№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Бесік – атадан жеткен асыл мұра

Бесік – атадан жеткен асыл мұра


Дала өркениетінен бүгінгі күнге дейін сан ғасырды өткерсе де сәні мен тұрпатын жоймай, киесі мен қасиеті сақталған құнды жәдігерімізді қаншалықты аялап жүрміз? Ұрпақтың ұлағатты болып, ұланғайыр жерді иемденіп, рух бекемдігінің жаһанға жайылуына себепкер болған ұлттық құндылығымызды қалай дәріптеп жүрміз? Көненің көзін көрген киелі бесік тақырыбын тереңдетпекке тарихқа үңілдік.


Тұлғалар бесікте тербеледі

Өлкеміздің өткен дәуірінен сыр шертіп, құпиясын қойнына сақтап тұрған аудандық өлкежай мұражайында 2231 экспонат бар. Соның ішінде ең көне жәдігердің бірі – ағаш бесік. Көнетоз бұйымның айтылмаған сыры көп. Бұл туралы көп жылдар музейдің қор сақтаушысы болып қызмет атқарған Рахима Әбсаттарова кезінде мол деректермен бөліскен.
– Бұл тал бесіктің құрылысы өте ерекше. Бір шеге қағылмай жасалған. Мұны Қыраш ауылынан бір қария әкеп тапсырды. Бала-шағасымен үлкен қалаға қоныстанатындықтан қара бесік қараусыз қалып, аяқасты болмасын деген ниетпен біздің мекемеге әкеліп өткізді. Міне, сол өткізген күннің өзіне 33 жыл өтті, – деген.
Тынымбай Нұрамағамбетовтің «Періш­телер өлімі» атты романында бесіктің киесі туралы астарлы ақиқатпен жеткізеді. Адуынды әйелдің шайлаулау мінезі ұрпағына кесірі тиіп, бесіктің бос қалғанын тамаша суреттейді. Осы туындыдан-ақ қазақ елі үшін бесіктің қадір-қасиеті қандай болғанын аңғаруға болады.
Бүгінде көненің қолынан шыққан шегесіз бесікті тұтынып, оның қадірін білетіндер аз. Кентте тоқсан жыл бойы үш ұрпақ жаңартқан көне бесікті көзінің қарашығындай қадірлеп, ұрпағына мирас етіп жүрген отбасы бар. Ұсталығымен елге әйгілі болған Әлімбет Алданазарұлының қолынан шыққан ағаш бесік немерелері мен шөберелерінің қорғанына айналған. Бесіктің киесі жайында әңгіме еткен ұрпақтарының айтары көп. Ауырған балаға шипа, бала күткен анаға дауа болған киелі жәдігер бір сәт бала жөргегінен арылмағанына қайран қаласыз.

– Бұл бесікте талай бала бөленіпті. Әлі де нәрестеден кенде емес. Шаңырағына сәби келсін деп ұзақ жыл бойы бір пұшпаққа зар болған келіндерге ырымдап көтергіземіз. Бұл дәстүр ата-бабадан келе жатқан салт. Жаратушының нығметіне шек бар ма, көп аналар осы жәдігерді құт санайды, – деді ұрпағы Айсұлу Алданазар.
Тарихқа зер салсақ, бесікте жатқан талай сәбидің оттан, судан және дауыл-дүлейден аман қалғаны жайында білуге болады. Қазақстандағы ең көне жәдігер Кереку өлкесінде табылды. Жәдігер жайында ғалымдар зерттей келе ең көне бұйымға жатады деп топшылады.
Кешегі Қаратаудан көш ауып, ел бет-бетімен бозған шақта Сауран болысының биі болған Байболат атаның ұрпағының ізіне жау түскенде киелі бесік ұрпағын құтқарыпты деген де аңыз бар. Ұрпағын өлтіру жазасына кескен шақта бесіктегі немересін тау асырып, аман сақтап қалуды ойлайды. Бәйбішесі жанына келін-кепшігін ертіп, түнделетіп қыр аспақ болады. Әр қадамын сақтықпен аңдып жүрген қаныпезерлер ізіне түскен көрінеді. Түйенің өркешіне бесікті матап, алдыңғы топты бастап келе жатқан көшбасы тік жарға келген сәтте түйенің жүгі ауып өрге ылдилайды. Көз жасы көл болған ананы көрген солдаттар баланың мерт болғанына сеніп, аттың басын кері бұрып жөніне кетеді.
Таң ата өрге көз тастап қараса, Жаратқанның құдіреті шығар, түйенің мойны қайырылып өлгенімен, бесік дін аман екен. Дереу төменге түсіп, бесікті ашып қараса дымнан қаперсіз нәресте ұйқыда жатады. Осылайша, бүтін бір әулеттің ұрпағы аман қалыпты деседі.
Осындай оқиғалар бүгінгі күнде де орын алып жүр. Өткен жылы Алматы қаласында газ баллоны жарылып, бүкіл отбасы мүшелері қаза тапқанда, бесіктегі жас баланың аман қалуы да таңғажайып оқиға болды.

