» » КІТАП – ОЙҒА ЖОЛ, ЖҮРЕККЕ СЫР

КІТАП – ОЙҒА ЖОЛ, ЖҮРЕККЕ СЫР


Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазынасы. Көркем шығарма оқыған сайын адамның ой-өрісі кеңейіп, танымы тереңдейді, жүрегіне ізгілік ұялайды. Әсіресе жас ұрпақты кітап оқуға баулу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы тағылымды бастамалардың бірі – «12 айда – 12 кітап» жобасы No167 орта мектебінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі, белгілі қаламгер Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» повесіне арналған әдеби-танымдық кеш өтті.

Тағылымды шараға Сыр аймағындағы мектептердің ұстаздары мен оқушылары қатысып, әдебиет әлеміндегі мазмұнды
кездесудің куәсі болды. Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Ол шығармаларында адам тағдырын, қоғам шындығын, адалдық пен әділеттілік мәселелерін шебер тоғыстыра білді. Әсіресе детектив жанрын қазақ әдебиетінде орнықтыруға айрықша үлес қосқан жазушының шығармалары оқырманын оқиға желісіне жетелеп қана қоймай, ойлануға,  саралауға, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратуға үндейді.
Әдеби кеш барысында оқушылар жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Қаламгердің әдебиеттегі орны, шығармаларының ерекшелігі, детектив жанрының табиғаты туралы танымдық әңгімелер өрбіді. Сондай-ақ «Түнде атылған оқ» повесінің мазмұны мен көтерген мәселелері талқыланып, шығармадағы негізгі идеяны ашуға бағытталған сұрақтар қойылды.
Шығарма желісі бойынша арнайы әзірленген подкасттың ұсынылуы да кештің мазмұнын байыта түсті. Қазіргі заман
жастарына жақын форматты пайдалана отырып, оқушылар әдеби шығарманы жаңа қырынан таныды. Бұл – дәстүрлі кітап оқу мен заманауи ақпараттық мүмкіндіктерді сабақтастыра білген тиімді тәсілдің бірі. Мұны мектеп мұғалімі Ардақты Камак
қортындылады.
Кеш барысында оқушылар өз ойларын ортаға салып, кейіпкерлер әрекетіне баға берді. Шығармадағы оқиғалар желісін
талдай отырып, оның астарындағы адамгершілік, жауапкершілік, адалдық секілді құндылықтарға назар аударды. Сұрақтарға
жауап беріп, өз пайымдарын білдірген жас оқырмандардың әдеби шығармаға деген қызығушылығы анық байқалды.
Мұндай шаралардың мәні – белгілі бір кітаптың мазмұнын талдаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, оқушыны кітаппен дос болуға, көркем шығарманы түсініп оқуға, оқығанын өмірмен байланыстыра білуге тәрбиелейді. Себебі кітап оқыған бала дайын ақпаратты қабылдаушы ғана емес, ойланатын, салыстыратын, пікір қалыптастыратын тұлға болып қалыптасады.
Кеш соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Береке Абшенова оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Қаламгер шығармасын зерделеп, белсенділік танытқан оқушыларға жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Марапат мінберінде 1 орын
Гүлжайна Табынбайға, 2 орын Нәзік Нұрмахан мен Нұридин Батырханұлына, 3 орын Ақерке Оразбек, Айшабибі Омар, Раяна Әбдіғаниға бұйырды. Сондай-ақ, қалған талапкерге «Алғыс хаттар» тапсырылды.


Мақпал МАРҚАБАЙ
06 қазан 2026 ж. 58 0