№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕТСЕК, ЕУРОПА ЕЛЕС ЕМЕС

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕТСЕК, ЕУРОПА ЕЛЕС ЕМЕС

Серік Досманбетов, "Қайсар" футбол клубының директоры:
Спорт деген сиқыр әуелгі басы ауыл баласының асық ойнап, доп қуып асыр салған дәуренімен басталады. Уақыт өте келе делебені қыздырған дүбір бәсеңсіп, бірен-саран ғана қызығушылықпен спортты серік етеді. Бразилия секілді мектеп бағдарламасында бар футбол ойыны біздің елде бабында емес, арнайы секцияларда ғана серпінді қолға алынады. Ауыл баласы үшін секцияға келіп-кету, талаптану әлі әлді дей алмаймыз, ары-бері қатынас ауырлау тиеді. Соңғы кезде «Қайсар» футбол клубынан ауыл-ауданнан қосылған жастардың төбесін байқап қаламыз. Соған қарап ілуде біреу болса да, доп шабандоздары ның әділ іріктеліп жатқаны рас екен-ау деп ойлаймыз. Біздің өткен-кеткен тарихты тірілтіп, футбол клубының директоры Серік Досмамбетовпен ашық-жарқын әңгіме құруымыздың себебі де осы еді. Өйткені бұқаралық сипаты жоғары бұл спортқа жеткіншектен жасамысқа дейін жанкүйер болып жүр, олардың көкейіндегі сұрақты біз қойып отырмыз.

