім. 2006 жылдан бастап балалар мекенінде сәбилердің саулығына бас-көз болып келемін. Апайдың айрықша мінезі – балаларды жақсы көреді, кейде бөбектермен бірге қосылып ән шырқап, бір демалып қалдым дейтін. Ол кісінің төбесі көрінді дегенше балалар алдынан жүгіріп шығатын, бәрінің басынан сипап, бауырына қысатын қасиетінен жаңылмады.
Ол кісі басшымын деп көкірек кермей, ұжымдағы әріптестердің қызықшылықта­ры­на теңдей ортақтасатын. Тұңғыш қызымыз – Саодатты үйден ұзатқан едік. Апай түрік халқы тойының төрінде отырып тойымызға ақ тілегін айтты. Тоқсан жастан аса ғұмыр кешіп дүниеден өткен енеміз – Гүміш апаны қатты қадірлеп, жай уақыттарда да арнайы келіп батасын алып кететін» деп ағынан жарылды.

*

Айсара Машбекқызының зейнетке шыққа­нына да он жылдан астам уақыт өтті. Десе де қоғам өмірінен қол үзбеген ұстаз ұрпақ тәрбиесіне етене араласумен қатар ауданда­ғы әйел-аналар арасында тәлімдік өнегесін жалғасуда. Ол ұлттың үлгілі дәстүрлерін ұлық­тап отыруды алдымен өз отбасы, әулетінен асып елдік деңгейде насихаттап отыруға үлкен мән беріп келеді.
Ел анасының қоғам, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері орынды бағасын алды. Білім бе­ру саласының ардагері Айсара Машбекқызы осыдан екі жыл бұрын «Құрмет» орденінің иегері атанды. Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы». Отбасында ері Райыс екеуі 6 перзент өсіріп, тәрбиелеп отыр.

*

Кеше, жұма күні аудан әкімі Мажит Самитов ардагер ұстазды арнайы қабылдап, жетпіс жылдық мерейлі жасымен құттықтады. Құрмет грамотасын табыстап, сый-құрметін көрсетті.
Аудандық әйелдер кеңесі және аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлағат­ты ұстаз» деген тақырыпта А.Нәлібаеваның 70 жасқа толуына байланысты мерейтойлық кешінде сөз алған аудан әкімі орынбасары Бек­тас Нуридинов, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әзия Қыстаубаева, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан журналистер одағының Құрметті қайраткері Пахмаддин Айнахожаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Нарымбет Көлжанов, №169 орта мектебі директоры Әділмырза Таждинов, медицина саласының ардагері Фатима Момбекова, «Алматы ақшамы» газетінің журналисі Әйгерім Райысова, №5 «Балғын» бабалар бақшасының меңгерушісі Гүлмира Сейіловалар құттықтау сөз алып, сый-құрметтерін көрсетті.
– Баршаңыздың алдында өткен өмір жол­дарым көз алдымнан өтіп, терең ойға да қалдырып отыр. Қаншама қиындықты еңсеріп, абыройды келенудің астарында адал маңдай тердің жататынына еңбек жолым арқылы толық көзім жеткен жанмын. Еңбек – бүкіл әлемнің әміршісі. Соның нығметін сезініп, құрметіне бөленгенім үшін әуелі Аллаға, одан соң ата-анама, келін болып түскен әулет-жұрағатыма, жалпы қазақ еліне басымды иемін, – деп жүрек сөзін толқыныспен жеткізді кеш иесі.
Кеш Кенже Әкімбаеваның орындауында “Жолыққан қандай жақсы” әнімен қоры­тыланды.
Шараны аудандық әйелдер ұйымы төрайымы Ақмарал Маликова жүргізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 ақпан 2025 ж. 288 0