Құрылтай

№56 (8970) 28

28 шілде 2026 ж.

№55 (8969) 25

25 шілде 2026 ж.

№54 (8968) 21

21 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Жаңақорған ауданында инженерлік инфрақұрылым нысандары жаңартылуда

Жаңақорған ауданында инженерлік инфрақұрылым нысандары жаңартылуда


Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және халыққа жайлы орта қалыптастыру — жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстарды үйлестіру мен бақылау мақсатында бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбек өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инженерлік инфрақұрылым нысандарын арнайы аралап, құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен жеке танысты.

Аудан басшысының жұмыс сапары ең алдымен Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» мөлтек ауданынан басталды. Бұл аймақ халыққа жаңадан берілетін баспана орындары болғандықтан, мұндағы инфрақұрылымның сапалы әрі уақытылы жүргізілуі ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда бұл жаңа мөлтек ауданда тұрғындарға табысталатын 1500 жер учаскесін толықтай инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы электр қуатымен қамту мақсатында электр желілерін тарту ісі жоғары қарқынмен аяқталуға жақын. Атап айтқанда, алдағы кезеңде мұнда ауыз су желілерін жүргізу, табиғи газ қосу және автокөлік жолдарының құрылысын толық аяқтау жоспарланған. Жаңақорған ауданы әкімдігі тарапынан инфрақұрылымы толық аяқталмаған жерлерге үй салуда қиындықтар туындамас үшін барлық инженерлік желілер мен жол құрылысы 100 пайыз біткеннен кейін ғана бұл жер учаскелері халықтың игілігіне табысталады деп шешілді.

Одан кейін аудан басшысы Ғалымжан Жарқынбек сапарын Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм елді мекенінде жалғастырды. Бұл ауылдағы басты мәселелердің бірі — жылдар бойы жаңартылмаған электр желілері болатын. Бұл түйткілді шешу үшін жалпы құны 257 миллион теңгені құрайтын ірі жоба қолға алынып, тозығы жеткен электр инфрақұрылымын толық жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Бүгінгі таңда жоба аясында ауқымды істер атқарылып, елді мекенге су жаңа қосалқы стансалар орнатылды. Сонымен қатар 19,5 шақырым жоғары кернеулі және 6,5 шақырым әуе электр желілері тартылып, желінің сенімділігін арттыру мақсатында 538 темірбетон бағана бой көтерді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен электр сапасын арттыру үшін 75 тұрғын үйге кірме электр сымдары толықтай жүргізілді. Қазіргі уақытта мамандар нысандарда найзағайдан қорғау құрылғыларын орнату бойынша соңғы жұмыстарды атқаруда, ал жалпы құрылыс дайындығы 90 пайызды құрап отыр.
Аралау қорытындысы бойынша аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек тиісті сала басшыларына, жауапты мамандарға және мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын ұдайы қатаң бақылауда ұстауды талап етіп, барлық инфрақұрылымдық нысандарды бекітілген кестеге сәйкес белгіленген мерзімде толық әрі сапалы пайдалануға беруді тапсырды.




29 шілде 2026 ж. 34 0