Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АСТАНАМЕН МАҚТАНАМЫН!

АСТАНАМЕН МАҚТАНАМЫН!


Облыс әкімдігі мен облыстық ардагерлер кеңесі Астананың 20 жылдығы аясында байыпты бастамаларға ұйытқы болуда. Сондай игіліктің істің бірі – Жаңақорған, Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласынан 50 зейнеткерді Астанаға туристік саяхат жасауына мүмкіндік жасады. Елорданың көрікті жерлерін көруге ауданнан 20 елағасы аттанды. Олардың ішінде мен де болдым. Журналист болғандықтан Астанада түйген ой-пайымдарды қағазға түсіре беріппін.
Сонымен...
Жолға шыққан ардагерлерді теміржол вокзалында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен орынбасары Пахмадин Айнақожаев шығарып салды.
«Қызылорда-Көкше­тау» пой­ызына жай­­­ға­сып, Сарыарқаны бағытқа алдық. Көшбасшымыз облыстық ардагерлер кеңесінің менеджері Сандуғаш Тынымбаева. Ақсақалдардың денсаулығын №5 Қызылорда қалалық емханасының фельдшері Исагүл Бүркітбай ұдайы тексеріп тұрса, әнші-термеші Ізбасхан Дәулетхан жырдан шашу шашып, көңілді сергітті. Ал, «Gyzylorda» телеарнасының тілшісі Шакизат Сырым көрген-білгенін айтып, жолды қысқарта түсті.
Серілігін көрсетіп жүретін Ерекең (Ермағанбет Ибрагимов) баянын ала шығыпты. Оған домбыра құшақтап шыққан мен қосылып қазақ, өзбек, қырғыз әндерін орындадық. Жол көңілді болғандықтан ба, Астанаға көзді ашып-жұмғанша жеткендей болдық.
Астана вокзалына түсіп, «Kazzhol» қонақ үйіне аяндадық. Астананың күні оңтүстіктен келген меймандарды күтіп тұрғандай шуағын төгіп, жадырай түсті.
Елорданың көрікті жерлерін аралау­ды Әзірет Сұлтан мешітінен бастадық. Қазақстандағы ең үлкен мешіт күмбезінің биіктігі 51 метр екен. Мұнда бір мезетте 4000 азамат намаз оқи алады екен.
Одан кейін ұлттық кодтың кілті сақталған Ұлттық музейге келдік. Заманауи үлгіде салынған музейде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған құнды заттар қойылған.
Музейдегі жәдігерлер Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, алтын залы, ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, тарих залы, этнография залы және қазіргі заманғы өнер залында орналасқан. Музейді аралау барысында қазақ ұлтының тарихи танымын танып, зерде-зейінің кеңейі түседі екен.
Сосын Қызылорда облысы әкімдігі Астана күнінде сыйға тартқан «Байқоңыр» Ұлттық Ғарыш орталығында болдық. Орталыққа кірер жерде тұңғыш ұшырылған «Союз», мұнан кейін ұшырылған «Апполон», «Зенит» және «Боран» ғарыш кемесінің макеттері қойылған. Қайтар жолда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткен ғимаратқа соқтық.
Астанаға барған адам «Бәйтеректі» қалай көрмей кетсін. Ұлттық пәлсафада аспанға жалғасқан алып Бәйтерікті бейнелеген нысанға шығып, естелік суреттерге түстік. Ақсақалдардың балаша қуанғанына кәу болдым.
Екінші күнгі саяхат «Тәуелсіздік Сарайында» жалғасын тапты. Бізге жолбасшы болған жігіт салтанат сарайының мән-мазмұнына тоқталды.
«Думанның» ішіне кірген қариялар ондағы теңіз балықтарын тамашалады. Әсіресе, оларды теңіз жыртқышы акулалар қызықтырды.
Кешқұрым қонақүйдің фойесінде өткен қорытынды жиында жаңақорғандықтар атынан Зайнедин Әбусейітов, сырдариялықтар атынан Мектепхан Елеусінов сөйлеп, облыс әкімдігі мен облыстық ардагерлер кеңесіне ризашылығын білдірді.
Кері жолда сананы қалың ой тұмшалап, жан-жаққа жетеледі. Жылдан жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келе жатқан бас қала көркіне көз тоймайды. Бұл күндері бейбітшілік пен тұрақтылықтың тұғырына айналған Астанада әлемдік деңгейдегі алқалы жиындар жиі-жиі өтеді. Оларда адамзаттың түйткілді мәселелері сөз болады. Тоқ етерін айтқанда, қазақтың айбынын асырған Астанамен қалай мақтансақ та жарасады екен. Астанаға барған сапарда ойға осыны түйіп қайттым...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Жаңақорған-Астана-Жаңақорған.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 122 0