– Серік Құттыбайұлы, қазақта «елу жылда ел жаңа» деген бар. Бұл орайда жарты ғасырлық "Қайсардың" шежіресін назарға алсақ, өткен мен бүгіннің аражігін жіктеп көрсек?
– Әрине, уақыт бәріне төреші, біз тарихты жоққа шығара алмаймыз, мақтанатын да, марқаятын да мезгілдер өтті. Елу деген кемелдену кезеңі, шеберлікті шыңдау шағы. Қазір спорттың талабы да өсті, техникалық мүмкіндік те артты. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Жер мен көктей айырмашылық бар. Дегенмен өткеннің сабағы болашаққа бағдар болып қалыптасты. Кімге болса да тарих деген тамаша тәмсіл ғой.
 1968 жылы "Волна" атауымен құрылған клубта бүгінге дейін 31 бапкер қызмет атқарған екен. Әр бапкердің сіңірген еңбегін ерекше деп бағалаймын. Осы аралыққа дейін Бірінші лиганы төрт мәрте бағындырдық, 1998-1999 жылдары "Қайсардың" қайта дәуірлеген шағында ел кубогын жеңіп алдық. Бұл тұста бапкерлік қызметте болған Әбіл Қалымбетовтың біліктілігіне ілтипат көрсетуге болады. Әбіл Арынұлының жетекшілігімен команда Азия кубогында ойнады. Бұл сында 1/8 финалға дейін жетіп, сол кезеңдегі ойыншылар мол тәжірибе жинақтады деп ойлаймын. Одан бөлек, 1998 және 2008 жылы өткен біріншілікте үздік төрттіктен көріндік. 2009 жылы команда Еуропа лигасында доп тебуі керек болатын. Белгісіз себептермен бұл додадан тыс қалып, орнымызға көкшелік "Оқжетпес" ойнауға мүмкіндік алды. Команданың №1 жанкүйері Қырымбек Елеуұлының қолдауының арқасында бүгінде "Қайсар" жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 2017 жылы алдыңғы алтылықтан орын алсақ, өткен маусымда үздік бестіктен көріндік. Сондай-ақ клубтың 50 жылдық мерекесін жоғары дәрежеде атап өттік. Мереке қарсаңында қазақ футболының аңыз аяқдопшыларымен жолдастық кездесу өткіздік.
– Жақында біз "Қайсардың" Түркиядағы дайындығын жанкүйерлерге жан-жақты жеткізген болатынбыз. Жалпы, теңіз жағасындағы теңбіл доптың аяқ алысы қалай?
– Қаңтардың 5-інен бері қызылордалық аяқдопшылар Қара теңіздің  жағасында жаңа маусымға дайындығын пысықтауда. Бас бапкер Стойчо Младеновтың нұсқауымен күніне екі мәрте жаттығу жасауда. Таңертеңгілік жаттығу физикалық бағытта өрбісе, түстен кейін техника мен тактикаға баса назар аударылады. 22 қаңтарда жаттығу жиынындағы алғашқы жолдастық кездесуімізді өткіземіз. Қарсылас – украиналық "Олимпик". Негізінде бұл командамен осы уақыт аралығында екі мәрте жолыққанбыз. Біреуінде тең түсіп, екіншісінде қарсылас сәл басымырақ болды. Украиналық командамен ойнауымыздың да себебі бар. Біздің біріншілікке қарағанда ол жақтың тартысы мықты. Сондықтан қауқарлы қарсылас қашанда тың тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.  
 – Былтыр сүйікті клубымыз үздік бестікке енді. Биыл командадан қандай нәтиже күтеміз?
– Жыл өткен сайын нәтиже жақсарып келеді. Биылғы чемпионатта жүлдеге қол созсақ деген мақсатымыз бар. Сол үшін тыңғылықты әрі тынымсыз тіршілік етудеміз. Бастысы, қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ қимылдасақ, техникалық жағынан түсіністік, бір-біріне деген сенім жоғары болу керек. Оның үстіне "Қайсардың" жанашыр жанкүйерлері жетерлік, олардың қолдауы командаға жігер сыйлайды. Жаңа маусымның жақсы қорытындысымен Еуропа лигасында өнер көрсетсек дейміз. Сол жолдама біздің бүгінгі бағалы үміт болып тұр!
– Байқасақ, маусымаралық үзілісте өзге клубтарға қарағанда трансферлік жаңалықтар біздің командада басымырақ. Жалпы, жаңа ойыншылар қалай іріктеледі?
– Ел біріншілігі аяқталмай тұрып, бас бапкер алаңдағы позицияның осал тұсын анықтайды, сол бойынша ойыншылар іздеуге кірісеміз.Бастысы, психологиялық әсерге төтеп беретіндей футболшыларды қажет етеміз. Сондай-ақ, жергілікті жерге ерте үйренуін, ұжыммен бірлесе жұмыс атқару шеберлігін бақылаймыз. Өткен маусымда ойнаған футболшылардың 80 пайызын сақтап қалдық. Көп жағдайда командаға тұрақтылық қажет. Оқу-жаттығу жиынында тәжірибелі ойыншылармен келісім шарт жасастық. Атап айтсақ, Марат Хайруллин, Иван Садовничий, арубалық Джон Джошуа, түлегіміз Өркен Махан. Жоғарыда айтқандай, маусым аяқталмай жатып, біз жан-жаққа назар салдық, біздің кем-кетігімізді толтыратындай талантты да таңдаулы азаматтарға көз тастадық. Соның нәтижесінде Джон Джошуаны таптық. Еуропаның белді клубтарында доп тепкен легионеріміз команданың жауапкершілігін мойнымен көтеруге лайықты. Сонымен қатар бірнеше ойыншы әлі қаралымда жүр. 
– Бүгінде балғындардың футболшы боламын деген арманы асқақ. Осындай үмітпен жүрген жеткіншектер қандай шартты орындауы тиіс?
– Қазір "Қайсардың" әр жасқа арналған футбол үйірмесі үздіксіз қызмет етуде. 2001 мен 2011 жыл аралығында туған жеткіншектер шеберлігін шыңдауға болады. Үйірмеге қабылдану үшін бапкерлердің аздаған шартын орындаса болғаны. Яғни, сынақтан сүрінбеуі шарт.
– Қызылорда футболын дамыту барысында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Жұмысың жемісті болу үшін ең алдымен қолдау қажет. Сыр спортында бұл мәселе түбегейлі шешілген. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен біздің футбол да қанат жайып келеді. Қазақ футболының барлық біріншілігіне команда қатыстыру қиын шаруа. Бұл жағы бізде оңтайлы шешімін тапты. Тұңғыш рет біздің облыс үш командасын бәйгеге қосты. Екінші лигада "Қайсардың" жастары ойнаса, бірінші лигада "Байқоңыр" клубы бақ сынайды. Екі команданың мақсаты – бас командамызға футболшы даярлау. Бұл жүйе өз жемісін беріп жатыр. Бүгінде "Қайсардың" құрамында екі клубтан түлеп ұшқан футболшылармыз бар. Мысалы, Марсель Исламқұлов, Нұрым Салайдин, Айбол Жақаев, Шоқан Абзалов, Бекзат Құрманбекұлы, Өркен Махан бар. Жоғарыға ұмтылу үшін балғындарға да жігер керек. Футбол үйірмесіндегі үздік 10 балғынға клуб тарапынан стипендия тағайындадық. Былтыр аудандардан клубтың академиясын ашуды қолға алдық. Қазалы ауданында үйірмеміз жұмыс істеп тұр. Футбол даму үшін Еуропаға қарап бой түзеуіміз керек. Стадионымыз стандартқа сай болуы тиіс. Бұл мәселе облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Олжас Азатұлының көмегімен  бірте-бірте шешімін тауып келеді.
– БАҚ-тан клубтың фан-шопы ашылады деген хабарды естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Рас, бұл ақпарат жанкүйерлер арасында желдей есіп жүр. Клубта фан-шоп болғанын өзім де қалаймын. Бірақ клубқа қаржы облыстық бюджеттен қаралғаннан кейін, мұны іске асыру қиынға соғып тұр. Дегенмен заңдылық шеңберінде барлығын анықтап жатырмыз. Егер аймақта фан-шоп ашамын деген кәсіпкерлер болса, толықтай қолдаймын.
– Серік Құттыбайұлы, жанкүйерлер командадан үздік ойын күтеді, өз кезегінде мақсаттарыңыз орындалсын және жаңа маусымда жағымды жаңалық көп болсын.
– Рақмет. Еселі еңбек етсек, Еуропа елес емес, биік мақсатқа жете берейік.

Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК
клубтың баспасөз қызметі 
www.fckaysar.kz
18 қаңтар 2019 ж. 681 0