№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » 2001 жыл: қос ақынның қуанышы

2001 жыл: қос ақынның қуанышы

Қазақ ежелден сөз өнерін құрметтеп, бойына шығар­ма­шылық қуат ұялаған ақындарды шынайы биік тұтқан. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді. ХХІ ғасырда да бұл сабақтасып жалғасқанын көруге болады. Оған 2001 жылы ақын Адырбек Сопыбеков пен айтыскер Әбіл­қайыр Сыздықовқа елдің ықылас пейілі дәлел болады.
Тәуелсіздіктің 10 жылдығы аясын­да қос ақынға қомақты қолдау жасалғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. 2001 жылдың «Алтын күз» мерекесінде Жаңақорған топырағынан түлеп ұшқан ғалымдар, жазушылар мен беделді тұлғалар бас қосып, салтанатты шараның маңызын арттырған еді. Сол кездегі аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаев «Жеңімпаз-2001» марапатына ие болған үздік шаруа қожалықтарды марапат мінберіне көте­ріп, қаржылай қолдау жасады. Кәсіп­керлік саласында белсенділік танытып жүрген бір топ жерлестердің еңбегін атап өтіп, облыс бойынша «Озат аудан» атанғанымызды жария етті.
Дала төсіндегі кең жайлауды қоныс еткен қойшылар мен егіншілерді аралап, олардың мұқтажын билікке жеткізіп, өлең жолдарына арқау еткен жергілікті ақындардың еңбегі де еш кетпеді. Салтанатты шарада қаламгер Зейнолла Серікқалиев қос ақынның адами қасиетін сөз етіп, шығармашылығын дәріптеді. Биіктігі байқала бермейтін қос талантты тұлғаның беделін көтеру туралы өз ойын жеткізді.
Алқалаған халықтың алдында екі ақынды мінберге көтерген сол кездегі әкім Нәжімадин Мұсабев тосын сыйын табыстап, елді қуанышқа бөлеген еді. Тарқата айтсақ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Адырбек Сопыбековке жеке тұрғын үйдің кілтін табыстаса, республикалық айтыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, Жастар сыйлығының иегері Әбілхайыр Сыздықовқа жаңа автокөліктін кілтін табыстады.
Халық алдында мерейі тасыған қос ақынымыз қуанышын жасыра алмай, көз жасына ерік берген-ді. Толқымай қайтсін енді, ақын болғалы алғаш рет жақсылық көріп, әкімнің ықыласына бөленіп тұр. Осынау риясыз кешті еске алған айтыскер Әбілхайыр Сыздықов:
– Бұл менің өмірімдегі алғаш кө­лік­­ке ие болған сәтім еді. Расында, Нәж­ма­дин Түркпенұлының ақындарға қол­дауы ерекше еді. Айтысқа аттанған сайын жағдайымды біліп отыратын, жүлделі орынға ие болған сәтте алғашқылардың бірі болып құттықтады. Бұл оның ақынжандылығын аңғарса керек, – деді.
Аламан ақындардың айтысына көз жүгіртсек, осыған дейінгі айтыстың төрінде Әбілхайырмен жұп болған Айнұр Тұрсынбаева сөзбен қағыта келіп, жаяу ақындығын сөз етіп, «әкіміңіз бір көлік бермейді ме?» дегені көптің есінде. Айтаскердің бір ауыз сөзіне құлақ асып, жергілікті ақындардың мерейін көтеріп, қайталанбас тарту таралғысын жасаған әкімінің ісіне ризашылылықтан өзге айтарымыз жоқ.
Осы сыйлық жалынды жастың жүрегіне сенім ұялатқандай. Жап-жаңа жигулидің тізгінін ұстаған ақын арқаланып, үлкен додаларда бәсі биік болып, жұлдызы жарқырай түсті. Осы көлік оған құт болды десек артық айтқанымыз емес. Одан кейінгі айтыстарда жүлдеге «Волга», мерседес мінсе де, алғашқы көлігінен асқан қадірлі дүние жоқтай.
Поэзия мен проза жанрында өз сара жолын қалыптастырған балалар жазушысы Адырбек Сопыбековке бір­неше жыл бойы үй беру жөнінде айтылып жүрді. Осы мәселе 2001 жылы шешімін тауып, ақынның отбасы ерекше қуанды. Бұл жөнінде ақынның жары Шәрипа апа былай еске алды:
«Шығармашылық адамы дүние байлыққа құмар болмайды екен. Республикаға аты танымал ақын бола тұра жалдамалы пәтерде өмір сүрдік. Балалы болып, баспанадан баспанаға көштік. Тұрғын үйдің тапшылығын сезінсек те еш сыр білдірмей, келген мейманға құшақ жая қарсы алып, ақ пейілін төгетін. Өмірдегі жанашыр ағалар бұл жәйтке көз жұма қарамай, ретін тауып үйлі етті. Сол сәтте өз үйіміздің болатынына сене алмай қуанған едік. Ақындығын құрметтеген азаматтарға әлі де ризамын».
Алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінде аудан руханият саласы өкілдеріне, қолдаған әрі қуанышқа кенелткен тарихи сәт туралы әріптесіміз Ерубай Қалдыбектің 2001 жылдың 9 қарашасында шыққан мақаласы сыр шертеді. Бүгінгі ақындардың шығармашылығына дем беріп, әлеуетін ескерер осындай қолдау-құрметтер көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр.

Мақпал МАРҚАБАЙ
14 тамыз 2021 ж. 366 0