АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕГЕН АНА

Осыдан ширек ғасыр бұрын кент орталығындағы Мәдениет сарайында ақын Мұхтар Шахановтың халықпен кездесуі өтіп, сонда Нағима құрдасымыз құндақтағы ұлы Мұқағалиды көтеріп кеп, шараның соңында бөбегіне заңғар ақынның батасын алып қалып еді.
Атасы күйші еді, негізіне тартып өнерге бір иығы бұрып тұратын балақанды домбыра сыныбына оқуға берді. Өзі музыкаға жақын, ақынжанды ұл ұғымталдығымен мінезді боп ер жетті. Сабақты да жақсы оқыды.
Нағима құрбымыздың мамандығы журналист болғанымен қарауындағы кәрі ана, жас баласымен мүмкіндігі болмай аудандық газетте жүрген жерінен мектепке лаборант болып ауысты. Кейін кент әкімшілігінде істеді. Қайткенде бір жанұяның асыраушысы еді. Анасы да өмірден өтті. Ол барын салып жүріп жалғыз ұлды Шымкент қаласындағы медициналық колледжде оқытты.
Ұлы жанында жүргенде одан бақытты адам жоқ еді. Мәселе енді басталды. Қасындағы қарайған қарашығын әскерге алып кетпек. Военкомның алдына барып көз жасын көл еткен не сән? «Ұлыңыз ертең-ақ барып сақадай солдат болып қайтады. Неге уайымдайсыз?» деп түсіндіріп баққан қызметкерлердің сөзі мыйға кірер емес.
Соңғы шешімді Мұқағалидың өзі айтты. Шығармашылыққа жақын болған соң ба, жоқ кітаптарын құшақтап оқып жүргеннен кейін бе, түсіне Бауыржан атасы жиі кіріп ақыл-кеңес беріп тұратыны қызық. Бұл жолы да қаһарман атасы қарап қалмады, түсіне кіріп «Бала, көп сөзді тоқтат, әскерге қайқай» деп команда беріпті. Сонымен бір күнде аттанып кеткен.
Маңғыстау облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп қайтқан баласын күтіп алып, мәре-сәре болған ананың қуанышын бөлістік.
Шіркін, ананың жүрегі-ай. Мұқағалидың да жүзінен бақыттың лебі еседі. Мына дүниеде кез-келген кем-кетігіңді толтырып жіберетін құдіретті күш – ана мейірімінен артық не бар екен?
Әзірге «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен аудандық емханада еңбек жолын бастаған елгезек жас әріптестері арасында мақтаулы. Іске сәт, Мұқағали!
Баян ҮСЕЙІНОВА




