№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тарихы терең Түгіскен

Тарихы терең Түгіскен


Сыр бойының орта ағысында орналасқан Түгіскен алқабы ежелден тарих парақтарынан орын тапқан өңір. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының шекара маңынан Шиелі ауданының Қарғалы елді мекеніне дейінгі аралықта осы өңірдің тіршілік еткенін дәлелдейтін ел тарихынан қалған мына бір әңгімені тілге тиек етейік.


Көненің көзі, ел абыздарынан жеткен деректерді негізге алсақ, арғы жағы Балтакөлден басталатын, бергісі Қаратөбе мен Абызтөбе, Келінтөбе, Аққорған, Өзгент, Балапан төбеге дейінгі аралықта отырған қалың ел тіршілік еткен. Сол даналардан қалған мына бір әңгіме ойға оралады.
Елдің тығыз орналасқаны жөнінде: «Қала үйлерінің шатырында секірген лақ табаны жерге тимей о шеті мен бұ шетіне дейін өтеді, – деген әңгіме айтылады екен. Сол қойын-қолтық араласып жатқан елдің бар-жоғы жиырма-отыз жылда бұл жерде ізі де қалмай, босып кеткені өкінішті. Мұның бәрі 1916-1918 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс және 1931-1932 жылғы ашаршылықтың салдары деседі.
Сыр бойындағы халықтың оңтүстікке Өзбекстан мен Тәжікстанға ауып кеткендігі туралы ақиқат та тарихтан белгілі. Осылайша, бұл аймақ елсіз-күйсіз қаңырап бос қалған. Ежелгі тарихқа көз салсақ, Әму мен Сыр өзендерінің арасындағы бірнеше ғасыр өмір сүрген Мәуереннаһр мемлекетінің аумағы бүгінгі Түгіскен ауылының төңірегі болыпты. Сол кезеңдердегі ескі қалалардың бірі Аққорған. Ортағасырлық қамалдың аты бүгінге дейін сақталып қалған. Ол жөнінде ежелгі тарих бетінде, «Аққорған Сыр өзенінің орта ағасында Түркістан өңірінде, Жаңақорған мен Сайрамның аралығында орналасқан» – деп айтылған.
Ал, парсы жазуларында «Аркук пен Өзгенттің аралығында орналасқан» – деп келеді. Салынған және құлаған мерзімдері белгісіз. 1447 жылдың қарсаңында осы маңның басқа да қалаларымен бірге Аққорғанды Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр басып алған. Үзкентке (Өзгент) жорық жасап бара жатқан Абдолла 2 Аққорғанды басып өткен. 1582 жылы маусымда болашақ қазақ ханы Тәуекел сұлтан Абдолла 2-нің ағасы Ибадолла сұлтанмен Аққорған маңындағы жайлауда кездескен деген дерек бар. Тағы бір деректе: «Өзбек хандығы 15 ғасырдың 20-60 жылдарында Қазақстан жерінде өмір сүрген феодал мемлекет. 1446 жылы Әбілхайыр хан Сырдарияның орта бойындағы қалаларды (Созақ, Сығанақ, Аркөк, Аққорған, Өзгент т.б.) басып алған» делінеді. Сыр бойындағы ежелгі мекен туралы тарихшы Әлімжан Ержанов былай дейді: «Аққорғанды 1970 жылы Отырар археологиялық экспедициясы, Карл Байпаковтың бастамасымен алғаш рет зерттеген болатын. Одан кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи университетінің жанынан құрылған археология бөлімінің мамандары шағын қазба
жұмыстарын жүргізді.
Аққорған – қазіргі Түгіскеннің оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан.
Тарихи деректерге сүйенсек, Шыңғыс хан әскері Сыр бойындағы қалаларды жаулап алу кезінде Сығанақ, Өзгент мекендері айтылған. Бұдан Аққорғанның Шыңғыс хан дәуірінен кейін пайда болған қамал екенін түсінуімізге болатын сияқты» деп жазады.
Ежелгі Аққорған, бүгінде Түгіскен атауын алған өңірдің бүгінгі күйі басқа. Құлазып жатқан мекенді игеру үшін қажырлы тер төккен Зұлпыхар Мұсахановтың еңбегін ел жақсы біледі. Сол кездегі Қазақстан компартиясының І хатшысы Дінмұхамед Ахметұлының алдына барып, жердің жайын түсіндіріп, қайта жандануына жәрдем беруін сұраған екен. Осы өңірдің игерілуіне аянбай еңбек еткен ел азаматы аймаққа бірінші басшы етіп Мұстақым Ыхсановты жіберіп, Түгіскен массивін игеруді бастатқан. Осы азамат бастаған келелі істі кейінгі облыс басшылары Х.Бектұрғанов, Исатай Әбдікәрімов пен Ғафур Мұқаммеджанов, Шәймерден Бәкіров сынды ел ағалары атқарды. Ұзындығы 100 шақырым, секундына 100 шаршы метр су ағатын канал қазылып, осы алқапқа 25000 мыңға жуық халықты көшіріп келіп, орналастыруына басшылық еткен де осы кісілер болатын. Сол кездегі совхоз басшылары болған Ж.Атабаев, Ә.Нұртазаев, Ш.Зәреров, Н.Дайырханов сынды азаматтар осы өңірді игеруге өз ғұмырларын арнады. 1969 жылдың 9 қыркүйегінде сол кездегі республиканың басшысы Дінмұхаммед Қонаев осы ауданның Қожакент ауылы (ол уақытта КПСС-тің ХХIII съезі атындағы совхоз) тұсындағы су қақпасының басына келіп, каналдан аққан алғашқы су толқынын өзі көріп, ел тұрғындарымен бірге тамашалаған кездің өзіміз де
куәсі болдық.
Қонаевтың көпшіліктің көзінше ел азаматы Зұлпыхар Мұсахановтың арқасынан қағып, бастамашы болған ісінің жемісіне ризашылығын білдіргенін көз көрді.

Ермахан ТӨРЕҚОЖАЕВ,
еңбек ардагері

05 қараша 2024 ж. 381 0