№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мәлібековтің мерейі

Мәлібековтің мерейі

2020 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын алғандар қатарында қос бірдей жерлесіміз бар екен. Бірі – ақын Нұртас Исабаев. Екіншісі – Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы. Біз Жандарбек Мәлібековке хабарласып, құтты болсын айттық.

2017 жылы 75 жылдық мерейтойы аясын­да Жандарбек Мәлібекұлы арнайы келіп, жер­лес­терімен жүздесіп, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрғаны есімізде.
Сол кезде Сығанақтың топырағынан нәр алған ел ағасының шынайы қуанғанын көрген едік. Бұл жолы да ел ағасының ықылас-ниетін білдік. Иә, телефонның арғы жағындағы әйгілі сәулетшінің шынайы қуанышын сезінгендей болдық.
– Ел тізгінін ұстаған басшылар азды-көпті еңбегімізді ескеріп, мерейімізді асырып жатыр. Қуаныштымын! – деп қысқа жауап қайырды ол.
Халықтың берген бағасынан артық баға да, атақ та, даңқ та жоқ десек, Жандарбек Мәлібековті алаш жұрты құрмет тұтып, ардақтайды. Бәрінен бұрын, ағамыз ізеттілігімен парасаттылығымен, кішіпейілділігімен, қарапайымдылығымен дара­ланады.
– Мемлекеттік таңба – елдің ойы мен фило­софиясын біріктіріп, көрсететін ерекше рәміз. Сондықтан Елтаңбаның иесі де, киесі де – халық. Мен халықтың арман-мұратын кескіндедім. Ел мүддесін айқындайтын бейнелерді санамда жаң­ғыртқан Жаратқанға мың алғыс! – деп ағыт­ты әңгіме тиегін Жандарбек Мәлібекұлы.
Одан кейін әңгімеміз Елтаңбаның төңірегінде өрбіді.
– Елтаңбаның идеясының алтын тұғыры – шаңырақ. Неге десеңіз, киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болды. Сол заманнан Ұлы Дала елінде өмір кешкен түркі халықтары (қазақтың байырғы ата-бабалары) өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан, терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi – терең философияның жемiсi. Бұл тұрғыда киiз үй – шын мәнiнде әлi де зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Расында киіз үй баспана ғана емес, бүкiл қазақ халқының бол­мыс-бiтiмiн, салт-санасын, дәстүр-дағдысын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк бол­сын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – деп ашыла сөйледі сәулетші.
Әрине, ағамыздың Елтаңбаға қатысты мағы­налы ойын айтып, оның философиялық мән-мағынасын талдайтынын жақсы білеміз. Осы ретте, Жандарбек Мәлібековтің жастық шағы бізге қызық. Яғни тұлға болып қалыптасқан кезі оның шынайы болмыс-бітімін ашып беретіні сөзсіз. Бұл жайында Ташкент қаласында қатар жоғары білім алған ел ағасы Алшынбай Тұртанов қызықты бір оқиға айтып берген еді: «Бір күні «Кешкі Ташкент» газетінде Ташкент қаласының автобус аялдамаларын заманауи келбетке түсіру үшін конкурс жариялапты. Бірінші орынға 250 мың рубль тігілді. Біз мұны оқып, Жәкеңе өтініш айтып, «қатыс», дедік. Конкурсқа Өзбекстанның сол кездегі бас архитекторы Бабажанов төраға болды. Ол конкурсқа қатысушыларды аралап жүріп, Ж.Мәлібековтің эскиздерін жинап алып, мінберге шықты. Сосын Жандардың бір-бірі­не ұқсамайтын 7 жұмысын көпшілікке көр­сетіп, «міне, талант, міне қиял шыңы, міне, шығар­машылық жұмыс» деп, «осы жұмыстың авторына бірінші орынды белгілеңдер», – деді. Ақкөңіл, ақжарқын, жомарт Жәкең өзінен төмен оқитын 5 қазақ студентіне жүлдені теңдей бөліп берді. Міне, Ж.Мәлібеков сондай кеңпейіл, ақжарқын азамат. Осы қасиетін оның жақындары мен достары сезініп келеді».

P.S.: Елдік сананы Елтаңбамен өлшеп, мем­лекетшілдік рухтың асқақтауына үлес қосып, патриотизмнің асқақ рухын танытқан Жандарбек Мәлібеков қандай марапат алса да жарасады. Біз ағамызбен кезекті рет сұхбаттасу барасында осыны сезіндік.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
21 желтоқсан 2020 ж. 748 0