№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кеудесі алтын сандық ағалардың

Кеудесі алтын сандық ағалардың

Ауданымыздың егін шаруашылығында еселі табыстарға қол жеткізуі өз алдына еңбек өнімділігіне негіз қалауда алғаш жариялылықтың жаңалығын алып келгендер қатарында қарапайым еңбек адамдары да болды. Соның бірі де, бірегейі – Түгіскен кеңшарының озат күрішшісі Молдахмет Ибрагимовтың есімі көпке жақсы таныс.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан әкімі Мажит Самитұлы еңбек адамын арнайы қабылдап, мерейлі жетпіс бес жасқа толуымен құттықтады. Жаңақорған ауданының Құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты. – Бүгінде ауданымыз ел экономикасының басты драйвері саналатын ауыл шаруашылығында интенсивті технологияға қол жеткізген, дәстүрлі дақылдарды өсіріп-баптаудың жоғары өнімділігін қамтамасыз еткен үлгілі аудан ретінде танылып келеді. Осы жетістіктердің түп негізінде арды ойлаған аға ұрпақтың адал бейнетпен суарылған ерлік баяны жатыр. Туған жерге деген сүйіспеншілікпен төккен тер өтеусіз қалмақ емес. Бүкіл еңбек жолыңыздағы марапатыңыз соның дәлелі болса, бүгінгі ұрпақ сіздердің өнегелеріңізді үлгі тұтады. Әрдайым ақылман ұстазымыз болып алдымызда аманесен жүре беріңіз, – деп жарқын лебізін білдірді аудан басшысы. Молдахмет Сүлейменұлы еңбек жолын шопандықтан бастаған. Жетпісінші жылдардан бастап Түгіскен кеңшарында жүргізуші, гараж меңгерушісі, комсомолдар бригадасының бригадирі, Түгіскен мемлекеттік тұқым шаруашылығы болып құрылғаннан бастап аға агроном болып қызмет атқарды. Ауданда будандастыру тәсілімен ендірілген күріштің жаңа сорттарының өнімділігін дәлелдеді. Оның күріш өсірудің шебері болумен қатар білікті менеджер екендігі істі ұйымдастыруда айқын танылды. Оның дәлелі, ол басқарған ұжым облыста бірінші рет ұжымдық жалға алу тәртібін ендіріп еңбек процесіндегі теңгермешілдіктің сеңін бұзды. Яғни, артық бейнет қылғанның берекесі басым, жалақысы жоғары болуы еңбек адамдарының белсенділігін арттырды. Ұжым жетекшісі Молдахмет Ибрагимов звеносындағы еңбеккерлердің жұмыс күнін тиімді пайдалануда қосалқы шаруашылық ашудың өзектілігін дәлелдеді. Диқандар екі-үш сағат аңызақта күріш баптаса қалған бос уақытында төрт түлікті баптауы үшін мал бордақылау комплексін ашып берді. Мал табынын бос қалған егінжайдың тұнып тұрған масағына бағып жер телімін тиімді пайдалану, екінші жағынан мал басын арттыруда жайылымның көзін тапты. Сонымен қатар қолынан іс келетіндер құрылыс обьектілерін меншіктеп, совхоздың тұрғын үйлерін, мал бағу кешендерін салумен айналысты. Олар сонда еңбек етіп, жұмыс күнінде екі-үш есе артық еңбеккүннің жазылуы халықтың тұрмысын ілгерілетті. Ал еңбеккерге жағдай жасау мәселесіне келсек, жұмысшыларға соғылған арнайы кешенде моншаға түсіп, телевизор көру, салқындатқыштың астында демалып, мұздатқыш пайдалану, қолы қалт еткенде теннис, бильярд ойнау, футбол, волейболмен шұғылдану сынды өзгеге қол жетпестей көрінген жағдайға Ибрагимовтың звеносы сол кездің өзінде-ақ еге болды. Ауыл азаматы осындай ізденісімен Қазақстан жастар одағының сыйлығына ие болған. Қонаевтың қолынан Құттықтау адресатын алды. Оқымаса да табиғи дарынының арқасында ғалымдардың өзін нақты практика жүзінде мойындатты.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің семинарында обкомның 1 хатшысы Нұржан Әуелбековтың алдында баяндама жасап, күріштің бір сабағында 137 дән байлаған тәжірибесіне күмәнданған жұрттың көзін жеткізу үшін қалтасына салып барған дақыл дәнін санап көрсеткен сәттері күні кешегідей есінде. Молдахмет Ибрагимовтың түс қашып, түн қатып жүріп атқарған осындай еңбектері жөнінде замандастары, кезінде ұлағатынан тоқып-түйгені көп інілері қатарында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, кент ардагерлер кеңесі төрағасы Серхожа Ыдырысов, Түгіскен аулылындағы қадірменді ел ағасы, белгілі кәсіпкер Зұлпыхар Сыздықов терең әңгімелеп берді. Алымы кең, танымы терең жанның қарапайым жұмысшыдан Түгіскен шаруашылығы директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілуі де осындай зеректігінің, іскерлігінің, елдің көңілінен шығып, көптің қолдауын иеленгенінің арқасы болса керек. Ол кісіні бүгін де ауылдағылар қапысыз тыңдайды, алдынан кесе өтпейді, айтқанын екі етпейді. Молдахмет Ибрагимов Аққорған ауылдық ақса қалдар кеңесінің төрағасы ретінде ауданның дамуына қатысты келелі ой, парасатты пікірін айтып, ел бірлігіне таянышқа жараған табиғатынан әлі де танған емес. «Көңіл көңілден су ішеді» дегендей, егде тартқан жанға жылы ықыластың шуағының өзі қымбат екенін жасырмаған еңбек адамының ерекше тебіренісі біздің де көңілімізді толқытты. Жетпістің бесеуіне толған қадірменді қария, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», Қызылорда облысының Құрметті ардагері өзін төрге оздырып, арнайы сый-құрметін көрсетіп жатқан аудан басшысына алғаусыз ризалығын білдіріп, ақ батасын берді.
15 желтоқсан 2024 ж. 75 0