» » » Қалдырған ізің мәңгілік

Қалдырған ізің мәңгілік


Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласы қадір тұтып, құрметтейтін «Ұстаз» ұғымы адамзат баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «ұстаз алдын көрген» деген теңеулер тегін айтылмаса керек. Біздің тұлға болып қалыптасуымызда тәлімін бойымызға сіңірген ұстаздардың еткен еңбегі ерен.


Бүгінгі күні қандай бір деңгейде тұлға болып қалыптаса алсақ, соның түп төркінінде ұзтаз еңбегі, ұстаз қолтаңбасы жатыр. Осы ретте жаныма аса жақын ұстазым – Құралай Басқожаева туралы тоқталғым келеді. Ол кісінің өте мейірімді жүзі, салмақты мінезі, мұнтаздай таза киім киісі, ақжарқын бейнесі сәби жүрегімізде мәңгі сақталып қалыпты. Сабақ өткендегі ғажап мәнері әлі де көз алдымда тұр.
Апайымыздың ақ түбіт орамалы өзі­не керемет жарасып тұратын. Мектеп ауласынан енгеннен әркім өз орнына жайғасып, тым-тырыс бола қалатынбыз. Кітап-дәптерімізді алып, оқуға дайында­лып отыратынбыз. Көшенің қиылысында кезіге қалсақ, басымызды төмен салып, именіп тұратын едік. Бұл мүлдем қор­қу емес, барынша апайымызды асқақ тұтқандығымыз.
Ешқашан дауыс көтеріп сөйлегенін көргеніміз жоқ. Биязы үнімен ескертуін айтқан кезде жай сөзінің өзі сүйектен өтердей ар-ұятымызды қамшылайтын. Екінші мәрте тәртіпсіздік жасауға дәтің бармас еді. Сөзінің астарында терең мағына жататындықтан апайдың көзінше теріс қылық көрсеткен емеспіз. Өз басым орыс тілін өте жақсы оқыдым. Әр тақырыпты талдап, талғап түсіндіретін мұғалімнің сабағы өте қызықты өтетін. Бәріміз түгел қатысып, үздік оқуға талпынатынбыз.
Ең асыл қасиеті адам баласын алалаған емес. Ол үшін жарлының да, жақыбайдың да баласы үздік оқуы керек. Сабақтан қалып қойған балалармен жеке жұмыс жасап, қатарға тез қосатын. Сабырлы мінез тұнған сырбаз мұғалімнің көңілі түскен я болмаса тұнжыраған кейпін байқамаппыз. Үнемі жылы шырайынан айнымаған асыл жанның жайдарлы жүзі бала көңілімізде қалды.
Бесінші сыныпта екіге бөлінетін болдық. Ішімнен «Құралай апайымның тобына түссем екен» деген ой болса да, апайға батып айта алмай тұрғанмын. Сыныпта тегі Абжалелова екі бірдей оқушы болдық. Мен бөлініс бойынша қарсы топқа түскен едім. Сонда ақжарқын апайым: «Біздің қараңғыдағы жарық күніміздей Зағипа қызымыз менің тобымда қалады» деп еркелетіп, өз тобына қосқанда төбем көкке бір елі жетпей қуанғаным-ай.
Кейінгі жылдары ол кісі кәсіптік мектепке ауысса да шәкірттік байланыс ажыраған емес. Оның жандүниесі кіршіксіз таза болғандықтан болар, жүрген ортасы гүлзарларға айналды. Өзінің тұрғын жайындағы гүлдің нешеме түрі өсіп тұрғанын көрген жұрт таңданысын жасыра алмас еді. Ішкі жандүниесімен астасып жатқан әсем сұлулықтың сырын аядай ғана ауласына енгенде ұғына түстік. Біз де апайымызға ұқсап бағып, айналамызды гүлге толтырып жүрген жайымыз бар. Әр гүл шешек жарған сайын апайымның ыстық алақаны маңдайымнан аялай сипағандай күй кешетінім бар.
«Ұстазы жақсының ұстамы мықты» деген емес пе? Есейе келе ұстазымыздың өнбойындағы өнегелі қасиетті бойымызға дарытып, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар. Тұлға болып танылып, маман болып машықтанған жолымда Құралай Басқожаеваның сәулелі ғұмырын ғибрат етіп, отбасы мен қызметте абыройлы болып келемін. Осы үшін де ұлағатты ұстазымның рухының алдында бас иемін.

Зағипа Әбжелелова

27 тамыз 2024 ж. 625 0