» » » Ұлы ақынның әні әуелеген кеш

Ұлы ақынның әні әуелеген кеш

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне 10 тамыз мереке болып бекітілгеніненақ халқымыздың қалам иелеріне деген ілтипатын аңғарамыз. Міне, елінің сөзін сөйлеп, ақ жолынан айнымаған нар тұлғаның мерейлі мерекесі елдің түкпір-түкпірінде тойлануда. Соның бір парасы – Шалқия кенттік мәдениет үйінің кең залында облыстық ардагер әншілердің байқауы тартысты өтті.

   Мәдени кеш Абайдың шығармашылығынан сыр шертетін әуезді бейнешолуды тамашалаудан басталды. Құрметпен сахна төріне Шалқия кент әкімінің бас маманы Еркінбек Болғанбаев шақырылып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау ережесіне сай 55-75 жас аралығындағы кәсіби әншілер бас қосқан байқауда Абай Құнанбаевтің төл туындыларын сахна төріне алып шықты. Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған мен Қызылорда қаласының тұрғындарынан 12 үміткер өз өнерін ортаға салды.Бар ғұмырын мәдениет пен өнердің өрлеу жолына арнаған, тәжірибесі толысқан талант иелерінің өнер көргенде ақынның айтпақ болған орамды ойын тереңінен ұғына түстік. Мұның басты себебі, Абай Құнанбаевтің егде жасында өлең жазып, өмірден көрген-түйгенін қалтқысыз баян етуі, елдің тыныс-тіршілігін бір ауыз сөзге сыйдырып, тәлімге толы қанатты сөзін келер ұрпаққа аманат етуінің мән-мағынасына тереңдей түстік.

«Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп жан дүниесіндегі қопарылып жатқан ойын тап-таза сөзбен әрлеген ақынның әр әнінен қуат алатынымыз осыдан емес пе? Абайдың сарынын бұзбай, өз өңімен тебірене ән салған кәсіби әншілердің де шеберлігін мойындамасымызға лажымыз жоқ. Көрерменмен бірге ән қанатында самғап, жүрегімізге рухани құндылықтың дәнін егіп, санамыз серпіліп, ойымыз орамданып, ғибадаттан қайтқандай бір жеңілдеп қалдық.Талапкерлер арасында Ұлы Абайдың айтпағын терең ұғынған да, ирімін терең зертеген де кәсіби әншілердің болуы төбемізді көкке көтерердей қуатты. Өзінің талғамына сай домбырамен, баянмен, фортепиано, тағы да басқа музыкалық аспаптармен табиғи даусымен көрерменнің жүрек қылын қозғады.Облыстық ардагер әншілер байқауына қазылық еткен төраға Уали Ибрагимов пен Әбсұлтан Байкенжеев сахна төріне көтеріліп, қортындысын жариялады.

– Қазақтың бас ақынына деген құрмет-қошемет биігі осы кештен анық аңғарылды. Облыстың әр қиырынан өнерін арқалай келген ардагер әріптестерге алғысымыз шексіз. Әр орындау өзінше кереметтілігімен есте қалады. Осындай кеш ұйымдастушы Шалқия клуб үйінің барша қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деді Уали Ибрагимов.

Байқау қортындысында бас жүлде иесі жерлесіміз, Абай Әшімұлына табысталды. Ал, бірінші орын Гүлнаш Әбдіразақоваға, екінші орын Жұмағазы Әмзиевке бұйырды. Дарынды әншілер Мимұрат Смайлов пен Оразғали Бидашев үшінші орынды місе тұтты.

Өзі де Абай, сөзі де Абай ағамыз Абай Әшімұлын сөзге тарқанымызда:

– Адамзаттың есімі бүкіл тағдырына әсер етеді деген тәмсілге сенемін. Бар ғұмырымда Абай есіміне дақ түсірмеудің жауапкершілігін ұқтым. Осы сайыста да техникалық қателіктерге қарамастан өз мүмкіншілігімді сәтті пайдалана білдім. Әрі бұл байқау өзіме үлкен ізденіс жолын ашты дегім келеді, – дейді жеңімпаз.

«Жүздескен қандай жақсы» демекші, зейнеткерлік жасты алқымдаған ардагерлердің шығармашылығын қолдап, өнер көрсетіп, сахнаға оралуына мүмкіндік жасаған Шалқия кенттік мәдениет үйінің директоры Ғалымжан Дүйсебаевтың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Облыстық деңгейдегі байқауды өткізудің машақатын сөз етпегенде, оның қаржылық шығыны шаш етектен болары түсінікті жәйт. Міне, осындай шығынның негізгі бөлігін өз қалтасынан өтеп, көпшілік шараның жоғары деңгейде өтуіне ықыласын танытып отыр екен. Көпшілік шараға жергілікті кәсіпорындарды демеушілік етуіне ұйытқы болды. Атап айтқанда, «Шалқия доломит»ЖШС-нің басшысы А.Батыров, «SnaIkiya Dolomite Operftinq М.Оспанов, «kinqka mininq construction» ЖШС-нің басшысы Жу Сай Вен қаржылай қолдау етті.

Кешті қортындылаған ол:
– Абай Құнанбаевтай бір туар тұлғаны дәріптеу – азаматтық борышым. Сондықтан да Ұлы ақынның мерекесі еленбей қалмауы үшін осындай шара ұйымдастырдым. Ардагер әншілерге бағыттауымның себебі – Абайдың әнін ойы толысқан, кәсібиілігі жетілген орындаушы орындағаны жақсы естіледі. Әрі Абай сарынын кейінгі ұрпаққа өз қалпында жеткізудің жолы, – деді.

Түйін. Абай мұрасы – мәңгілік. Қазақтың бітім-болмысын, түртұлғасы мен салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін ұлы мұрадан тарқатып отырғанымыз соның анық дәлелі. Құлақта қалып қойған ұлы сөзі ғасырдан – ғасырға жалғасуы үшін әрбіріміз қасиетті аманатты қастерлеп өтеріміз хақ.

Мақпал МАРҚАБАЙ
14 тамыз 2023 ж. 327 0