
Жақында бір әріптесім ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін алды. Еңбектің бағаланғаны жақсы. Сондықтан бәріміз қуанып қалдық.
Алайда марапат туралы құжатты көргенде аздап таңғалдым. Өйткені алғашында мұны мемлекеттік награда – «Еңбек Даңқы» ордені деп ойладым. Кейінірек зерттей бастағанда қызық жайтқа тап болдым.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалар туралы» заңында мемлекеттік наградамен наградтауды Президент жүзеге асыратыны нақты көрсетілген. Сондай-ақ заңда «Еңбек Даңқы» орденінің үш дәрежесі бар екені және оның барлық үш дәрежесінің иегері «Қазақстанның Еңбек Ерігне» теңестірілетіні жазылған.
Ал әріптесім алған марапатта Өнеркәсіп және құрылыс министрінің қолы тұр. Сөйтсем, бұл мемлекеттік награда емес, министрліктің ведомстволық марапаты екен. Оның атауы да – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі.
Мені таңғалдырғаны – мемлекеттік награда мен ведомстволық марапаттың атауының өте ұқсас болуы.
Бірінде – «Еңбек Даңқы» ордені, екіншісінде – «Еңбек даңқы» төсбелгісі.
Екеуінің де дәрежелері бар. Сырттай қараған мәліметтермен жұмыс істейтін журналистің өзі шатасып отырса, қарапайым азаматтың шатасуы әбден мүмкін.
Әрине, кез келген адал еңбек құрметке лайық. Министрлік марапатының да өз орны, өз салмағы бар. Бірақ мемлекеттік награда мен ведомстволық марапаттың ара-жігі атауынан-ақ анық көрініп тұрғаны дұрыс сияқты.
Әлде мен ғана шатастым ба? Сіздер қалай ойлайсыздар?
Нұрлат БАЙКЕНЖЕ