Бесікті неге нағашысы әкеледі?

Сәби дүниеге келгенде жақын-жұрағатты жиып, бесік той жасаймыз. Қанымызға сіңген салттың байыбына барсақ, бесікті нағашы әжесі әкеледі. Оған қоса баланың 7 жасқа дейін киетін киімі, ойыншығы, тәттісі, “тыштымасы” бар. Мұның мәні неде? Бесікті басқа туыстар әкелуге болмай ма? Осы сауалға жазушы, ұлттың анасы Зейнеп Ахметованың жауабы төмендегідей:
– Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйластығы болса, екін­шіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек.
Иә, құдалықты мың жылдыққа ұластырып, туыстық атаудың қадір-қасиетін байқататын салттың түпкі мағынасына енді ғана терең бойлап жүрген секілдіміз.

Дәріптеу ме, даңғазалық па?

Тілші болғандықтан мәдени шараларға жиі қатысамыз. Балабақшалар мен мек­тептерде өтетін іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр түрлері көрсетіліп, насихатталады. Кейбірін көріп отырып, қарның ашады. Кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып әлдилеп, бесікті жөн-жосықсыз тербетеді. Көз үйренген сахналық көрініс. Апырау, қай дәуірде қазақ бос бесікті тербетіпті? Бұл – жаман ырым. Ауыз әдебиетімізде «Бос бесік тербетіліп қалды» деп перзенті шетінеп кеткенді астарлайды. Сорақысы сол шығар, он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны қытығыңа тиеді емес пе? «Көрініс көрсеткенде тұрған не бар?» деп міз қақпайтын тәлімгерлерді қалай тәрбиелемекпіз?
Ашығын айтсақ, бесіктің киесі ұратынын білмейміз. Қазіргі жас келіндер баланы бесікке қалай салуды біле бермейтіні де ұлтымызға сын болып тұр. Құтхананың орнын «памперс» басқан заманда біреуге насихат айтудың өзі әбестікке айналды ғой деймін. Төркінінен теберік болып жеткен жәдігердің шаң басып бір бұрышта тұрғаны көңілді құлазытады. Керексіз заттай ескі сарайда сарғайып жатқаны қаншама, обалдағы-ай...

ТҮЙІН. Түбегінен құт дарып, ұлағатты өсіп-жетіліп, сайын далада сәйгүліктей оза шапқан талай дарындар бесікте тербеліп, қасиет қонды. Оған бір ғана мысал, Мұқаға­ли ақынның бесігін күзеткен періштелер жайында талай жазушылар жарыса жазды. Тарихтан тағылым алмайынша, бабалар теберігін тәу ете алмаспыз-ау. Баланы бесікке бөлеу – ұрпақты бақытқа бөлеу екенін білсек игі.

Мақпал МАРҚАБАЙ
25 қазан 2024 ж. 221 0